САҢЛАҚ ЕМШІ САИД АТА

Жиырма жылдық азаптан жиырма минутта құтылдым...

    Сайрамда Саид Юлдаш атты саңлақ емші бар. Академик, профессор, медицина ғылымының докторы, Әбу Әли Ибн Сина атындағы халықтық медицинамен емдеу орталығының төрағасы, фармацевт, Республикалық 1-ші дәрежелі кәсіби халық емшісі, Шығыс медицинасының ғұлама білгірі. Оған Қазақстаннан да, шетелден де, алыстан да, жақыннан да дертіне шипа іздегендер үзілмей келіп жатады. Солардың барлығы дерлік емшіге ерекше риза болып, алғысын жаудырып аттанады. Ел бұл кісіні Саид ака дейді екен. Мен Саид ата дедім. Енді ше,  биыл тоқсанға толатын ақсақалды ата демегенде кім дейсің? Иә, Саид атаның шын туған жылы 1929 жылы.  Ал құжат бойынша 1936 жыл деп қате жазылып кеткен. Мені бел омыртқамдағы жарық ауруы (грыжа) 20 жылдан аса қинап келе жатқан еді... Ауыр көтеріп қоясың, суықтап қаласың - тұра алмай белің шойырылып жатасың... Омыртқаңның жүйке-жұлындары қозғалтпай сыздап ауыртады.  Тіпті, түшкіріп, жөтелуге де қорқасың - омыртқа жүйкең зырқ еткенде шаншуы басыңа шапшып шығады. Мануальды терапияның, ине салу, массаж алудың бәрін көрдім, қысқа уақытқа ғана әсер етеді. Тек ана бір жылдары, ол кезде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып істеп жүрген Ислам Әбішев көкеміздің айтуымен Шымкентке бір айда он рет барып Родислав Петрович деген дәрігерге бұғаттау жасаттым. Әр келгенде екі ауыр укол жасайды. Одан соң үш күн өткенше ем алуға болмайды. Бұл ем-шара оншақты жылға дейін жетті. Бірақ кейін дұрыс сақтанбағандықтан белім тағы да қайта ұстап қала беретін болды. Былтыр Жаңа жыл басталғанда тура 2-ші қаңтар күні бел ауруым ұстады. Содан жүз күндей қозғалуым мұң болып жатып қалдым. Тамаққа сүйретіліп зорға барамын. Алматының шетіндегі бір емшіге саусақтарыма ине салдырып жатқанда, Астанадан белгілі режиссер Талғат Теменов ағам бір шаруамен телефон соғып қалды. Ауырып, ем қабылдап жатқан жайымды айтып едім: "Ой, сен бәрін қой да Шымкентке бар. Ар жағында он бес минуттай жол жүретін жерде Сайрамда Саид Юлдаш деген емші бар. Мен де орнымнан тұра алмай қалғанымда Көпен Әмірбектің айтуымен сол емшіге барып, бірден аяғымнан тұрып кеттім"- деді. Күнде сөйлесіп жүрсек те, Көпен Әмірбек көкеме неге ауырып жатқанымды айтпағанмын деп, ол кісіге де xабарласып, анық-қанығын сұрап алдым. "Журналист Бақтыбай Айнабековтың інісімін десең, кезексіз кіресің. Әйтпесе адам өте көп болады. Бақтыбай ағамыз кезінде телеарнада істеп жүргенде бұл емшінің елге танылуына көп көмектескен екен"-деп жол-жобасын айтып, жөн сілтеді. Сонымен,  Шымкентке тарттым. Ұшаққа тіке отыра алмайтын болғасын пойызға міндім. Ауырғанды басатын дәрілер ішемін, амал болмайды. Жолда екі-ақ сағат ұйықтадым. Шымкенттен көлік күтіп алып, Ақсукентке жеттім. Шынында, емшінің есігі алдында кезек күтіп отырғандардың қарасы қалың екен. Мен жөнімді айтқасын, кезексіз қабылдады. "Жасай бер Бақтыбай көке"-деп қоямын ішімнен. Саид атамыз Саддам Хусейнге ұқсайтын, сақалы кеудесіне түскен қария екен. Үстіне шапан секілді ақ халат киіп алған, басында қара тақия, бір қарағанда ерекше көрінеді. Екі медбике қызмет етеді. Менің беломыртқамның МРТ суретін көрді де, белімді салалы саусақтарымен сипалай бастады. Саусақтары тура жанды нүктелерді тап басып тауып алады. Сөйтті де, қай омыртқамның қандай өлшемде жарығы бар екенін айтып берді. Одан соң медбикеге мен алып келген медициналық қорытындыны оқытты. Емшінің айтқанымен медқорытынды 100 пайыз тура келгеніне таңғалдым. -Кеселі бар нүктелерді күйдіреміз. 