Жол апатынан көз жұмған актрисаның анасы: "Балапанымды басып өлтірген адамды кешірмеймін"

«Тағылған қос айыптың тек бірін мойындаймын». Жаңа жыл қарсаңында Алматыда жантүршігерлік жол апатын жасап, 3 адамды ажал құштырған кәсіпкер сотта осылай деді деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сондай-ақ, басты сот талқылауында прокурор апаттың қалай болғанын еске салды. Процесте жүргізушімен бірге көңіл көтерген куәгерлер де сұралды.

Алмалы аудандық сотында өтіп жатқан Ілияс Карға қатысты сот процесі белгіленген уақыттан кеш басталды. Өйткені, құрқылтайдың ұясындай залға 4 жәбірленуші мен айыпталушының туыстары сыймай қалды. Басқа залға ауысқан соң да мұнда ине шаншар орын болмады. Судьядан кейін сөз алған мемлекеттік айыптаушы Жаңа жыл қарсаңында болған жантүршігерлік жол апатының қалай болғанын жіпке тізіп, тағылған айыпты оқыды.

«Сотталушы Кар қылмыстық кодекстің 345-ші бабының 4 тармағы, яғни көлікті басқара отырып, талап етілген жол көлік ережесін бұзып, абайсызда адам денсаулығына ауыр жарақат тигізіп, 3 адамның өліміне себепкер болды. Жол апатынан кейін жүргізуші Кар зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетпестен немесе дәрігерлердің қолына тапсырмай, оқиға туралы полиция департаментіне айтпай кетіп қалған. Сондықтан, Кар қылмыстық кодекстің 347 бабы бойынша айыпталады», - деді мемлекеттік айыптаушы Тимур ШАМАИ.

Камерадан қашпай, сотта өзін байыпты ұстаған 34 жастағы сотталушы прокурор таққан айыптың бірін ғана мойындаймын деді. Яғни, сол жол апаты орын алған күні рөлге мас күйінде отырмадым және оқиға орнынан кетіп қалу ойымда болмады деп қысқа қайырды.

Ал, жол апаты кезінде зардап шеккендердің туыстары бір ауыздан сотталушыға ренжулі екендіктерін жеткізді. Себебі, 3 үйдің адамы көз жұмғанда келіп кешірім сұрамады дейді. Тіпті, апаттан аман қалып, 43 күннен бері төсек тартып жатқан әртіс Айзада Сатыбалдиеваның көңілін де сұрамапты. Сондықтан, орны толмас қайғының орнын қаражат толтыра алмайды деп қысқа қайырды.

«Енді төртеуден аман қалғаны – Айзада. Мен осы уақытқа дейін оның еміне 2,5-3 миллион теңгедей ақша жұмсадым. Ол 26 сағат комада жатты. Одан кейін 8 күндей жансақтау бөлімінде жатты. Әліге есін жинай алмай жатқан адам. 43 күн болды», - деді Айзада Сатыбалдиеваның күйеуі Бақыт БЕДЕЛХАН.

«Мен әуел бастан айтқанмын, балапанымды басып өлтірген адамды кешірмеймін. Ондай адамға кешірім болмайды. Бір емес, 3 адамды өлтіріп отыр. Мен 40 күн жыладым, салдарынан бір көзімнен айрылдымн. Қазір 1 көзімнен жас тоқтамайды», - деп ашынды марқұм Ш.Елгезекованың анасы Гүлжаһан ЗАМАНБЕКОВА.

Еске салайық, жол апаты 29 желтоқсанда Абай мен Сейфуллин даңғылының қиылысында орын алды. Mercedes-Benz Gelendwagen көлігінің жүргізушісі жол ережесін өрескел бұзып, Micubishi маркалы темір тұлпарды бүйірінен соққан болатын. Салдарынан, жеңіл көліктің жүргізушісі мен екі жолаушысы сол жерде тіл тартпай кеткен еді. Ал, апаттан аман қалған актриса Айзада Сатыбалдиеваның жағдайы қазір орташа.