Ақтөбеде 10 ай жалақы алмаған жұмысшылар әкімдікке барып шу шығарды

Ақтөбеде 10 айдан бері жалақысын ала алмай жүрген жүргізушілер қала әкімдігінде барып шу шығарды. Олар жаз бойы қаланы көгалдандырып, ағаштарды суардық, алайда көк тиын алмадық деп отыр. Мердігер мекеме қалалық әкімдік атқарған жұмысқа ақша аудармай, жұмысшылардың алдында берешек қылып қойғанын айтады. Ал шенеуніктер өздеріне шаң жуытар емес. Тіпті біз бұл мердігерді танымаймыз деп қысқа қайырды. Сонда қарапайым жұмысшылар осы уақытқа дейін кімнің шаруасын тындырған? Әкімдік көз алдында не болып жатқанынан неге хабарсыз? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Осы 43 гектар жерге отырғызылған көшеттерді суару үшін көлік жүргізушілері күніне 10-12 мәрте қатынаған. Жанар-жағармайы, бұзылған көлікті жөндеуі бар - барлық шығынды өздері мойнына алыпты. Атқарған жұмысы үшін мердігер әр көлікке күніне 1 400 теңгеден төлеуге келіскен. Мұның барлығы жеке серіктестік пен жүргізушінің арасындағы келісім шартта да көрсетілген. Алайда, қолда құжат бар болғанымен, мердігер мамыр айынан бері жұмысшыларға көк тиын бермепті.

“Майдың 15-нен бастап ТОО «Экопаркке» тал суаруға жұмысқа шықтық, договормен. Май жұмыс істедік, ақшасын сұрап едік, договорлар бітпей жатыр, істей беріңдер деді. Май істедік, июнь істедік, июль істедік. Менің екі машинама 1 млн 600 қарыз. ЖКХ барып едік, бізді қабылдамайды да, сіздерді білмейміз деді” – дейді көлік жүргізушісі Болат Кенжалин.

«Тендердің ақшалары бірден түсіп болмайтын болғасын, осы уақытқа дейін күтіп келдік. Болмағанын «ЭКОпарк» басшысын шақырттық, ол айтты ЖКХ-дан ала алмай отырмын деп. Ертіп алып ЖКХ-ға бардық, олар сені танымаймыз, тендер вообще болған жоқ дейді. ЖКХ ға кезінде айтқан суара бер, артынан төлейміз деген. Бізден екі ортада қалып тұрмыз. Сотқа береміз деп отырмыз » - дейді көлік жүргізушісі Асылбек Тасқалиев. Он ай бойы жалақысын ала алмағасын, Дархан Тасанов амалсыздан нан тауып отырған су таситын көлігін сатып жібергенін айтады. Өйткені, отбасын асырап, жалдамалы пәтердің ай сайынғы ақысын төлеуге ақша таппай қалған. Тіпті, күн сайын мердігерге барып маңдай теріммен тапқан ақшамды қайтар деп баруға да жолақыға төлейтін тиын таппай қиналам дейді.

«Арыз жазудың өзіне да бізге жүріп-тұруға ақша керек. Өзім пәтер жалдап тұрам. Бір сұрайсың ертең дейді, тағы бір сұрайсың. Сол ертеңмен 10 шы айға кетті. Күнде ертең айтатындары” – дейді көлік жүргізушісі Дархан Тасанов. Жұмысшылардың айтып отырғанының бәрі рас екенін мердігер компаниядағылар да үнсіз мойындады. Қолдарындағы құжатта қала аумағындағы 43 гектар алқапқа 200 мың түп ағаш отырғызғандығы, оны 40-тан астам адам күтіп-баптағаны, суарғаны жазылған. Мұны растап қаланың Астана мен Алматы ауданы әкімінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміндегілер, орман шаруашылығы мекемесінің жауапты мамандары қол қойған. Бүгінгі күні мердігердің жұмысшылар алдындағы берешегі 30 млн теңге екен. Весной 2018 года была устная договоренность по посадке лесного пояса г.Актобе. АУДАРМА: “2018 жылдың көктемінде қала аумағының маңайына жасыл желек отырғыpуға ауызша келісім жасадық. Сәуірде жұмысты бастап кеттік. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөліміндегілермен құжат жүзінде келісім болмағанымен, олар ауызша жұмысты атқара беріңдер, ақшаны төлейміз деді. Кейін тендер жарияланды, қатысасыздар деді. Бірақ, артынан тоқтатып тастады тендерді. Себебін бізге айтпады. Қала әкімінің атына хат жазып едік, ол тұрғын-үй коммуналдық шаруашылыққа жіберді, ал олардан жауап ала алмай отырмыз” – дейді мердігер компанияның учаске бастығы Александр Гаврилов.

Ал әкімдіктегілер болса, иелегіндегі 43 га аумақта не болып жатқанынан тіпті хабарсыз болып шықты. Ол аумақта кімнің не өсіріп жатқанын да білмейді екен.

“Бұл кісілердің еккендері біздің балансымызда жоқ, біз ешқандай тендер жариялаған жоқпыз. Аумақ біздің баланста, бірақ ек деп ешкім айтқан жоқ ғой. Тендер болмаса, қалай любой адам барып өздігінен егеді. Мен еккен, біз еккен жоқпыз деп айтым тұрмыз ғой. Бізбен тікелей келісім шарттары жоқ ешқандай. Жұмысшы мен ЭКОпарк арасындағы келісім шарттары шығар” – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Жұлдызбек Бисембин. Ауызша келісімнің кесірін осылайша қарапайым жұмысшылар тартып отыр. Екі ортада тындырған есіл еңбектерінің бәрі далаға кеткендеріне қынжылады. Көлік жүргізушілері әрі қарай құзырлы органдарға шағымданамыз деп отыр. Ал мердігерге «шаруаны тындыра бер, артынан ақшаны аударамын» деп тапсырма берген шенеуніктің кім екені сол күйі жұмбақ болып қалды.