Үмітхан Мұңалбаева: Қазақ үшін жылқы – тектіліктің нышанына айналған

3272
1
Бөлісу:

Қазақ халқының ат ұстау мәдениеті ел аузындағы әңгімелерде, батырлар жырында, хисса-дастандарда, ақын-жазушылардың шығармаларында жиі кездесеседі. Сол себепетен де, ата-бабамыз «ер қанаты – ат» дегенді тегіннен айтпаса керек.

Қазақ халқының атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы сонау бағзы замандардан тарағаны белгілі. Бұған «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары дәлел бола алады. Зерттеу нәтижесі халқымыздың жылқыны тұңғыш рет осы кезеңде үйреткені анықталды.

Ту ұстаған жауынгер де, ел бастаған көсемдер, сөз бастаған шешендер де атты пайдаланған. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ат ұстау мәдениетіне қатысты былай дейді: «Сарбаз бен оның мінген атын қорғауға арналған сауытты да алғаш рет біздің бабаларымыз жасаған. Еуразия көшпенділерінің айрықша маңызды әскери жаңалығына баланған мұздай темір құрсанған атты әскер осылайша пайда болды. Отты қару пайда болып, жаппай қолданысқа енгенге дейін атты әскердің дамуы біздің дәуірімізге дейінгі І мыңжылдық пен біздің дәуіріміздің І ғасыры арасында көшпенділердің ұзақ уақыт бойы бұрын-соңды болмаған жауынгерлік үстемдік орнатуын қамтамасыз еткен жасақтың ерекше түрі – айбарлы атты әскердің қалыптасуына ықпал етті».

Тарихи деректерге сүйенсек, ерте замандағы халықтың жылқы шаруашылығымен айналысқаны айтылады. Бұған археологиялық зерттеулер дәлел бола алады. Бірнеше ескі көмбелерден, ас пісіретін жер ошақ маңынан жылқы сүйектері табылған. Мәселен, біздің заманымыздан екі мың жыл бұрын Андронов мәдениеті кезінде, Қостанай облысы Алексеевка ауылының маңында жылқы тұқымы болғаны анықталып отыр.

Ал, Шығыс Қазақстан облысының Малая Красноярка ауылында, Батыс Қазақстандағы Покровка ауылыдарының маңында жануарлар сүйектерінің арасынан жылқының сүйектері табылады. Сонымен қатар Алматы, Жамбыл, Шымкент облыстарындағы ел мекендеген жерлерде жылқы сүйектерімен бірге, аттың әбзелдері, ер тұрманы және т.б. заттар зерттеулер нәтижесінде анықталды. Батыс Қазақстан жылқыларына дон, астрахань, кавказ жылқыларын қоса пайдаланған. Жетісу жеріндегі жылқыларға моңғол, торғауыт жылқыларының тұқымы көбірек араласты.

Тарихшылардың айтуына қарағанда, қазақ жерінде сансыз көшпелі тайпалар мекендеген. Мәселен, сақтар,массагеттер, аландар, иссадондар өмір сүрген. Олар да жылқы малын керегінше пайдаланған.

Кезінде Ақан серінің «Құлагер» аттты поэмасында аттың жүйріктігін сынайтын Күреңбай туралы Ілияс Жансүгіров жақсы жазған.

Жануар жүйрік екен жылқы малдан,

Жері ұзақ, күші алдында, өрен жүйрік,

Бітімін өзі айтып тұр жануардың

Келіскен кескін мынау омыраудың…

Ақын, әнші, композитор Ақан сері жылқыға қатысты сынды осылай алады. Күреңбай сыншының Құлагерді Көкшетаудың көрікті жылқысы, құлан жал, бұлан мойын, қой жұтқыншақ, қоян жон, жазық жая, жауырынды жануарға теңеген.

Тегінде қазақтың қай жылқысын алса да денесінің ерекше шымырлығы, ауа райының қандай қатал жағдайына болса да төзімділігі, жем-шөп талғамайтындығы және жыл бойы жайылымда күйін аздырмайтыны бар. Ерекше сипаты сол қазақ жылқысының арқасы берік, шабы қысқа, дене тұрқы ұзындау болып келеді. Аяқтары берік, жуан әрі сүйекті. Тұяқтары кішілеу болғанымен шымыр келген. Әлсіз тұяқты жылқылар тек топырағы жұмсақ, құмды жерлерде кездескен. Қазақ жылқысының түсі де әртүрлі. Көбіне торы жиен, көк, қара, құла, бурыл, сұр, сары түстілер бар. Тұқымы да әртүрлі болып кездеседі. Кезінде Каспий теңізінің жағалауында адай жылқыларымен бірге, теке және жәуміт жылқылары да кездеседі. Ал адай жылқысын көбіне Маңғыстау, Атырау өңірлерінде байқауға болады.

