Қазыбек Иса. ЖЕР БЕТІНДЕ ПЕРІШТЕГЕ ЖОҚ ОРЫН!..

Бөлісу:

 

 

 

Кеше Көкшетауда орыс драма театрында жаңа драмасын  қойып жүрген белгілі режиссер, тарлан талант Талғат Теменов телефон соқты. Астанадағы өртеніп кеткен бес қыздың қазасына қатты қайғырып тұр екен. Дауысы дірілдеп, күрсінісі трубканы жарып жіберердей күйзеліп тұр. «Қазыбек бауырым, сен мықты ақынсың ғой, мен ағаңмын, көкеңмін, осы уақытқа дейін сенен ешнәрсе өтінген емеспін. Осы бес періштеге арнап өлең жазшы, ағаңның бір өтінішін орындашы» деді. Мен Қызылорда облысында да үш ұлдың өрттен қаза тапқанын айтып едім, оны естімегенін айтты. Содан соң үкіметтен бастап, жауапты министрлерді сыбап салды.  «Қайда біздің әкімдер, министрлер, депутаттар, неге жаназаға бармайды?!. Бұл ел болып аза тұтар қасірет қой! -деді ашынып.  Мен депутаттардың ел аралап кеткенін жеткіздім.  «Көп өлең жазылып жатыр және бәрі дерлік шын жүректен шыққан шынайы жырлар, көбісі біздің сайтымызда басылды»-деп едім, «Дұрыс қой, бірақ маған сенің жазғаның керек болып тұр»-деді.  Өзіміздің де өзегіміз өртеніп жүр еді, қадірлі ағамыздың өтініші де қозғау сап, қолға қалам алдық.

 

ЖАЛЫН

Былтыр жазда Қызылорда облысы Қармақшы ауданында бір отбасының үш ұлы, биыл 2019 жылдың 9-қаңтарында Қызылорда қаласында саяжайды паналаған отбасының Әлинұр, Алдияр, Абзал атты үш ұлы, ал 4-ақпанда Астанада аядай лашықта тұрып жатқан бір отбасының бес қызы өрттен қаза тапты…. Үш оқиғада да көп балалы отбасының әке-шешелері түнгі жұмыста болған… Қу жоқшылық! Өткенде ғана Әлеуметтік қорғау министрі көп балалы аналарға 16 мың теңге көп деп, елдің ызасын тудырса, кеше вице-министрі ауыр қасіретке ұшыраған ата-аналардың түнгі жұмыс істеуін «бұл олардың таңдауы» деп елді шошытты…. Әлеуметтік желіде жұрт Әлеуметтік қорғау министрі мен вице-министрін орнынан кетсін деп шулап жатыр…

 

Қайран қазақ қалай ғана көп болар-

Біздер өртеп жібердік –

Бес баланы – бес гүлді…

Періштелер-

Пейішке ұшып кетті олар,

Мазаламас енді қыздар ешкімді…

 

Шекесі тар шенеуніктер ұсақтап,

Балалардың несібесі тоналды….

Аязында Астананың бірін-бірі жылытумен құшақтап,

Жатқан қыздар жалынды отқа оранды…

 

Бұдан кейін біздерге  кім сенеді?

Көктей солды қызғалдақтар көкөрім…

Көкке ұшып кетті олар, себебі,

Жер бетінде  періштеге жоқ орын!..

 

Бейкүнәлар, азабыңды тартамын,

Жүрегіме салар ізін әр сыз күн…

Шыдады олар аязына Арқаның,

Шыдамады аязына  атқамінер арсыздың…

 

Қызыл отқа қидық қалай қыздарды,

Аяз би жоқ – алдан олар не күтті?.

Аязбеттер  болғанннан соң ызғарлы,

Аяз Ата жарылқар деп сеніпті…

 

Ақордамыз тұрған асқақ қалада,

Бес періште кетті өртеніп,  қан жылатып халқымды…

Қызылорда, Қармақшыда қармақ салып балаға,

Улы түтін тұншықтырды алты ұлды…

Алты ұл солай аспанға ұшты, жаның шыдай ала ма!

