Жезқазғанның 65 жылдығы кең көлемде аталып өтпек

Биыл еліміздің ірі өндірістік қаласының бірі Жезқазған шаһары 65 жылдық мерейтойын атап өтпек. Осы атаулы күнге орай биыл мысты қалада 65 ауқымды жоба іске асырылмақ, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.

Жоспарланған 65 игі шараның қатарында, тұрғындардан жаңадан бой көтерген көп қабатты тұрғын үйден баспана кілтін тапсыру, жаңа супермаркет дүкені мен диагностикалық-консультативтік орталық ашу, дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің сауықтыру кешенінің құрылысын бастау да бар.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, атаулы күнді атап өтуге орай жас таланттарды ашып, өнерлі жастардың басын қосатын «Ұлытау үні» фестивалі мен Жақсыкелді Сейілов әндерін орындаушылардың республикалық конкурсын өткізу, сондай-ақ күйшілердің «Ақсақ құлан» атты халықаралық деңгейдегі Кетбұқа би атындағы конкурсын ұйымдастыру жұмыстары қолға алынды.

Қала күнін кең көлемді атап өту тек мерекелік концерттермен ғана емес, мектептегі түрлі шағын шаралармен де көрікті бола түспек.

Мысалы, академик Қаныш Сәтбаевтың атын иеленген №7 мектеп-лицей жылдағы дәстүр бойынша білім беру жүйесіндегі тәрбие үрдісін жетілдіру және сынып жетекшілерінің имиджін көтеру мақсатында «Үздік сынып жетекшісі» конкурсын өткізді. Биылғы ұстаздар додасы академик Қаныш  Имантайұлының туғанына 120 жыл толуына және Жезқазған қаласының 65 жылдық мерейтойына арналды.

Сол секілді қалада Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі Береке Көшеновте жерлестерінің құрметіне концерт қойып, торқалы тойға өз үлесін қосты.

Ауқымды шаралар легі жалғасын таппақ.