Сайрагүл ісінде АБЗАЛДЫҢ ЕҢБЕГІН ЖОҚҚА ШЫҒАРУ – АДАМГЕРШІЛІК ПЕ?

Өмірхан Алтын мырзаға жауап

Астанадан алыста, екі-үш апта ем алып жатуыма байланысты  интернетке кірмей қалып едім, Үкімет ауысып кеткеннен бастап, талай жәйттар орын алыпты.  Оның ішінде Сайрагүл мәселесіне байланысты маған да біраз «әңгіме» айтылып, біреулер жырғап қалып жатыр екен... Енді толық жауап берудің реті келіп тұрған секілді. Қазақ Елінен пана іздеп қашып келген Сайрагүл Сауытбай өзін Жаркенттегі сотта Қытайға жібермей алып қалған алғыр адвокат Абзал Құспаннан бас тартқанда шын жанашырлары шырылдап кеткен еді. Сол кезде менің газет емес, сайт емес, әлеуметтік желі емес, уатсаптағы «Тілектестер» тобына жариялаған "САЙРАГҮЛ АБЗАЛДАН АЙРЫЛҒАН КҮНІ САЙРАГҮЛДЕН ДЕ АЙРЫЛЫП ҚАЛМАЙЫҚ!" деген, кейін фейсбуктағы парақшамдағы «САЙРАГҮЛ ТАҒДЫРЫН САУДАҒА САЛМАЙЫҚ!» атты жазбам «жалпыхалықтық» талқылауға айналып кетіпті... Менің қателігім, «Тілектестер» тобына  Германиядағы қандасымыз Өмірхан Алтынның «Сайрагүлдің  елде қалуын шешкен  шетелдік халықаралық ұйымдар» деген видеосын салған Серікжан Біләшұлы болған соң, видео алдындағы менің атымды жазбаса да, менің жоғарыдағы Абзалдың еңбегі туралы постыма қарсы жазбаны да сол жазған екен деп қалғаным. Сонымен, Өмірхан Алтын  екеуінің бірлескен жауабы ретінде қабылдадым. Сөйтсем, ол  «қыжыртпаны» жазған  жолдан қосылған  Жолымбет Мәкіш деген екен... Сол кезде белгілі режиссер Еркін Рақыштың  Өмірхан Алтынның  айтқандарына қарсы дәлелді жауабы өз  парақшасында  жарияланды. Мен Еркін Рақышты қолдап, өз пікірімді жарияладым. Содан соң ем  алуға кетіп қалып, бәрінен хабарсыз қалыппын. Сонымен, Германиядағы қандасымыз Өмірхан Алтынға Еркін Рақыштың посты да, тіпті оған жазған менің пікірім  де қатты ұнамай қалыпты.. Оның бұл туралы  видеожауабын бүгін көрдім. Өмірxан бауырымның жауабынан оның  менің сөзімнен кінә арқалағандай шырылдап тұрғаны анық байқалады.  Оның өзі оның жаны шын мазасызданып жатқанын (кейбіреулер секілді ойын емес)  білдіреді. Оның үстіне Өмірxан Алтынды ең көп жариялап, насиxаттаған " Қазақ үні" газеті мен  Qazaquni.kz  ұлттық порталы екенін  ол кісі жақсы біледі деп түсінемін. Мен сөзімде азаматтық пен адамгершілік туралы айтқанымда оны тек Өмірxан бауырыма байланысты ғана айтқан жоқпын, жалпы қазіргі қалыптасқан  тенденцияға байланысты айтқанымды сөз түсінетін  Қазақтар айқын  түсінді деп үміттенемін. Алдымен, Өмірхан бауырымыз Еркін Рақышқа қарсы еркін «көсіліпті». Одан соң, кезек біз пақырға келіпті... Экраннан екпіндеп, саусағын қайта-қайта безегенде, Еуропаның зиялысы емес, біздің ауылдың біргәдірі еске түсіп кете береді екен...   Өмірхан Алтын мырза, сіздің айтуыңызша Қазақстанда болып жатқан Сайрагүл сотының  тағдырын  тек қана шетелдік халықаралық ұйымдар шешкен болса, Қазақ қызын Қытайға бермейміз деп дүр көтерілген Қазақ халқы не істеп жүрген сонда? Адвокат Абзал Құспанның қандай алапат еңбек еткенін ел жақсы біледі.  Ұшақ үш жарым сағат ұшатын сонау Оралдан талай ұшып келіп жүрді.  