Сегіз баласымен отын қоймасында тұрып жатқан астаналық ана жанайқайын жеткізді
2019 ж. 07 ақпан
9073
0
Елімізде көпбалалы отбасылар мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспанаға қол жеткізе алмай жүргендерін айтады. Жергілікті әкімдіктердің тізімінде тұрсақ та, кезек жылжымайды. Ал несиеге ипотека рәсімдеуге жалақы жетпейді, дейді. Аядай жеркепеде өлместің күйін кешкендер елімізде жетерлік. Қиын жағдайда отырғандардың бірі – сегіз баланың анасы Ботагөз.
Бұл туралы “Еуразия бірінші арнасы” хабарлайды.
Ботагөз 5 ұл мен 3 қыздың анасы. Сегіз баланы асырау үшін жолдасы екеуі екі жақта аз жалақыға жанталасып жұмыс істейді. Алтын алқа иегері қазір жұпыны, тар, лас жеркепеде балаларымен бірге әрең жан бағып отыр. Үлкен пәтерлерді жалдауға қалтасы қалың емес, ал барған жерден көп баланың шуы үшін қуылады екен.
«Отын қоймасында тұрамын. Жетпейді, балалар оқудан келеді. Оқуын оқиын десе орын жоқ үйдің ішінде. Киімдерін күнде жусаң, күнде қап-қара болады», – дейді көпбалалы ана Ботагөз Жұмабаева.
Ақша жинап, шотқа салу тіпті арман. Себебі, тапқан-таянғандары бала-шағаның ішіп-жемінен артылмайды. Тіпті, балалар бір-бірінің киімдерін ауыстырып киіп әлекке түседі екен. Оның үстіне, ай сайынғы несие тағы бар. Мардымсыз жалақы оған да жетпейді, дейді. Жалпы бұл, тек Ботагөздің ғана басындағы жағдай емес. Қалың бұқара пәтер алуға парықсызбыз, деп налиды.
Несиеге тәуелді болған халықтың арманы ипотекамен шектеледі. Себебі, қарызға алсақ та бір шаңырағымыз болса дейді. Ал, еліміздегі бүкіл несие айналымын есептеп отыратын бюро мамандарының сөзінше, биыл несиеге баспаналы болғандар былтырғыдан көп.
«Бүгінгі таңда 2019 жылдың басындағы есеп бойынша Қазақстанның кредиттік портфелі 6 триллион теңге. Оның 25-пайызы,1,5 триллионы ипотекалық несиелердің үлесі. Өткен жылы ғана жүйеде 75,000 миллиард теңгеден астам ипотекалық несиелер берілген. Пәтер алуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың көбеюіне орай ипотекалық несие де өсіп келеді», – дейді бірінші несие бюросының атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева.
Көпбалалылар бұндай ипотекалық несиелердің маңына да жолай алмайды. Өйткені, оны өтемек түгілі, ай сайынғы пәтерақыны әзер тауып жүр. Оның үстіне, биыл пәтердің шаршы метрінің бағасы 4-5 пайызға қымбаттапты. Мәселен, еліміздегі ірі бес қаладағы жағдай мынандай:
Алматыда пәтердің шаршы мерті 374 мың теңге, Астанада 333 мың теңге, Көкшетауда 195 мың теңге, ал Ақтауда 196 мың, пәтерлер арзан деген Павлодардаың өзінде 1 шаршы метр 175 мыңды құрап тұр.
Сатылатын үйлердің бағасының аспандап өсуі жыл сайынғы көрініс. Алайда, 1 шаршы метрдің 5 пайызға бірден көтерілуін көпшілік түсінбейді. Ал,сала мамандары оған себеп көп дейді. Мәселен, “бизнес класс” санатындағы үйлерді салатын құрылыс компанияларын атамағанда, эконом жүйедегі үйлерді соғушылардың бағалары жыл сайын шарықтап, аспанға бір-ақ шығады. Өйткені доллар тұрақсыз. Оның құны өскен сайын құрылыс материалдарының бағасы да өзгеріске ұшырайды. Ол былай тұрсын, өз қалтасын қампайтуды ойлайтын алыпсатарлар да бар, дейді мамандар.
«Егер де сұраныс болмаса, ұсыныс та болмайды. Негізі ол әсерін тигізеді.Олар, мысалға, көбінде қазір келгендердің барлығы пәтердің бағасын қымбаттатып қояды. Бірақ түптеп келгенде, нарықтық бағамен сатылады», – дейді риелтор Руслан Шүкенов.
Көпбалалылар тұрмақ, жастар сәбилі болуға қорқып, аяқтарын аңдап басады. Себебі, қолында дипломы бар жас мамандар пәтерден пәтерге көшіп күйлері қашқан.
«Әрине, оған қарсымын».
«Қымбаттауы енді дұрыс емес қой.Доллар көтеріліп жатыр. Халық ақшаны қайдан табады?»
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбектің
сөзінше, елімізде 28 мың көпбалалы отбасы баспана кезегінде тұр. Оның 2 мыңы Астанада. Ал, былтыр көпбалалыларға 700 пәтер үлестіріліпті. Биыл оның саны 4 мыңға жетпек.