Қаржаубай Сартқожаұлы: Бұқаралық сананы жаңғыртуға арналған бағдар

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» проблемалық мақаласы, одан кейінгі «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы, «Елім, жерім, Қазақстаным» деп еміренген патриоттарына қуаныш сыйлап, рухани күш-жігерін қанағаттандырып дүр сілкіндірді. Біз Елбасының осы сөзін, осы идеясын күтіп едік. Демек осы саясатты іске асыру үшін Президент 27 жыл толғатқан болар. Асығыстық етсек апатқа кетесің. Көп ойланып, көп толғанып, ішкі сыртқы факторды есепке ала отырып бір аттап, бір шұқып отырып алға жылжу қажет болды.

Рухани жаңғыру бағдарламасын ұсыну оңай дүние емес екенін сезінеміз. Тәуелсіздік алған кездегі кедергілер де, кең ойланып шешетін мәселелер де мол болды.

Олар:

1. Кеңестік идеологиямен уланған халықтың (ұлтына қарамай) саяси таным түсінігін, түйсігін өзгерту;

2. Жаңа нарықтық экономикаға бейімдей отырып, жаңа саяси идеологияны енгізу, сіңіру, үйрету, шығармашылықпен игеру;

3. Кеңестік режим кезінде халық қорқыныш пен үрейде өмір сүрді. Сол режимнен кеткелі 27 жыл болса да халықтың санасынан әлі де толық арыла қойған жоқ. Оның да өз себебі бар...

4. Үрейде өмір сүрген халықтың әлеуеті төмен, жаңа қоғамды алып жүріп кететін адами капитал нашар, сапасы қуатсыз, рухы өлген. Тек қана өлместің күнін көріп бір тілім нан үшін күресті. Халықты осы үрейден арылтуға уақыт қажет болды.

5. Одақ күйрегеннен кейін Ел экономикасы құрдымға кетті. Тоналды, құлады, құлдырады. Осы экономиканы бірінші кезекке қойып еңбек еткенімізге 27 жыл болды. Елбасының шебер ұйымдастыруының арқасында экономикамыз аяқтан тұрды.

Саясаттың шебер зергері Елбасымыз осыған дейінгі 27 жыл бойы «Бір халық, бір ел, бір тағдыр» деген ұстанымды халықтың зердесіне қондырды. Нәтижесінде еліміз өзінің жеке дара сувернитеті бар, тұлғалы мемлекет болып қалыптасты. Әлемнің саяси аренасында «Қазақстан» деп аталатын жас мемлекет бейбітшіліктің, ынтымақтықтың, адами гуманизмнің символындай елестеп, бақыт пен баяндылықтың бесігіндей түсінік қалыптастырды.

Біз көршілерімізді де, мұхиттың ар жағындағы алпауыттарды да дос санадық. Осылар өкпелемесін, осылардың қабағына кірбің ұяламасын деп бәрін бердік. Ниетіміздің кеңдігінен сұрағанын бере отырып, өзімізде ептеп көтеріліп, экономикамызды бір ізге салдық. Береген қолым алаған.

Осылайша сыртқы достарды да, бір жолға қойып алдық. Оларды сенім құндағына бөледік. Осылайша алыс, жақындағы елдермен бейбіт, қатар өмір сүріп саяси кем-кетігімізді түзеп алдық. Бұған дейін осы аралықта экономиканы алдыңғы кезеңге қойып, ел экономикасын көтердік. Адами капиталдың сапасы бұдан 27 жыл бұрынғы деңгейінен көтеріліп жаңа сапаға ие болды. Бұл уақытты игергеннің куәсі. Уақыт пен кеңістіктің осынау ұштасқан жайлы мүмкіндігін пайдаланып, енді рухани құндылығымызды көтеретін уақыт келгенін Елбасы нысанаға алып, көп жыл бойы ойлаған мақсатын алдымызға жайып салды.

Елбасы бұдан бұрын жариялаған Бес институттық реформасында «Реформаның мәні-ұлтты жаңғыртуда. Ұлттың сапасы, халық рухының күшінде...» дегенді. Көріп отырсыздар, Елбасы сондағы айтқан философиялық тұжырымын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты танымдық, әдіснамалық мақаласында тереңдетіп, іс жүзінде қолдану функцияларын көрсетіп берген.

