«Маска киіп жүреміз»: Өскемен тұрғындары экологиялық ахуалдан әбден зәрезап болған

1089
0
Бөлісу:

Көрнекі сурет

Өндірісті Өскемен еліміздегі ең лас шаһарлардың ондығында үшінші орында тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан болар, қалалықтар үшін экологиялық ахуал өзекті проблемаға айналған. Ауа құрамында күкірт қышқылы, азот диоксиді, формальдегид сынды зиянды қалдықтардың шектен асып кетуі де аймақта жиі тіркеледі. Дегенмен экология сақшылары өлкедегі алпауыт зауыттардың табиғатты қолдану заңдылықтары қатаң бақылауда деп сендіріп отыр. Тек өткен жылы облыста осы бағытта 170-тен астам тексеріс болған екен.

Вера Тимофееваның осы қалада тұрғанына 50 жыл болыпты. Өмір бойы медицина саласында қызмет еткен қарияны туған қаласының экологиясы қатты алаңдатады. «Өйткені Өскеменді газ басқан кезде, бойыңдағы барлық ауруға түрткі болады», – дейді. Сондықтан қолайсыз метеорологиялық жағдай туралы ақпарат келсе, пәтерінен аттап шықпайды екен.

Вера Тимофеева, қала тұрғыны:

Ауа лас қалдықтарға толған кезде бірден сезіледі. Өйткені айнала көрінбей, тұман болып кетеді. Ондай кезде есік-терезені қымтап, үйде отырамыз, далаға шықса, маска киіп шығуға мәжбүр боламыз.

Ал экологтар соңғы бес жылда ауаға бөлінген лас қалдықтар шамасы Өскеменде 10 мың тоннаға азайды деп отыр. Табиғаттан пайда ғана көрем деп, оның тазалығына көз жұма қараған ірі кәсіпорындардың заңсыз іс-әрекеттері қомақты айыппұл төлеумен аяқталады.

Дмитрий Кавригин, облыстық экология департаментінің басшысы:

– Өткен жылы табиғатты қолдану заңдылықтарын бұзу бойынша 219 дерек тіркелді. Біздің департамент тарапынан 180 хаттама толтырылып, жалпы 29 миллион теңге айыппұл салынды. Ал сот шешімі бойынша 107 миллион теңге өндірілді.

Алпауыт зауыттар мен кәсіпорындардың арасында ауа ластануының алдын алу қамына ден қойғандары да бар. Мәселен тұтынушыларға жылу энергиясын жеткізумен айналысатын қаладағы мекеме өткен жылы экологиялық шаралар үшін 80 миллион теңге жұмсапты. Күл тұтқыштарды жаңартып, қазандықтарды жөндеген. Сонымен қатар жеке секторларды жылу жүйесіне қосу жобаларын бастаған. Осылайша пештен шығатын түтін мөлшері азаймақ.

Талғат Қайыркенов, жылу энергиясын жеткізу компаниясының техникалық директоры:

– Үлбі кентінде жылу жүйесіне жеке үйлер қосылып жатыр, мысалы 2017 жылы 175 үй жылу жүйесіне қосылды. Сол 175 үй отын жақпайды.

Өскемендегі ірі зауыттардың бірі осыдан 20 жыл бұрын 70 мың тонна күкірт қышқылы қалдығын шығарған екен. Ал 2017 жылы заманауи тазарту технологиясы арқасында бұл қалдықтың бөлінуі жылына 17 500 тоннаны ғана құраған.

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

сегіз − төрт =