Ольга Демидова: Қазақ халқының қонақжайлық қасиетін ерекше бағалаймын

Ерекше мамандық иелерінің бірі де бірегейі – цирк артистері десек ешкімнің талас тудырмасы анық. Таңғажайыпқа толы цирк өнерін өмірлік серік еткен жандардың көрерменді таңқалдыру үшін қандай жанқиярлық ерлікке баратындығын біріміз білсек, біріміз біле бермесіміз белгілі. Осынау болмысы бөлек бекзат өнерді бағындырған кейіпкеріміз – акробатикадан спорт шебері Ольга Демидовамен сан қырлы да, сиқырлы цирк әлеміне бірге саяхаттап қайтқан едік... Ольга еліміздегі татулық пен достықты нығайтуда да көп еңбек етіп жүрген жан. Оның қазақ халқының даладай дархан пейіліне деген алғысы шексіз.

– Ольга Қазақ циркінен бастау алған осы саладағы еңбек жолыңыз атыңыздың халықаралық деңгейде танылуына түрткі болды. Цирктегі ең алғашқы жеңісіңіз есіңізде ме?

– Мен он жеті жылымды спортқа арнадым. Яғни, жастық жалыным мен күш-жігерімді осы салаға жұмсадым. Кейін ойлана келе шығармашылық тұрғыдан өз-өзімді дамытуды қолға алдым. Сөйтіп 1993 жылы Қазақ циркінің табалдырығын аттадым. Көп ұзамай штатқа қабылданып, қыздардан құрылған топпен бірге еңбек ете бастадым. Өзім акробатикадан спорт шебері болғандықтан, цирк маған аса бір қиындық туғызған жоқ. Қытайда өткен 5-ші халықаралық Нау-чао фестивальіне қатысып, қола медальді жеңіп алдық. Бұл біздің цирктегі алғашқы жеңісіміз еді.

– Айтыңызшы гастрольдік сапармен және жұмыс барысымен әлемнің қай елдерін араладыңыз? Сізге ерекше ұнаған ел туралы әңгімелеп берсеңіз?

– Бірқалыпты жұмыс ырғағы жалықтырып жібергендіктен, түрлі бағытта арнайы нөмірлер қоюды қолға алдым. Акробатикалық дует ретінде өнер көрсеттік. Сонымен қатар, әуе гимнастикасы бойынша "Бамбук" атты арнайы нөмір әзірледік. Өнерімді тамашалап, қайран қалған СССР-дің Халық артисі, аты әлемге мәшhүр цирк артисі Юрий Никулин мені Ресейге шақыртты. Сөйтіп Никулин циркінде табаны күректей алты жыл еңбек еттім.

Қайта Қазақстанға оралып, Валентин Гнеушовтың жетекшілігімен нәтижелі еңбек еттік. Сөйтіп, Жапония, Қытай сияқты әлемнің көптеген елдерін гастрольдік сапармен араладық. Ауызбен айтып жеткізе алмас түрлі кереметтерге куә болдық. Бірақ әлемнің барлық әдемілігі біздің ортақ отанымыз – Қазақстанға жетпейді. Маған айрықша ұнайтын ел ол – өзіміз ауасын жұтып, суын ішіп жүрген, туған еліміз – Қазақстан деп мақтанышпен айта аламын. Өйткені, Қазақстан ешкімді жатсынбай, бар ұлттың баласын бауырына басқан көпұлтты мемлекет. Қаншама ұлттың өкілі ынтымақ пен бірлікте бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатқанымыздың өзі Тәуелсіз Қазақстанымыздың арқасы деп ойлаймын. Қазақ халқының дархан даладай пейілі мен ақ көңілін, досқа қашан да ашық қонақжайлық қасиетін ерекше бағалаймын! Бір-бірімізбен етене араласатын қазақ достарымыздың көптігі көңіл қуантады.

– Жалпы циркте жұмыс істеу қаншалықты қиын? Цирк артисінің бойынан қандай қасиеттер табылуға тиісті?