Мақаланың түпкі мақсаты: Қазақстан халқы біртұтас ұлт болып қалыптасу. Ол үшін ең әуелі бұқаралық сананы өзгерту, адами капиталды сапаландыру, оны рухани жаңғырту. Елбасының мақаласы газет бетінен орын алғаннан кейін құптаған, қолдаған, қуанған ұсыныстар айтылды. Әлі насихаттала беретін болады.

Кешікпей биылғы жылы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көргеннен бергі бір айдың ішінде баға беріп баптаған, ұлтын ұлықтаған ондаған мақала жарық көрді. БАҚ-дың барлық мүмкіндіктерімен насихатталып жатыр. Сол дуалы ауыздардан шыққан дұғалы сөздер, айтылған ұсыныстар халықты бір серпілтіп тастады.

Мақала жақсы насихатталып жатыр. Ерекше айтарым Елбасының бұдан бұрын жариялаған «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» мақаласының тікелей жалғасы. Осы мақалаларда айтылған әр ой, әр сөз бүкіл халықтың, келешегімізді жалғастырушы бүгінгі ұрпақтың тарихи сана-сезімін қалыптастыруға даңғыл жол ашты. Елбасының әр сөзі ұлы мұхитта жүзіп бара жатқан кемеге бағдар көрсетіп тұрған жағалаудағы маяктай ғылыми-әдістемелік және саяси жол көрсетіп тұр.

Тарихи сана сезім дегеніңіз сонау есте жоқ ежелгі дәуірден бермен қарай ұлтымыздың жасаған тарихи құндылықтарын ұрпақтың жадына сіңіріп,содан алған рухани қорегін ел мүддесіне арнайтын ұлы күш, баламасы жоқ қуатты энергия.

Біз бірнеше мыңжылдықтар бойы жасаған тарихы бар халықпыз. Тарихты жасап ғана тынған жоқпыз. Жер шарының қақ жартысына қожалық еткен халықпыз. Ежелгі Ғұн, Көк Түрік, Жошы-Қыпшақ империясы соның айғағы. Әлемдік деңгейде басқалардан қалыспай мәдениет жасап, сол мәдениетімізбен әлемге әсер еткен халықпыз.Бұған дәлел: жартылай көшпелі, жартылай отырықшы мәдениет қалыптастыру; мал шаруашылығын игерудің әлемдік модулін жасау; өзін қорғану қарулары, далалық соғыс тактикасымен стратегиясын қалыптастыру; Жылқыны қолға үйретіп, әлем халқын атқа

қондыру, әлемнің көркем сурет (живопись) өнеріне аң өрнегін (звериный стиль) енгізу; түркі этносының өз өкілі байырғы түрік бітігті әлем ой-санасының алтын қорына енгізу дген сияқты мыңдаған жаңалықтарды әлем өркениетіне қосқан халықпыз.

Алтын Орда заманында француз саудагері Марко Полаға «егер сіз Қырым түбегінен Бейжіңге дейін баратын болсаңыз жаныңызда қайткен күнде бір қыпшақ азаматы болсын. Қыпшақ тілі осы кеңістікте бірінші тіл» деген. Бұл сөз біздің қыпшақ тіліміз немесе қазақ (татар, башқұрт, гагауз, ноғай т.т.с.с.) тіліміз орта ғасырда бүгінгі ағылшын тілінің деңгейінде болғанын дәлелдейді.

Біз мемлекеттілікті қайта жаңғыртып, жаңа тұрпаттағы мемлекет құрдық. Бейнелеп айтсақ жаңа тұрпатты Ордамызды тұрғыздық. Мемлекетшілдік түсінік, рухпен халқымызды қаруландыру қажет болып тұр. Ол дегеніңіз бейнелеп жеткізсек, Ордаға кіріп барғанда жаныңызға, сезіміңізге ерекше күш беретін аура қалыптастыру деген сөз. Сіздің сұрап отырған рухани-мәдени дербестік деген осы болмақ.

Біз Кеңестік 70 жылда өз тарихымыздан айырылып қалған едік. Тарихи сана-сезіміміз адасып қайдағы бір измдердің дұғасына байланып тарихи санамыздан айырылдық. Кеңестік кезеңде еуроөктемдік, ресейлік өктемдік идеологияның жетегінде кеттік. Енді осы идеологиядан жанымызды, ой арманымызды, ойлау қабілетімізді тазалау сіздер мен біздердің алдымызға қойылып отырған міндет. Елбасы осы өктемдіктерден құтылатын жолды көрсетіп берді. Қолдау Министрліктердің басшыларына сын, жасай алмасақ ғалымдар бізге серт. Осылайша, измдерден тазаланып халықтың өзі жасап кеткен тарихын өзіне қайтаруымыз керек. Сондай жағдайда біздің халық өз тарихына менсінбей қарау, үрке қарау көзқарастан айырылады.