 

Аузын ашса, өлең емес… Зар шыққан,

Қаламын тек қару еткен ақынбыз.

Бала жасай алмай жүріп балшықтан,

Барымызды өртеп келе жатырмыз…

 

Ел сенетін ерлеріміз қайда әлгі?..

Тұрмыстың бұл тұманы әлі торлауда…

Әлеуметтік қорғауымыз айналды-

Әлеуметті қорлауға!..

 

Тәуелсіздік – бағым-барым деп келем,

Әйтпесе көп жүректегі жарамыз…

Бес періште қазасына

Беттері бүлк етпеген

Билікпенен біздер қайда барамыз?!.

 

Қасиетсіз табыса алмас көп елмен,

Қасіретті ата-ананың таңдауы деп тауыпты…

Тілсіз жауды кінәлаймыз, дегенмен,

Бетсіз жаулар бәрінен де қауіпті!..

 

Соғыс жоқта құрбандықтың алды емес бұл, арты да…

Әр қазаның әрқашанда арты  ауыр…

Әкім егер жақын болса xалқына,

Алты  ұлымыз болар еді  алты  ауыл!..

 

ӘлиНұр деп қойған атың керемет!

Шерін қалай тарқатайын көңілдің…

Нұр болса да есіміңде, не керек-

Нұрын көрмей кеттің мынау өмірдің…

 

Абзал деген атың қандай қарағым,

Алдарыңда көп қоғамның қарызы…

Алдияр деп қойса да атын баланың,

Алдиярға жетпей кетті арызы…

 

Баспанасыз  қалды қазақ қыс күні,

Перзенттер жоқ-

Тірліктен бұл мән қашты…

Балаларды өртеген от ұшқыны

Аналардың жалынына жалғасты!..

 

Ұран болар Ұлттың қашан бар үні,

Құтқарады құлдықтан кім сананы?

Өзегімді өртеген от жалыны

Жанымды өртеп барады…

 

Сүрінетін сүйексіңді сүреде

Тексіздіктен бізге бақыт жоқ қонар…

Тілін білмес – тірлігіңді біле ме!

Шет тілінде сөйлейтіндер шет болар!..

 

Дар ағашын дайындаған дараға,

Тұрмыспенен тұсау салып данаға,

Тиын-тебен тастап қойып балаға,

Бар байлығын шашып келген далаға,

Үкіметке үкім етер күн келді!

Шығарайық іштен тынған үнді енді-

Сіз қайдасыз, Ұлтқа қарыз Нар аға?!

Ерміз бе біз, Елміз бе біз –

Ендеше,

Бер Бостандық санаға!

07.02.2019.

Қазыбек  ИСА,

Qazaquni.kz

 

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 3 пікір жазылған

  1. Зейнолла Абажан 7 Ақпан, 2019 09:00 Жауап

    Азаматтық ұстанымын танытқан ақындарға мың да бір рахмет! Бүгінгінің Бұқары деуге болады сіздерді.Кез келген қазақ өлең құрастырады, бірақ азаматтық үнін білдіре алмайды өкінішке орай. Кешелі бес бүлдіршіннің қазасы онсыз да белі қайысқан қазақтың омыртқасын үзіп кетті. Енді мұндай қаралы қайғы болмасын деп тілейік Құдайдан…

  2. 77077330703 7 Ақпан, 2019 20:09 Жауап

    Терең мағыналы сөздер екен…
    Өкімет осындай ауыр сөзге айыпқа лайық.
    Пррблема шешімін, көзі ашық адамдар – жатақхана, ипотекалы субсидия деп байағыдан айтып келеді. Қыстырмайды ғой, намыстанып.
    Тағы бір мәселе. Кез келген жарақат, адам шығыны бұлай тұрсын, бәз біреудің өз міндетін дұрыс атқармағаны. Демек, құқық қорғау органдар міндеті сол жауапты кісіні анықтау және оны жауапқа тарту. Органдар бұл міндетін абыроймен атқарар үмітім жоқ емес.

Пікір немесе жауап жазу

4 × бір =