Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына орай ретро-фестиваль өтті

Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кино және театр актрисасы Әмина Өмірзақованың 100 жылдық мерейтойы аясында  Өскемендегі Пушкин атындағы кітапханада актрисаны еске алуға арналған ретро-фестиваль өтті.

Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Әлемі әдемі Әмина» ретро-фестивалі бірнеше ұрпақтың сүйікті актрисасына айналған сахна саңлағы ойнаған тамаша фильмдердің ғажайып әлеміне саяхат жасатты. Солардың ішіндегі ең танымалдары – «Ана туралы жыр», «Тақиялы періште», «Абай әндері», «Жұлдызыңды сақта»,  «Мама Роза», «Шаңырақ».

Әмина Өмірзақованың театр сахнасы мен кино саласында сомдаған ана образы қазақ әйелінің болмысын, қазақ анасының кіршіксіз бейнесін, ұлттық мінезге тән сана-сезімді, рухани байлық пен жан жылулығын көрерменнің жан дүниесіне жеткізе білді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан дәл осы халықтың үздік ұлттық ерекшеліктері қоғамдық сананы жаңғыртудың, бәсекеге қабілетті адами капиталдың дамуының маңызды алғышарты болу керек деп көрсетілген.

Ретро-фестиваль барысында кітапхана қонақтарына әйгілі актрисаның өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұсынылды.

Қатысушылар Ә. Өмірзақова қатысқан фильмдерге арналған конкурстар мен викториналарға қатысып, қызмет көрсету саласы колледжі студенттері дайындаған ретро-шаш үлгісі және костюмдер дефилесін тамашалай алды.

Ал ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер колледжі музыканттары өткен ғасырдың 60-70 жылдарындағы әсем әндерді әуелете шырқады.