«Ұлттық жаңғыру» мақаласы жарияланғаннан кейін латын алфавитіне қол создық. Көп жұмыстар атқарылды. Сонда да осы алфавит хақында айта беру, насихаттай беру қажет болып тұр.

Алфавит дегеніміз аса қуатты, күрделі саясат. Кезінде Көк Түрік империясы бір ғана Бітіг (руна) әліпбиімен бүкіл бүтін империяны бір тудың астына ұйыстыра, топтастыра алды. Шығысы Маньчжуриядан батысы Еділге дейінгі 10 000 км, оңтүстік шығысы Қытайдың Ұлы Қорғанынан, Гималай, Гансу, Хантәңірінен, Солтүстігі Лена бойындағы Түнеліне (Якутия) дейін 8000 км алып аймақта екі диалектіде сөйлейтін бүкіл түркілерді бір ғана алфавитке жүгіндірді. Бұлар негізінде «И» және «Ж» тілді халықтар еді. Сол алып империяның қуаты, рухы түркі халықтарын ХХІ ғасырға алып келді. Демек, біздің қолданғалы отырған халықаралық латын алфавиті Қазақстан халықтарын ұйыстыратын бірден бір қару және қуатты саясат болмақ. Бір миллиард үш жүз мың қытай халқы алты диалектіде сөйлейді. Батысы шығысы, шығысы батысын, оңтүстігі солтүстігін ауызша қатынаста түсінбейді. Бір ғана иероглифпен түсініседі. Сол бір ғана иероглиф бүкіл қытай халқын ұйыстырып отыр. Бұқаралық сананы өзгертуге байланысты Елбасы мақаласында ерекше тоқталады. Үнемі философия айтып, үгіт насихат жүргізе берсең халық мезі болады. Социализм заманында бұндай

үгіт насихаттың небір түрін көрдік. Нәтиже болмады. «Адам» атты пенде еңбектенумен қатар көңілді демалып, ойнап, күлу керек. Тойлау керек, шалқып-толқып қуану керек. Онсыз өмір мәнсіз. Адам сұлулыққа, үйлесімділікке, әдемілікке құштар. Осы құмарлығын, құштарлығын ұлтты ұйыстыруға біз неге пайдаланбаймыз. Үнемі қамшы үйіріп, үрейде ұстауды кім жақсы көрсін. Адамның, ұлттың, халықтың тілеп тұратын тілегін орындап, арманын ұзартып, тоқ сезіммен уайым-қайғысыз өмір сүруін қамтамасыз етуіміз керек. Сонда не істе дейсіз ғой?

Бізде мереке көп, демалыс көп. Соларды ыңғайына қарай пайдалана білуіміз керек сияқты.

Басқасын айтпағанда үш үлкен мереке бар:

1. Жаңа жыл. Бұл мереке өз межесінде өткізіліп келеді. Кейде асып төгіліп шектен шығып кетіп жүрген жағдайы бар.

2. Тәуелсіздік мерекесі: Бұл қастерлі мерекемізді қасиетті мерекеге айналдыру мәселесі тұр. Бүгінгі жағдайда жаңа жыл мерекесінің көлеңкесінде қалып, халық тәуелсіздіктің құдіретін сезіне алмай жүр. Сондықтан қазан, қараша айларына ауыстыру керек сияқты.

Мемлекет тарапынан берілетін мемлекеттік марапаттар, барлық сый-сияпат осы мереке қарсаңында берілсе...

3. Наурыз мерекесі.

Бұл мереке бүкіл халықты қамтитын қоғамдық мереке, қоғамдық шара.

а) Ұлттық спорттың түрлерін-бәйге, күрес, көкпар, садақ атуды бүкіл халықтық деңгейде көтеру.

