Бүгін Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туған күні

Бүгін, яғни 5 наурыз күні Алашорданың көсемі, ірі мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханның өмірге келгеніне 153 жыл толып отыр, деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов – көрнекті қоғам қайраткері, Ресейдің жергілікті және қалалық қоғам қайраткерлері съезінің депутаты, Ресейдің I Мемлекеттік думасының және мұсылман халықтары съезінің депутаты, IV Мемлекеттік думаның мұсылман фракциясының Бюро мүшесі, Санкт-Петербор масоны, қазақтың 20 ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысының негізін салушы әрі көсемі, халқымыздың тұңғыш саяси Алаш партиясының ұйымдастырушысы және ұлттық Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, ғұлама ғалым – ормантанушы, экономист, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы, әрі дарынды публицист.

Ә.Н.Бөкейханов 1866 жылы 25 наурызда Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7-ші ауылында дүниеге келген. Бұл қазіргі Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданына қарасты Қаратал ауылы. Ол қазақтың ақырғы ханының бірі Бөкейден тараған ұрпақтың төртінші буыны, Бөкей ханның шөпшегі.

Әлихан Бөкейханов 1918 жылдан бастап өзiнiң Алашорда үкiметiнiң төрағасы қызметiне байланысты Семейде тұрды. Ол Алашорда үкiметiнiң Ұлт Кеңесi, Семей облыстық кеңесi, облыстық және уездiк Земство басқармалары, Алаш қалалық Думасы мен Алаш қалалық қоғамдық басқармасы тәрiздi болашақ мемлекеттiк басқару жүйелерiн құруға қатысты қыруар iстер атқарды. Сондай-ақ Алаш милициясы мен атты әскер полкiн құруда да елеулi еңбек сiңiрдi.

1937 жылдың 27 қыркүйегінде Қазақстан Кеңестік Республикалар Одағы Жоғарғы Сотының Әскери Коллегиясы «возглавлял контрреволюционную борьбу против Советской власти, устоновил связи с руководителями террористического центра в Казахстане и в Москве» деген жалған айыппен қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаған аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов елінен тыс жерде – Мәскеуде өлім жазасына кесілсін деген үкім шығарды.

Соңғы тергеуде Алаш партиясы мен кеңестік билікке қарсы әрекеттеріне байланысты барлық жауапкершілікті өз мойнына алған Бөкейханов ақтық сөзінде «Кеңестік билікті сүйген емеспін, бірақ мойындауға мәжбүрмін» деп мәлімдеді. Үкім сол күні-ақ жүзеге асырылды. Сөйтіп, жаңа үкімет Алты Алаштың көсемі Ә.Бөкейхановты өлім жазасына кесе отырып, қазақ халқының ұлттық, ұлт-азаттық қозғалысының күре тамырын шауып тұншықтырмақ болды, қазақтың ұлттық намысын, сана-сезімін аяққа таптамақ ниетін танытты.

Ә.Н.Бөкейханов 1955 жылы 8 қыркүйекте толықтай ақталған. Бірақ КГБ осы жаңалықты халықтан 34 жыл бойы жасырып келді. 1989 жылы қайта отырыс өтіп, Бөкейханов тағы да ақталады.