ІЛЕДЕГІ ІЛКІМДІ ІСТЕР

Алматы облысы Іле ауданында өңір басшысы Бағдат Қарасаевтың тікелей бастамасымен барлық сала бойынша ілкімді істер атқарылып келе жатқаны белгілі. Әсіресе, Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі мәдени саясатының тұжырымдамасы аясында жүзеге асқан тындырымды тірліктер ауыз толтырып айтарлықтай. Алматы облысы әкімдігінің «Облыстағы мәдениет мекемелерінің мәдени құндылықтарды, дәстүрлерді сақтау, оны көпшілікке танымал ету және тұрғындарға эстетикалық тәрбие беру» жөніндегі қаулысының аймақта қалтқысыз орындалып келе жатқаны да Іле аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақытжан Рахымжанның іскерлігімен тікелей байланысты екенін атап өткеніміз жөн. МӘДЕНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҒЫМЫЗ Қай өңірде болсын, мәдениет саласы дамуы үшін ең әуелі заман талабына сай мәдени ғимараттар болуға тиісті. Алматы облысына қарасты Іле ауданында бүгінде 16 мәдениет мекемелері халыққа қызмет көрсетеді. Атап айтсақ, аудандық кітапхана мен аудандық мәдениет үйі және 3 ауылдық мәдениет үйі мен 11 ауылдық кітапхана ел игілігі үшін еңбек етуде. Өңірде мәдениет саласы нысанда­рының материалдық-техникалық базасын нығайту тұрғысында да жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Сондай-ақ, көрсетілетін қызмет сапасы да күннен-күнге жақсара түсуде. Типтік ғимаратта орналасқан Мәдениет үйі мен кітапхананың қазіргі кезде заман талабына сай материалдық техникалық базамен жабдықталып, интернет желісі де сапалы қызмет көрсетуде. Іле ауданы бойынша Мәдениет үйлері қызметкерлерінің жалпы саны – 51 адамнан тұрса, оның ішінде шығармашылық маман­дарының саны 22-ні құрап отыр. Аудан мәдениетінің мерейін асырып жүрген халықтық атағы бар өнер ұжымдары да жетерлік. Олар: «Сарытауқұм» халықтық ән-би ансамбльі, «Әлібек Нұр­қожа» атындағы халықтық ансамбль, Ақши халық театры, Ақши ауылындағы «Ақниет» халықтық әжелер ансамблі, Жетіген ауылындағы «Элегия» вокалдық үлгілі тобы, «Іле толқындары» халықтық ұлт-аспаптар ансамбльі. Аталған халықтық өнер ұжымдары қазақ өнерінің дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өту ләзім. Халықпен тығыз қарым-қа­тынас орнату үшін жалпы мә­дениет мекемелері мен кітап­ханаларда былтырғы жыл бедерінде екі мыңнан аса шаралар өткізілді. Оның 975-і мәдени іс-шаралар. Сондай-ақ, кітапханаларда да мың­нан аса іс шара өткізіліп, оқыр­мандармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ, мәдениет үйле­рін­де елуден аса үйірмелер жұмыс істесе, оған қатысушылардың саны мыңға жуықтайды. Былтырғы жылы ел көлемінде Елордамыз Астананың 20 жылдығы кең көлемде аталып өтілгені белгілі. Осынау атаулы дата Іле ауданында да «Асқақтай бер Астана» деген атпен айрықша тойланды. Мәдениет үйлері арасында «Ауылым – алтын бесігім» атты облыстық байқау өткізіліп, оған Қараой ауылдық мәдениет үйі және Ақши ауылдық мәдениет үйі қатысып, жүлделі орындарды иеленеді. Мараттау шарасында Қараой ауылдық мәдениет үйіне музыкалық аппаратура табыс­талса, Ақши ауылдық мәдениет үйіне компьютер берілді. Өткен жылдың наурыз айында Санкт-Петербург қаласында «Салют талантов» атты халықаралық байқау өтіп, «Іле сазы» балалар және жасөспірімдер ансамблінің қатысушылары І және ІІ жүлделі орындарды иеленді. Мамыр айында мәдениет қызметкерлері күні мерекесіне