Алпысыншы жылдардың ортасында көшім жылқысы мен қазақ жылқысының салыстырмалы көрсеткіштері жасалды. Қазақ жылқысының салмағы орта есеппен 360 кг-ды көрсетсе, көшім жылқысының салмағы 100-120 кг-ға артық болған. Яғни, 460-480 кг. Нақтылай айтқанда, 1168 қазақ жылқысына көшім жылқысының 500-і тең келген. Көшім жылқысының тағы бір ерекшелігі бір тәулікте 280 километрден астам алыс жолға шыдай береді.

Десек те, бұл қазақ жылқысының әлсіздігін көрсетпейді. Қазақ жылқысының жаңа түрлері де шығып жатты. Мәселен, Қостанай жылқысы салт мінетін мықты жылқылардың қатарына қосылды. Деректерге сүйенсек, азамат соғысы кезінде дәл осы жылқылар жойылып кетуге ұшыраған екен. Бұл жөнінде қарт жылқышы Жұмабай Көшекбаев айтқан. Қостанай жылқысының бірнеше түрлері болған: Зевс, II- Бек, Букет, Буревлад, Талант, Тапи-Вер, Умница, Тегеран, Табак, Тайфун және т.б. Байқап отырсаңыздар жылқылардың аттары өзгеше, қазақи аттардан емес. Бұған себеп, Кеңестік Үкімет кезінде қолға үйретіліп, ұсталған жылқылар болып табылады.

Отанымызда тағы бір өсіріліп шығарылған Буденный жылқысы туралы да айтпай кету мүмкін емес. Сапасы жоғары жаңа тұқым ретінде қолданылып келді. Сонымен қатар жылқы шаруашылығымен айналысқандар жылқының сапасын жақсарту үшін қолға үйретілді. Қазақстанның барлық өңірлерінде өсірілген. 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысының тұсында халқымыз асыл тұқымды жылқымен кеңінен таныса бастаған. Сондай-ақ, Қазақстанның табиғаты мен ауа райына төзімді болған. Жалпы алғанда Буденный жылқысының шыққан жері Сальск даласы. Күй талғамайды, далада немесе жорық жағдайларында кездесетін қандай қатал ауыртпашылықтарға шыдамды. Тағы бір артықшылығы өте сымбатты.

Сымбатымен ерекшеленетін тағы бір жылқы Дон жылқысы деп аталады. Маңдайы томмпақ, көздері үлкен, құлақтары орташа, жұқа, арқасы тегіс, жауырыны қысқа. Бұл негізі ноғай жылқысы. Салт жүріске нағыз қолайлы, жорықтарға шыдамды. Жылқының бұл тұқымы Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан өңірлерінде мекендеген.

Қазақстанның солтүстік далалы жерлерінде өскен жылқылардың бірі Қарабайыр жылқысы. Негізі шыққан жері Өзбекстан. Көбінесе көк, боз, торы және жирен түсті келеді. Олар әрі күшті, жүрдек болып келеді. Жылқының жүйріктігін кезінде байқаған ғалымдар мынадай тұжырымға келіпті. 1000 метр жерден 1 минут 9 секундта, 1600 метр жерден 1 минут 57 секундта, 3200 метр жерден 4 минут 5,6 секундта келген.

Қазақ жерінде тағы бір қоныс аударған Ақалтеке – түркімен жылқысын айтуға болады. Түркімендер бұл жылқыны негізгі жылқы ретінде пайдаланған. Ақалтеке жылқысы Жамбыл өңірін жерсінген болатын. Шөл және шөлейт жерлерге шыдас беретін өте бағалы жылқы, ыстыққа төзімді, ұзақ жолға шыдамды.

Бұлардан бөлек қазақ жерінде аттың басқа түрлерін де кездестіруге болады. Таза қанды салт мінетін жылқылар нағыз жүйрік болып келсе, желісті жылқылар жаңа жердің ауа-райына көндігеді, ыстыққа-суыққа шыдамды.

Осылайша қазақ халқы үшін жылқы малының маңызы зор. Оның ұлттық сана-сезім, рухани болмыс, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, мәдениет пен өнерінің тұтас бір бөлшегіне, тектіліктің нышанына айналғалы қашан.

Үмітхан Мұңалбаева,

педагогика ғылымдарының докторы, профессор

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

1 пікір жазылған

  1. Зейнолла Абажан 8 Наурыз, 2019 09:31 Жауап

    Жылқы ең таза, ең ақылды, ең текті, ең қасиетті – жануар! Әттең, жылқы мінезді қазағымыз өз тектілігін жоғалтып бара жатыр….

Пікір немесе жауап жазу