5 минутта  аттай болып, шауып кетесің-деп, фломастермен бел омыртқамның 8 нүктесін белгілеп берді. Оны Қытайдан, Тибеттен алып келген дәрілік шөпті жағып күйдіреді екен. Ол дәрішөпті өзі дайындап берді. Тізесіне қойылған тақтайшада  дәрішөпті  темекідей етіп езіп, сегіз түйірін жасап шықты. Дәрішөпті асықпай езіп, алақанына алып ысқылап отырып, талай әңгіме шертті. Сайрамдағы Манкентте туылып, мектепті алтын медальмен бітіреді. Бала кезінен белгілі емшілер әке-шешесі Саид Юлдаш Әлі мен Халима Банудың қасында емдеуге көмектесіп, көп тәжірибе жинаған.  Кейін  Ленинградта медучилище бітіріп, Әндіжанда әскери дәрігер болыпты.  Қытай,Тибет және Корей медицинасымен айналысқан. Өзбекстанда жоғары қызметте істеген бір шенеуніктің омыртқа жарығын дәстүрлі емес, xалықтық емшілік жолмен емдеп, жазады. Бірақ  кеңес өкіметі кезінде кеңес медицинасын тәрк етіп, xалықтық емшілік жасағаны үшін қудалауға ұшырайды. Қауіп төне бастағанда Шымкентке, Сайрамға, туған жеріне келеді. Мені медбике көрші бөлмеге кіргізіп, төсекке етбетімнен жатқызды. Беломыртқамның сегізкөзі тұсына сегіз жерге сыртқы орамасы жоқ темекілер секілді дәрішөптерді тікесінен қойып, жаға бастады. Басында шыдауға болады екен, аяғында жанып жатқан дәрішөп түбіне жетіп, теріге тигеннен қинай бастайды. Сонда да жыбырлап, қимылдауға болмайды, белге қойылған дәрішөп құлап кетеді. "Шыдай алмай барамын"-десең, медбике қолындағы картон қағазбен кәуап пісіргенде шоқты желпігендей желпісе, сәл басылғандай болады. "Жиырма жыл азапқа шыдағанда жиырма минут қиындыққа шыдай алмаймын ба?"-деп, өзімді өзім қайрап, тістеніп жатып зорға шыдадым-ау әйтеуір... Одан соң, отырғызып қойып тіземнен төмен тексеріп, қайсысы ауыратынын сұрады. "Оң аяғым" деп едім, жыланның уын жаға бастады. Көктемнің салқын кезі ғой,  жаққан дәрі қыздырып, жаныма жағып барады. "Енді маған жыланның уын кім тауып, жағып береді"-деген пенделікпен "сол аяғым да ауырады"- деп соғып жібердім. Оған да жылан уын жаға бастады. Сәлден кейін екі тізем өртенгендей от болып қатты қызғанда, аспанға секірердей қатты қиналдым. "Сол аяғымды қайдан айта қалып едім"-деп өкініп қоямын... Қызуы басылғасын қайта емшіге кіргізді. Еңкейіп, етігімді киіп-шеше алмай кірген мен тіп-тік тұрып кеткеніме қуандым. Бөлмеде ерсілі-қарсылы жүргізе бастады. Емін-еркін жүре бастадым. Ішімнен: «Саид атам мың жасасын"-деймін қуанышым қойныма сыймай. Осындай керемет емшіні өз елінен қуып жіберген өзбектерге риза болып қоямын. Одан соң емші тамырымды ұстады. Сөйтіп мен ол кісіге айтпаған ауруды да атап, дәрі жазып бере бастады. -Мен айтпасам да, ол кеселдерді қайдан біліп қойдыңыз?-деп сұрадым емшіден. -Жүрісіңнен білдім және тамырыңды ұстадым ғой-деді емші. Қалпына келтіру дәрілерін, күйік орнын жазу майлары мен дәрумендер берді. Соның бәріне емімен қосқанда 25 мың теңге төледім. - Менің ұлтым араб, Мұхаммед пайғамбардың қызы –Фатимадан, Құрайыш атасынан тараймыз,-деді Саид ата.