Оның  Алматыға алғаш ұшып келе жатқанын маған түнгі 3-4 шамасында Серікжан Біләштің өзі айтты. Себебі, Сайрагүлдің күйеуі  Уәли құқық қорғау орындарынан қорқып, қарсы болып, тулап отыр екен. «Күйеуін қайтсеңдер де көндіріңдер» деген болатынмын. Абзал осының бәріне, еңбегіне де Сайрагүлден  бір тиын алған жоқ. Ол ұлттық мүдде жолында жанып кететін жалынды жігіт. Оған талай куә болғанбыз.  Халықаралық ұйым керек болса, Сайрагүлді сауатты да, жауапты, білікті қорғай білген ұлтшыл заңгер Абзал Құспан Біріккен Ұлттар Ұйымының ана мен балаға, отбасы қауіпсіздігіне жауапты халықаралық  ұйымдарын іске қосып,  олармен байланыс жасады.  Сайрагүл Сауытбайдың елде қалуында Абзалдың еңбегі жоқ деу үшін арсыз болу керек шығар... Мен бұл жерде бұл сөзді сізге емес, жалпы айтып жатырмын.   Бұл ұнасын, ұнамасын, кімге болса да, айтарым осы! Сайрагүл соты кезінде  қаншама халық, кәрі-жас демей, шілденің шіліңгір ыстығында  350 шақырымдағы Жаркентке барып жүрді?!. Оларды ол жақта құдалары күтіп жатқан жоқ, күні бойы сот ғимаратының алдында сандалып жүруі оңай ма? Менің  өзім Астанада болғасын, әйелім Жәннат Мырзаны өзі секілді Желтоқсан ардагерлерімен қосып, баламның жұмысын тастатып, бір мәшине етіп жібердім. Қасындағы әйел кісілердің кейбірінің жасы  алпыстан асып кеткен... Олардың  сот алдынан сұхбат бергені «Қазақ үні» сайтының видео бөлімінде тұр...  Жәннат Абзал Құспанның  жаһанға сұрау салуымен,  қайда жатқанын ешкім білмей қалған Сайрагүл Сауытбайдың  Жаркент түрмесінде жатқанын  туыстары арқылы анықтап, алғаш тауып берген адам. Мысалы, белгілі қоғам қайраткері Серік Сапарғали денсаулығына да қарамай, жаздың қапырығында өзі ғана бармай,  фейсбукта елді ұйымдастырып, апарып жүрді.  Сайрагүл тағдыры толғандырмаса, ол солай қайрат көрсетер ме еді? Маған сенбесеңіз, өзіңіз жариялаған видеоның астындағы пікірлерде сізге жауабы тұр.  Іздеп, алтын уақытыңызды кетіріп, әуре болмай-ақ қойыңыз, жариялай салайын: «Өмірхан мырза! Мен Сізді сыртыңыздан сыйлап жүргенмін... Бірақ, мына видеоны көріп таң қалып отырмын. Сіз, ақылды адам бола тұрып, қалай Сайрагүлдің тағдырын ойыншық қыласыз? Ол деген жер мен көктің, өлім мен өмірдің арасында ілулі тұрған байғұс әйел ғой! Ол айтатынын бәрін сотта, бүкіл халық алдында айтты, енді оны тағы да бірдеңеге итермелеу - нағыз имансыздық деп есептеймін! Біләшұлымен бәрі түсінікті, ол кез келген заттан өзіне пиарды керемет істейді. Оны тыңдасаң, бүкіл дүние жүзі соның ауызына қарап отыр. Жаңаөзен туралы пікіріңіз де қате. Ереуіл кезінде Европарламентте мәселе көтерілді, тіпті мұнайшылар сонда барып қайтты, Жаңаөзенге Европароламенттің екі депутаты келіп кетті, Облыс әкімімен кездесті, сондай бір Польшадан депутат Ақтаудағы сотқа да қатысты. Тіпті, әнші Стинг Астанаға концертке барудан бас тартты. Соның өзі Сіздің ондағы жағдайды жақсы білмейтініңізді көрсетті. Сіздің сол кезде қазақ халқына, Маңғыстауға қолдау көрсеткенізді неге еш жерден естімедік? Сөйлейтін ҰЙЫМ жоқ дейсіз. Бұл күлкілі сөз... Сіз Германиямен Қазақстанды шатастырған жоқсыз ба? Еркін Рақышевпен мен дос емеспін, бірақ мына үш пікірін де толық қолдаймын. Ал Абзал Құспан Жаңаөзен халқын қорғауға барған санаулы заңгердің бірі. Ол сынақтан өткен Азамат!»