Тұңғышбай Жаманқұлов: Министр екеуіміз ұғынысармыз, іскер жігіт қой

ҚР Мәдениет министріне мін таққан  Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов енді Елбасына хат жазып, артық  сөйлеп қойғаны үшін кешірім сұрады, - деп жазды jurnalist.kz.

Аса құрметті Президент мырза!

Қымбатты Нұрсұлтан Әбішұлы!

Қадірлі Нұр-аға!

Қолыма қалам алдырып, Сізге осы хатты жазуыма мәжбүрлеген бірінші себеп – ол Сізге деген ерекше ықыласым мен адал ниетім. Сонан соң, соңғы кездердегі әлеуметтік желілерде шулап кеткен оқиғаға деген теріс және келіспеушілік көзқарасым. Министр А.Мұхамедиұлымен арамыздағы жұмыс барысында туған айтыстарымыздың қоғамда етек алып, оны кейбір теріс пиғылды оппозиция өкілдерінің ушықтырып жатқанына қатты өкіне отырып, мені Сіздің алдыңызда ұятқа қалдырғанына жер болып отырмын. Осы бір ыңғайсыз жайтқа байланысты, алдыңызда басымды иіп, Өзіңізден кешірім сұраймын. Менен үлкен ағатық кетті, тап осылай болады деп ойламаппын. Еліме, Өзіңізге деген ізгі, таза ниетімнің жұмыс барысындағы түсініспеушілікке бой ұрғанына қапалымын. Министр екеуіміз ұғынысармыз, іскер жігіт қой. Тек Сіз мейірімділік жасап, маған өкпе артпауыңызды өтініп сұраймын. Мені кешіріңіз, аға!! Сізді құрметтеуші ініңіз Тұңғышбай Жаманқұлов.

Айта кетейік,  осыдан 2-3 жыл бұрын «Феникс» фильмін түсіруге мемлекеттен бөлінген қаржыны жымқыруға қатысты бірнеше адам айыпты деп танылып, жаза кесілді. Солардың арасында әйгілі актер Тұңғышбай Жаманқұловта бар.