– Әрбір мамандықтың артар жүгі жетерлік. Дегенмен, цирк артисі болу дегеніңіз – белгілі бір уақытта кабинетке келіп, компьютермен жұмыс істеп қайтатын офис қызметкері емес. Бұл құдды бір әскерилер іспетті темірдей тәртіпті талап ететін мамандық. Денені шынықтыратын манеж үстіндегі жаттығулар, ауада тартылған жіп үстіндегі әртүрлі қимылдар: мұның барлығы біздің күнделікті бетпе-бет келетін ісіміз. Сақтандырусыз қиын трюктерді жасай отырып – көрерменге күлімдеп қарау да – біздің басты міндетіміз. Өзімді жанқиярлық ерлік жасап жүрмін деп есептемеймін. Дегенмен, сәт сайын тәуекелге бел бууға тура келеді.

Егер де сенің өнер көрсететіндігің туралы алдын ала хабарландыру жарияланып қойса, ауырып қалсаң да, басыңа қандай да бір жағдай туындаса да, ештеңеге қарамастан, сахна төрінен табылуға тиіссің. Өйткені, бұл халықтың өнері. Өнердің иесі де, киесі де – халық. Сондықтан, мойныңа артылған жауапкершілік жүгін сезінуге тиіссің.

– Қазақ циркінің кішкентай жұлдызы, қызыңыз – Анастасия үшін де алаңдайтын шығарсыз?

– Мүмкін мен басқа саланың маманы болғанда қызым цирк сахнасының көгінде құсша самғап жүргенін көргенде, тыпыршып бір жерде отыра алмас па едім. Бірақ қызымның жаттықтырушысы ретінде оның сахнадағы әрбір іс-әрекетін жетік білетіндіктен алаңдай бермеймін. Тек берілген тапсырманы тиянақты орындауын ғана талап етемін.

– Әдетте өнерде жүрген жандардың басынан қызықты жәйттер жиі өтіп жатады ғой. Естен кетпес бір оқиғаңызды айтып беріңізші...

– Естен кетпес оқиғалардың бірі – Украинаға гастрольдік сапармен барған сәтіміз еді. Қонақүйден шығып, біздің ұжым өнер көрсететін тау бөктеріне тігілген «Шапитоға» асығып келе жатқан бетіміз еді. «Шапито» – өздеріңіз білетіндей, діңгек тіреулермен тұрғызылған, жиналмалы шатыр түріндегі театр ғимараты.

Сол кезде не себепті кешіккеніміз есімде жоқ. Бірақ дайындыққа үлгере алмадық. Біз жақындап қалған кезде кенеттен алай-дүлей дауыл соғып, «Шапитоны» көз алдымызда тас-талқан етті. Егер де дер кезінде барғанымызда аман қалмас па едік, кім білсін?! Мейірімді Алланың құдіретіне қалай ғана қайран қалмайсың? Көрер жарығымыздың болғаны үшін де әлі күнге дейін шүкіршілік айтып отырамын.

– Күнделікті дайындықтың да шаршататын кездері бар шығар...

– Шаршаймын дей алмаймын. Өйткені цирк – менің өмірім. Шынымды айтсам, цирксіз өмірімді елестете де алмаймын. Керісінше цирктің «азабынан» да ғажабынан да ләззат аламын.

Дегенмен, пендеміз ғой, кейде күнделікті күйбең тіршіліктің жар бермей қоятын кездері бар. Сондайда: «бүгін жаттығуға бармай-ақ қояйықшы» деймін Анастасияға. Ол: «Жоқ мама, қалайда барып дайындалуымыз керек»

деп бірде-бір мезетті қалт жібермеуге тырысады. Осылайша цирк біздің өмірімізге айналды.

– Цирктегі еңбек өтіліңізге бүгінде 25 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында Демидовтар династиясын қалыптастырып та үлгердіңіз... Ізіңізден ерген ізбасарларыңыз туралы айтып беріңізші...

– Жиенім Анна Демидова екеуміз бірге өнер көрсеттік. Оны да кішкентайынан циркке өзім баулыдым. Ол эквилибр жанрын меңгерді. Анна бір қолына сүйеніп тұрып, көкке көтерілген екі аяғымен садақ ататын мерген. Әрі көздеген жеріне дәл тигізе біледі. Әрі бұл әдісті қолданатындар әлем бойынша өте сирек кездеседі. Сондықтан, ол шет мемлекеттерді өнерімен тамсандырып, Жапония, Якутия, Мәскеу және т.б көптеген елдерде өткен халықаралық фестивальдерде алтын медаль иеленді. Биіктерді бағындырып жүрген осындай шәкірттеріммен мен мақтанамын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлмира САДЫҚ

qazaquni.kz