-дейді Серік Сапарғали. Әрине, сіз айтқандай шетелдік халықаралық ықпалды ұйымдардың да әсерін жоққа шығармаймыз? Сіздің Еркін Рақышқа  ежіктеп, қайта-қайта айтқан сөзіңізде: «Сайрагүлді алғаш  тапқан Серікжан Біләшұлы» депсіз. Ал оған кім қарсы болып отыр? Серікжанның да, Қыдырәлі Оразұлының да Қытайдағы қазақтарды қорғаудағы еңбегін  мен жақсы білемін.  Серікжан Сайрагүл тағдырын алғашқылардың бірі ретінде маған да хабарлаған.  Содан соң  Нұргелді Әбдіғани Абай.кз сайтында  хабар жариялады. Мен «Қазақ үні» сайтында  «ЕЛІМ деп ЕҢІРЕП КЕЛГЕН ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІН ҚЫТАЙҒА ҚАЙТАРУ – АЖАЛҒА АЙДАУ!» атты бір күнде 20 мыңдай адам оқыған  өткір мақала жарияладым. Содан  бүкіл халық үн қосып кетті. Ал Жаркенттегі  сот кезінде белгілі тележурналист Сәуле Әбілдаханқызы  тікелей эфир арқылы бүкіл елге хабар таратып, елдің еркін білдіріп отырды. Тап бір Ұлы Отан соғысы кезіндегі ел Информбюродан Левитанды  тыңдағандай  күтіп жүрді ел. Бұған сенбесеңіз, 1 тамыз күні Сайрагүл Сауытбай соттан шығып келгенде  Қыдырәлі Оразұлы мен Серікжан Біләшұлы бастаған  «Атажұрттықтар» Алматыдағы  «Алатау» мейрамханасында  атап өтті. Ең бірінші маған сөз берді, ютубта жүр. Сол тойдың видеосын көрсеңіз,   менің  осы айтқандарымды  Серікжан Біләшұлы жақсылап тұрып, әдемі  айтып берген. «Ал адвокатқа да көп нәрсе байланысты екенін Абзалдың әр қиын, ұлттық мүддені қорғаған жеңістерінен де, кешегі кінәсіз сотталып кеткен "Гауxар Әлімбекова" ісінен де аңғаруға болады»-деген сөзіме, алғашқы видеоңызда Сайрагүлдің босауына ең алдымен Тәуелсіз сот... ықпал етті деген  сіз енді: «Биліктің айтқанымен істейтін тәуелсіз сот болса, онда Сіздің айтқан адвокаттың қандай ықпалы болады? Бұл мәселеде сіздің айтып отырған адвокатыңыз  не шешеді?»-деп жауап қайтарыпсыз. «Биліктің айтқанымен істейтін тәуелсіз сот» -деген сөзді де, (биліктің айтқанымен істесе тәуелсіз болады ма?), бұл жерде қай адвокатты айтып отырғаныңызды да түсінбей отырмын. Менің айтқаным, егер Гаухардың адвокатының орнында Абзал болса, ақтап алар еді деген ой.  Менің ол сөзімді кез келген адам ұғына алады.. Сонымен, Сайрагүл мәселесімен сайрап отырған Өмірхан Алтын мырза  кенеттен «халықтың көзін аша» жөнеледі... «Ренжімесеңіз, мен сіз туралы бір мәселені айтып, халықтың көзін ашып берейін» деп соғып жіберді... «Ойпырмай» дейтін-ақ жағдай ғой. Тыныштық сақтап, назар аударыңыздар! Бұл кісі не дейді екен? Сөйтсек, «қысылғаннан қыз болдық» дегендей, басқа дым таппағасын, Сайрагүлге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын... банк мәселесі екен. Басында мен ойлап қалдым, шетелдегі офшордағы миллиондарымды біліп қойып, «халықтың көзін ашатын» болды ғой деп...  