- Ана бір жылдары академик Сайын Балмұқановпен жақын. араластым. Ол қожа ғой, сол жағынан туыспыз,-деп күліп қойды. - Содан мен ракты емдейтін дәрі жасап ұсынғанмын. Соны қабылдаған тараздық бір әйел жазылып кетті. Сол әйелдің телефонын берші мына кісіге. Сөйлесіп, көзін жеткізсін. Емші медбикеге иек қағып еді, ол бір тілім қағазға адам аты мен телефон номерін жазып бере қойды. - Сен журналист екенсің, соны жазшы. Сол ракты жазатын дәрі урология орталығында тұр. Бірақ содан бері бір адам "мынау не дәрі?"-деп сұрап, не оны ауруларға пайдаланып көрген емес, соған қынжыламын. Мен медициналық білім мен білікті, тәжірибені өмір бойы жинап келемін. Қазір де оқудан қашпаймын. 30 жасымда мединститутқа түстім. 40 жасымда кандидаттық, 60 жасымда докторлық дисертация қорғадым. 75 жасымда академик  атандым. 80 жасымда мені Түркияға шақырып, Емшілердің Еуропалық ассоциациясы диагноз қоюдағы ерекше қасиетім үшін Алтын медальмен марапаттап, Мишель Нострадамус дипломын берді. Ал 2014 жылы Халық емшілілері мен психологтардың Халықаралық кәсіби медициналық ассоциациясы Мәскеуге шақырып,  «Денсаулық емдеудің Үздік маманы» атты Құрметті атақ беріп, «Еңбегі үшін» Құрмет белгісімен марапаттады. Сонымен Сайрамдағы саңлақ емші, академик, профессор, Әбу Әли Ибн Сина атындағы халықтық медицинамен емдеу орталығының төрағасы Саид Юлдаш атаның алдынан ауруымнан аттай болып, айығып шықтым. Әуелі бір Алла тағала шипасын беріп, Саид атамның қолы ем болып, жиырма жылдық азаптан жиырма минутта құтылдым! Құдай ұзағынан сүйіндірсін деп, Алладан раxым тілеп жүріп жатқан жайымыз бар. Жазуға енді ғана, 11 айдан соң мүмкіндік болды. Онда да пойызға мінгеннің пайдасы. Сол кезде Фейсбук парақшама қысқа xабар жариялағанмын. Соның өзінде қанша адам xабарласып, Саид ағаның адресін бергенмін. Бір ескеретін жәйт – емші бейсенбі, жұма күндері қабылдамайды. Айтпақшы, Шымкенттегі Мәлікаждар ағамыздың xабар айтуымен емшіден шыға салып,  сол ауылда өтіп жатқан ағайынымыз, талай жыл ішкі істер саласында басшылық қызметтер істеген полковник, ел ағасы Аxметжан ағамыздың қырық күндік асына қатысып, орындықта екі сағаттай тік отырып, тік тұрып сөйлеп, шығып кеттім. Кешке фармацевт-кәсіпкер Тұрақсеріктің үйінде болғанда ол бар керек дәрі-дәрмекті жинап беріп, алғашқы таңу және жан-жақты емдеу шараларын жасап, Алматыға шығарып салды. Сонымен қоса белгілі жазушы Сәбит Досанов ағаммен Атырауға бірге баратын болып, жолға билет алып қойылған болатын. Ем қабылдаған күннің ертеңіне ұшаққа отырып, үш жарым сағат ұшақта қиналмай жеттім. Сонымен, ерекше емші, Құдайдың өзі қолына қуат берген  Сайд атаның  ақ батасын алып, алғысымды айтып, аттандым. Халықтың алғысын алып жүрген Халық емшісі Саид атаға биылғы толағай тоқсан жасыңыз құтты болсын дейміз!  Еміңізден шипа алған елдің ықылас, ниетінің, ақ адал алғысының арқасында жүзіңіз жарқын күйде жүзге жетіңіз!  Әрдайым Алла жар болсын! Белі шойырылып, омыртқасындағы жарық ауруы жанын қинағандарға, басы ауырып, балтыры сыздағандарға айтарым, Сайрамға тартыңдар – Саид атаға барыңыздар. Хабарласу үшін:  +7 775 000 08 78,  +7 705 128 47 48 P.S.  Мақала жарияланған соң  Сайрам жақтан хабар келді. Саид атамыз қайтпас сапарға аттанып кеткен екен. Алла алдыңыздан жарылқасын! Алдыңыз пейіш, артыңыз кеніш болсын! Иманыңыз салауат болсын!   Қазыбек ИСА «Қазақ үні» газеті Qazaquni.kz