орай аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ержан Исатаев ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Алматы облысы әкімінің жүлдесі үшін дәстүрлі түрде өтетін облыстық «Жетісу жұлдыздары» байқауында ауданымыздың «Сармат» би тобы топты жарып, бас жүлдеге ие болды. Іле ауданының ажарын ашып тұрған тарихи ескерткіштердің де алар орны ерекше. Тарқатып айтсақ, аймақтағы сексеннен аса ескерткіштің 30-ы тарихи, 53-і археологиялық ескерткіш. Тарихи 30 ескерткіштің 10-ны тарихи-мәдени мұраны қорғау жө­нін­дегі Алматы облыстық орта­лы­ғында ҚР Мәдениет және ақ­па­рат министрлігінің арнайы Мем­лекеттік сараптамасынан өткізілген. Жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында қазіргі кезде округтерде тарихи-мәдени ескерткіштер маңында қоғамдық саяси маңызы бар іс-шаралар өткізілуде. Алдағы уақытта да мұндай халыққа берері мол шаралар өз жалғасын таба бермек. 18-сәуір Халықаралық ес­керт­кіштерді қорғау күніне орай, «Мәңгілік елдің тарихи – мәдени мұрасы» атты акция ұйымдастырылды. Осынау шара аясында , аудандағы барлық деңгейдегі білім беру мекемелері мен ауыл тұрғындары, жастар мен қоғамдық ұйым мүшелерінің қатысуымен аудандағы барлық ескерткіштер маңына тазарту, көркейту, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл үрдіс күні бүгінге дейін өз жалғасын тауып келеді. Ескерткіштерге қатысты өткізілген акциялар барысында Ұлы Отан соғысы ескерткіштерінің маңында Ұлы жеңіс мерекесі күні қарсаңында Отан үшін құрбан болған жауынгерлер рухына тағзым етілді. Шараға мектеп оқушылары мен округ әкімдері, мекеме басшылары, ауданның құрметті азаматтары қатысты. Сондай-ақ, аудан көлемінде «Мәдени мұра мен тарихи құн­дылық», «Тарихқа тағзым», «Ерлікке тағзым», «Ешкім де еш нәрсе де ұмытылған жоқ», «Отан үшін отқа түс күймейсің», «Отан отбасынан басталады», «Ауылым – алтын бесігім», «Әрқашан күн сөнбесін», «Тарихыңды таны», «Ұлы даланың мәңгілік ұрпағы», «Ескерткіштер елдіктің белгісі» атты тақырыптарда түрлі дөңгелек үстелдер өткізіліп, қатысушылардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық рухын көтерді. Мұндай танымдық, тәрбиелік іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. КІТАПХАНА – САРҚЫЛМАС БІЛІМ КӨЗІ Білімнің бұлағы саналған кітап – құнды қазынамыз. Осынау рухани байлықтың мекені – кітапхана десек, мұнда бас сұққан әрбір жан рухани кемелденіп шығары сөзсіз. Халықты рухани тұрғыдан байытуға мол үлес қосып келе жатқан орталықтың бірі – Іле ауданы әкімінің аудандық кітапханасы. Мұндағы кітап қоры – 171127 дана, оның ішінде 65074 данасы мемлекеттік тілдегі әдебиеттер. Былтырғы жылдың өзінде 3833 кітап келіп түссе, оның ішінде 3433 кітап мемлекеттік тілде. Кітапханалардың барлығы толық интернет желісіне қосылып, материалдық техникалық жағдайы жақсартылғандықтан мұнда келушілердің саны да күн санап артып келеді. Осындай білім ордаларында ұйымдастырылатын кітап көрмелерінің де оқырмандар үшін берері мол. Мәселен бір жылдың ішінде аудандық кітапханада үш жүз елуден аса кітап көрмесі өтіп, тың туындылар халыққа жете таныстырылыпты. Сондай-ақ, ел мәдениетінің мәйегі болған мәдени шаралар да мұнда жиі өткізіледі. Атап айтсақ, өткізілген конференциялар мен дөңгелек үстелдерде қоғамдағы түрлі өзекті тақырыптар қаузалып, қатысушылар өздерінің орынды пікірлерін ортаға