Бұл адамдар бәріне де бара береді екен-ау.. Кеше бүкіл қазақтың қабырғасын қайыстырған Астанадағы өртеніп кеткен бес періштені сөз етіп отыр!!? Сондағысы, «сіз сол қайғылы отбасының қарызын кешірген Каспи банкіні жарнама жасадыңыз» деп тұр... Күлесің бе, жылайсың ба? Бес періште қазасына қайғырмаған адам жоқ. Қаншама ақын жаны жылап жыр жазды? Соның ішінде ол оқиға туралы үкіметтен бастап, министрлерді сынаған бірнеше мақала жазған менің «Жер бетінде періштеге жоқ орын» атты жүректен шыққан жырымның алдымен аудиоға, кейін видеоға айналып, бүкіл елді күңірентіп кеткенін Германияның саялы қаласында салқын  үйде  Қазақстанға компьютер мониторынан  қарап отырған шенеунік қайдан білсін... Сіз олай біздің жанды жерімізге тимеңіз. Әрине, сіз түйсіксіз адам емессіз, менің банк туралы не үшін жазғанымды жақсы біліп отырсыз. Бірақ  бір  отбасының ғана емес, бір елдің қайғысына айналған қасіретті бар болғаны  жеңерақы үшін пайдалануыңызды қалай түсінуге болады? Бес баладан тірідей айрылыған қайғылы отбасының енді төбесінен төрт банк қарызы төніп тұрғанда, кешірім жасаған Каспи банкке елдің бәрі риза болды. Жауыңа тілемес ауыр қасіретті қайғыға душар болған отбасыға адамгершілік жасап, имандылық көрсеткен банк ұжымына қатты қуанған менің «Бес баласы отқа оранған отбасының қарызын кешірген Каспи банктен өзгелер үлгі алсын!»-деген  постымды  біздің елде ешкім жарнама жасап отырсың деген жоқ. Өйткені олар шетелден шекесінен қарап отырған жоқ, қабырғасы қайысып, қайғырып отыр еді.. Өмірхан Алтын мырза, бұл қайғылы жәйтке арналған менің банкі туралы жазбамды оқығанда, жерден жеті қоян тапқандай қуана кеткенше, астындағы пікірлерге бір қарап алмадыңыз ба?  Басқаны білмесеңіз де, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылған кезден еңбек сіңірген қазақтың белгілі қызы Ботагөз Уатқанды жақсы білетін шығарсыз? Оның: «Каспи банкке рахмет, өз тараптарынан қайғысына ортақтасып, аз да болса көмек беріп жатыр»-деп қуанғанын оқыған жоқсыз ба? Елімізге белгілі журналист Өмір Есқалидың:  «Азаматтық! Басқа банктер неге үнсіз? Бір ғана банктен алуы мүмкін емес.»-дегенін, Роза Боқашқызының: «Адамдардың қиналғанға сүйеу болып, біреудің қасіретін өз қайғысындай бөлісуі - азаматтық емей немене?..»-деп, ризашылық білдіргенін  оқымадыңыз ба? Сонда бұлар да банкіні жарнамалап жатыр ма? Әрине, оқымайсыз, өйткені, мынадай  «халықтың көзін ашатын»  фактіні көргенде, өз көзіңіз ашылмай, тұманданып кеткен шығар... Ал сол банк қарызын кешпегенде, ол қаржы қайғылы отбасының мойнында тұра беретін еді ғой... Жоқ, сіз төлеп берер ме едіңіз?  Төлеңіз онда, қалған үш банкінің  қарызы болуы керек әлі?  Егер ол банктер де қарызын кешіп жатса, мен  тағы да мақтап жазып, «жарнама» жасаймын. Кір терезесінен қараған адам сыртағының бәрін лас деп ойлайтынын ұмытпаңыз. Ал сіз қадап айтқан Ұлттық мүддеге келсек, кімнің қандай еңбек сіңіріп жатқанын өзіңіз айтқандай, бір Алла мен халық  жақсы біледі. Өмірхан Алтын мырза, сіздің  Дүниежүзі қазақтары құрылтайында Елбасыға  Қытайдағы қазақтар мәселесін жеткізгеніңізге ризашылық танытып, ол туралы ең көп жазған «Қазақ үні» болар.  Ал  Қытай қазақтары тағдырымен мен қазір емес, осыдан он үш жыл бұрын, 2006 жылдан айналысып, парламентте де талай көтерткізіп келемін.  