Қайтыс болған адам зейнетақы қорындағы жиған қаржысы есебінен жерленеді - БАҚ

Ал, қайтыс болған кісінің жинақталған ақшасы болмаса, оны ақтық сапарға шығарып салған туыстарына үкімет тарапынан бір реттік ең төменгі жәрдемақы қарастырылған екен. Егерде, марқұм өмірінің соңына дейін еңбектеніп өтсе, зейнетақы қорының өкілдері салымшының ет жақындарына жинақталған соманы толық өтеп алуға мүмкіндік бар, дейді. Алайда, іс жүзінде ол ақшаның жүзден бір бөлігі ғана төленеді екен.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Дүниеден өткен адамның зейнетақы қорына жиған қаржысы туыстарына толық қайтарылады. Бұл заңмен бекітіліп, тайға таңба басқандай анық етіп көрсетілген. Алайда, қоғам белсендісі Жұмамұрат Шәмші бұл оймен мүлдем келіспейді. Себебі, онсыз да қайғыдан қара жамылған отбасы зейнетақы қорындағы қаржыны алуға барған кезде, ол соманың көлеңкесін де көрмейсің, дейді. Қор өкілдері "қайтыс болған адамның жиған-тергені мемлекет меншігіне өтіп кетті" деп жауап беретін көрінеді.

ЖҰМАМҰРАТ ШӘМШІ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

“Өкінішке қарай ол қып-қызыл өтірік. Менің бір апайым өмір бақи жұмыс істеген. Сол кісі зейнеткерлікке жетпей 58 жасында дүниеден озып кетті. Жалғыз ұлы бар еді барып сұраған ғой деп барса кешіресіз сіз ол адам емессіз бұл мемлекеттік бюджетке өтіп кетеді деп бір тиында бермеген. Сол секілді бізде күнде бір заң шығады да бірақ ол орындалмайды өкінішке қарай".

Ал, зейнетақы қоры өкілдерінің сөзіне сенсек елімізде өмірден өткен адамның жиған-тергені есебінен бір реттік жәрдемақы қарастырылған. Ал, қордаланған қаржыны толық қайтарып алу үшін туыстары 6 айдан соң, ет жақынының қайтыс болғаны жөніндегі құжат пен мұрагерлік анықтамасын өткізіп, ақшаны алу жөнінде өтініш беру қажет екен. Сондықтан қоғам белсендісінің сөзі негізсіз, - дейді.

МҰРАТ ШӘРІПОВ, "БЖЗҚ" АҚ АСТАНА ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

"БЖЗҚ жинақталған азаматтардың жинақтары өсиет бойынша немесе мұрагерлікке қалдырылады, егер азамат қайтыс болған жағдайда.Қаржылық жылға белгіленген АЕК 52,4 мөлшері ол азаматты жерлеу рәсімдерін атқарған азаматқа беріледі. Бұл бүгінгі күнде 132 мың 300 теңгені құрайды".

Дәм-тұзы таусылып, өмірден озған кісі егер де еш жерде тұрақты жұмыс істемесе олардың туыстарын да өкімет жарылқаусыз қалдырмайды. Министрлік өкілдерінің сөзі осыған саяды. Мемлекеттік қызметкерлер, тіпті, еңбегі еленген соғыс ардагерлері де дүниеден өткен жағдайда жерлеуіне қомақты қаражат қарастырылғанын айтады.

ЖАДЫРА ДӘУЛЕТХАНОВА, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ КӨШІ-ҚОН КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

"Бүгінгі күні 19 жылы оның мөлшері 39 мың 643 теңге. ҚР зейнетақымен қамсыздандыру заңына сәйкес Ұлы Отан соғысына қатысушысы немесе мүгедегі қайтыс болған жағдайда оның отбасына немесе жерлеуді жүзеге асыратын азаматтарға осы бюджет туралы заңында белгіленген АЕК көрсетілген 36,6 немесе 92 мың 415 теңге көлемінде жәрдемақы тағайындалады. Аталған жәрдемақылар тек бір рет тағайындалады".

Есесіне жерлеу рәсімінің шығыны толық мемлекет тарапынан өтелетін тұлғалардың да санаты белгілі болды. Олардың қатарына қоғамның дамуына үлес қосқан қайраткерлер кіреді. О дүниелік болған ондай кісілерге Астанада жаңадан бой көтерген Ұлттық пантеоннан жер бұйырады.

Дін өкілдері болса, қоғамды бай мен кедей деп екіге жарып, оларға жерленетін арнайы жер әзірлеу, жинаған қаржысына қарай көму дұрыс емес деген пайымда.

БЕКЗАТ АҚЖІГІТОВ, "НҰР АСТАНА" МЕШІТІНІҢ НАИБ ИМАМЫ:

"Ол қаза болғаннан кейін, өзінің жиған-терген дүниесімен жаназаланып шығарылады. Екінші жаңағы мирасқорларымен өзінің ағайын-туыс бала-шағасы. Үшінші жауапты сол жерге адамдар. Не болмаса ел болып, ағайын болып, көрші қолаң болып шығарылады. Тағы айтып өтемін, қаражатты жаназаға әкеп тіреуге болмайды".

Қоғам белсенділері жерлеу туралы заң қабылданды, енді соның орындалуына көңіл бөлуіміз қажет деген пікірде . Өйткені, қазір көпшілік заң жобалыры қағаз жүзінде бар, іс жүзінде оның қолданыста екені білінбейді, - дейді.