салып жатады. Ал, әдеби кештер мен байқау­лар­­ға қатысқандар рухани нәр алып, одан әрі кемелдене түсері анық. Республика көлемінде кітап­хана замана талабына сай қар­қынды даму үстінде. Бұл тұрғыда Іле ауданында да көптеген жұмыстар жүзеге асты. Мәселен, Ақши ауылдық кітапханасында «Кітапхана рухани жаңғыру жолында: кітапханалық слайд: дамыту жолдары мен мүмкіндіктері» атты облыстық семинар өткізілді. Шара қатысушылары бір-бірімен тәжірибе алмасып, іскерлік байланыс орнатты. Іле ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай, Іле аудандық кітапханасының «Келбет» жобасы аясында Іле ауданының «Құрметті азаматы», ҚР «Халық ағарту ісінің үздігі», ҚР «Мәдениет қайраткері», күміс көмей, жезтаңдай әнші, халық ақыны К.Әзірбаевтың сүйікті қызы, әке мұрагері Төрткен Кененқызымен «Әке аманатына адалдық» атты кездесу кеші өткізілді. Шара барысында Төрткен Кененқызы өзінің қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуы және жеке шығармашылығы туралы кеңірек әңгімелеп берді. «Жаныңда жүр жақсы адам» жобасы аясында Іле ауданының құрылғанына – 90 жыл, КазЦИК ауылдық кеңесінің құрылғанына – 40 жыл толуына орай , округтен шыққан белгілі тұлғалар туралы тың деректер жиналып, КазЦИК ауылдық кеңесінің алғашқы төрағасы Қ.Уалиев және сол кездегі ауылдық кеңестің кітапханашысы Р.Тасыбековамен кездесу өткізілді. Шара барысында «Рухани жаңғыру – ұлт негізі» атты тақырыпта кітап көрмесі ұйымдастырылып, жаңа кітаптар таныстырылды. Жастарды кітап оқуға тарту арқылы олардың мәдени және білім деңгейін көтеру үшін «100 кітап» жобасы әзірленіп, оның аясында оқырмандар оқуға тиіс үздік отандық және әлемдік классик­тердің шығармалары таңдалып және тізімі құрылды. Іле аудандық кітапханасында кітаптар әлеміне саяхат жасай отырып, тұрғындарды кітап оқуға шақыру мақсатында өзің оқыған кітаптарды – өзгемен бөлісу шарасы ұйымдастырылды. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «Нұр Отан» партиясының бастамасымен отандық кітапханалар заманауи білім орталықтары ретінде қайта құрылып, олардың жұмысы жандана түсуде. Былтыр Елордамыз Астананың 20 жылдық мерекесіне орай, аудандық балалар кітапханасы, Чапай, Междуреченск, Ақши ауылдық балалар кітапханаларында коворкинг орталықтарының ашылу рәсімі өтті. Іле аудандық кітапханасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Жаңаруға жетелейтін Жолдау» және Іле ауданының құрылғанына 90-жыл толуына орай, «Тарихы терең, еңбегі ерен – Іле өңірі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Мәдениет мекемелерінің жанды жұмыс жүргізуінің арқасында қазіргі таңда әртүрлі жанрдан тұ­ратын көркемөнерпаздар ұжым­дары құрылып, түрлі мәдени іс шаралардың өтуіне ұйытқы болуда. Сонымен қатар, Ақши ауылдық мәдениет үйі музыкалық аппаратурамен жабдықталып, ән өнерінің дамуына лайықты үлес қосуда. Аймақтағы мәдени құндылық­тарды сақтау мәселесі де басты назарда. Бүгінде тарихи-мәдени ескерткіштердің құжаттары ретке келтіріліп, заңдастыру бойынша құжаттары рәсімделуде. Бұл қолда бар құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтау бағытындағы жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың бір парасы. Алдағы уақытта да Іле ауданында мәдениетіміздің мерейін асырар ауқымды істер атқарыла бермек.

Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

qazaquni.kz