Сол жылы  Үрімшіге  іссапармен барған сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ислам Әбішевтың  ұсынысымен мен Үрімшіге арнайы барып, сондағы Қазақстан елшілігі консулдығындағы  қазақтардың  елімізге келуге виза  алуының қиындығы, ондағы қалыптасқан  келеңсіздіктер туралы зерттеп,  «Қазақ үні» газетіне мақала жазған болатынмын. Ол мақаладағы мәселе туралы   сол кездегі «Ақ жол» партиясы төрағасы Әлихан Бәйменов    парламентте депутаттық сауал жолдаған  еді. Нәтижесінде  Үрімшідегі екі адамдық консулдық  тағы төрт адамға ұлғайып,  консулы  ауысты. Содан бері  санағанның өзінде «Қазақ үні»  газеті осы уақытқа дейін жүз шақты материал жариялады.. 2017 жылы 11 мамырда  Астанада  «Ақ  жол» партиясында өткен латын  әліпбиіне өту  туралы жиында  «Атажұрт еріктілері» ұйымы төрағасы  Қыдырәлі Оразұлы мен академик Советхан Ғаббасұлы қатысып,  алғаш  Қытайдағы қандастардың  қамалып жатқанын  мәлімдеді. Бұл мәселе  «Қазақ үні» газет/сайтына  жарық көріп,  Қытайдағы қапастағы қазақтар туралы мәлімет  алғаш  баспасөзде жарияланды. 2017 жылы 1 желтоқсанда  Бейжіңде өткен Әлем  саяси партияларының бірінші  форумында  «Ақ  жол» партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев екеуміз Қытайдың мемлекеттік төрағасы Си Жинпинге жазылған, Қытайдағы қамалған 112 қазақтың тізімі бар хатты  тапсырдық. Бұл хатты  біз Бейжіңге жүрер алдында  маған «Атажұрт»  ұйымы басшылары Қыдырәлі Оразұлы мен  Серікжан Біләшұлы әкеп берген еді. (Сондықтан да, менің өткенде қазақ зиялыларының  «Атажұрт» жайлы Ашық хатына қол қоюдан бас тартқаным). Бұл Қытайдағы қазақтар тағдырына халықаралық деңгейде араласудың алғашқы қадамы болды. Ол үлкен резонанс туғызып, қоғамдық қозғалысқа ұласты. Сол біз хат тапсырған кездің өзінде олардың ішінен 27 адам сотталып, оның 2-уі өліп кеткен екен.. Хат тапсырылғасын сотталғандардан 4-і шыққан. Ал саяси лагердегі 83 адамның 75-і шыққан, сонда 112 адамнан 79 адам шыққан болып тұр. Оның 17-ісі Қазақстанға оралған.  Яғни, тізімдегілердің 75 пайыздайы  бостандыққа шыққан, бұл жақсы нәтиже деуге болады. Бұның бәрі сізге де, елге де белгілі әрине, бірақ бізде басқа планетадан келгендей «сен не бітірдің?» дейтіндер көп, соларға айтып жатырмын. Өмірхан Алтын мырза, біз бүкіл әлемде бәріміз бір қазақ болғасын,  оны өз жеке мүддемізге байланысты  бөліп-жармай, ұлттық мүддеде қарастыруымыз керек.  Біз үміт күткен шетелдегі сіз секілді еркін ойлы бауырларымыздың ел күткеннен тыс  біржақты болып кетуін қаламаймыз. Сіз «қыңырдың емес, қырықтың» ойымен санасуыңыз керек. Бірлік бар жерде, тірлік бар екенін  ұмытпайық! Сыйласып жүріп,  біраз жерге барысып қалғанымыз үшін, артық кеткен жерім болса, кешірім сұраймын. Бақсам, бақа екен дегендей, мұның бәрі  жолдан қосылған жолдыаяқтардың  араға шоқ тастап, екі арада күл тасуынан басталған екен. Тұмсығын тықпайтын жері жоқ, иісшілдігіне ит жетпейтін бұл немелерге не жетпейтінін түсінбеймін... Әлде, мәселе бұл тақырыпта емес,  мүлде басқа жақта ма?.. Оны  да анықтау алыс емес шығар..    Қазыбек ИСА,  «Қазақ үні» газеті   Qazaquni.kz