"Сарыарқа самалы" газетінің жарық көргеніне 90 жыл толды

Қарағанды облысындағы "Сарыарқа самалы" газетінің жарық көргеніне 90 жыл толды. Осыған орай облыстық С.Торайғыров атындағы кітапханада атаулы мерекелік шара ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстелге «Сарыарқа самалында» ұзақ жылдар еңбек еткен ардагер журналистер, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ басылымның қазіргі ұжымы мен студент жастар қатысты.

- Бүгін төл басылымның 90 жылдық мерейтойын сіздермен бірге тойлап жатсақ, бұл - кезінде қазақ газетін құрып, артына өшпес мұра қалдырған кешегі Бейсенбай Кенжебаев бастаған аталарымыздың батыл қадамы мен ерен еңбегінің жемісі. Алмағайып замандарда, ұжымдастыруда, сұрапыл соғыста талмай еңбектенген ағаларға қашан да құрметпен қарауға тиіспіз. Сондай-ақ, 1960 жылдары бұл газет «Тың өлкесі» атымен шығып тұрған кезде бір рет жабылып қайта ашылған еді. Төл басылымды аман алып қалған азаматтардың табандылығы біздерге үлгі. Ел тәуелсіздік алған жылдарда да газет ұжымының тасын өрге сүйреп, басылымның таралымын кеңейтуге, оқырман санын арттыру жолында жанқиярлықпен жұмыс жасаған алдыңғы буынның еңбегін ескеруіміз керек. Кешегіге құрметпен қарау арқылы болашағымызды бағамдай аламыз, - деді шара аясында Қазақстанның Құрметті журналисі Тұрсынбай Ибадуллин.

Тарихқа сәл шегініс жасар болсақ, облыста алғашқы қазақ газетінің дүниеге келуі қазақ ауылдарын колхоздастыру саясатымен тұспа-тұс келеді екен. Міне, сондықтан болар, газет алғашында «Кеңес туы» деп аталды. Одан кейін «Колхоз» және «Қызыл ту» деген атаулармен жарияланып тұрды. Алғашқы Бас редакторы – қазақ және түркі халықтарының әдебиеттерін зерттеген белгілі ғалым, профессор Бейсенбай Кенжебаев. Одан кейін де есімдері елге мәлім Ғалым Малдыбаев, Сары Мыңбаев, Әлқожа Мұхамеджанов, Әзілхан Нұршайықов қатарлы жазушылар мен журналистер басқарып, газетті жоғары деңгейге көтерді.

qazaquni.kz