Сонау артта қалған алыс ғасырлардан бермен қарай біздің халқымыз елдің елдігін, ердің ерлігін сынайтын күресті, ер қанаты атты, шеберлігін шендестіретін садақты, азаматы мен атың күшін сынайтын көкпарды ұлттық-той мерекесінің алқасындай алқап, ұлықтап келген. Осы сайыс түрлері қазақтың ұлттық бет-бейнесін басқалардан ерекшелендіріп келген. Ауылдан бастап, аудан, облыс, мемлекеттік деңгейде спорттың ұлттық түрлерін жыл сайын тұрақты жүргізуді қолға алу керек. Бұл сайыстар Тәуелсіздік мерекесі мен Наурыз мерекесінің алғашқы 3 күнінде өтіп тұрса жөн болар-ақ еді.

Мемлекеттік сайыстарға аудан, облыстардан жеңіп шыққан таңдаулылар қатысады. Бәйгесін Мемлекеттік деңгейде Ел президенті, Премьер министр, Сенат және Парламент төрағалары, депутаттар тапсырса қарапайым халықтың рухы көтеріліп, өз ұлтына, еліне деген мақтаныш пайда болып, өмірге деген белсенділігі артар еді.

Облыс, ауданда да жеңімпаздарды осы үлгімен бәйгесін ұсынатын болса, бүкіл халыққа мақсат еткен идеямыз жететін болады.

Бұл дегеніңіз ұлттық дәстүрді мемлекеттендіру, қоғамдандыру, әлеуметтендіру деген сөз. Сонда ғана қазақ ұлтының дәстүр-салты қоғамның әр мүшесіне жетіп, сол іс-қимылға, сайысқа араласып, содан ләззат алып, жұбаныш табады. Әрі билік пен халықтың алыстап кеткен арасын жақындастырады.

Бұл шара қазақтың ұлттық құндылығын жаңғыртумен бірге ұлттық бет-бейнемізді қазақи кейіпке келтіретін бірден бір қуатты күш болмақ.

б) Бүгінгі қазақ өзінің ұлттық киімінен айырылып қалды. Біздің ұлттық киімдеріміз өздерін мәдениеттіміз деп есептейтін ұлттардың киімінен кем болған жоқ.

Қазақтың ұлттық киімі сонау Көк Түріктер дәуірінен қалыптасқан. Сол дәуірдегі киім үлгісі мүсіндер мен қыш терракоттарда, тарихи деректерде сақталған. Археологиялық қазбалардан да табылып отыр.

Төрт ғасыр өмір сүріп Қытай халқының қытайлық менталитетін қалыптастырған Таң патшалығының, патша сарайының ханумдары мен ханшалары, ханзадалары мен сарбаз-сардарлары сол заманда Көк Түрік, Біріккен Түрік Қағанат Ордасының ханумдары мен ханшаларының және әскери киімдеріне қызығушылық танытып, күнделікті өмірде қолданғаны тарихи құжаттарда сақталған. Сол дәуірде киімдерімізді, Біріккен Түрік қағанаты құлаған соң Бесбалық, Тұрфан, Қашқар бағытына, Орхоннан қоныс аударған түріктер алып кетіп, Шығыс Түркістандықтарға жеткізді, сол киімдердің біразын ұйғыр халқы сәл өзгертіп ғана бүгінге дейін қолданып келді. Осы киімдерімізді Көк Түріктің бүгінгі ұрпағы қазақтарға қайтару мүмкіндігі туып тұр. Оның сыртында орта ғасырдағы Жошы ұлысы мен Қазақ хандығы дәуіріндегі киімдеріміз де ұмытылды. Осыларды түгелдей қайтаруымыз керек. Ұлттық бет-бейнемізді жаңғырту үшін ауыл, аудан, облыс, мемлекет деңгейінде ұлттық киімнің конкурсын, фестивалін жыл сайын наурыз мерекесі кезінде өткізіп тұрса (театрлық киімдер бұл сайысқа қатыспайды) ұмытылған ұлттық киім үлгілерімізді жаңалап, қайта жаңғыртуға қол жеткізер едік.

* Күн сайын қарапайым өмірде киіп жүретін ерлер киімі (жазғы, қысқы);

* Қарапайым өмірде киінетін әйелдердің киімі (жазғы, қысқы) т.т.с.с.

Номинацияларға бөліп бәйге жариялау дұрыс болар еді.

в) Қазақ асханасы қайда? Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбеге еліміздің кез келген өңіріне барсаң солардың бірде біреуінде қазақ асханасы жоқ. Мына ел азаматтарында намыс бар ма? Не болып кеткен? Қайда барсаң корей асханасы, өзбек асханасы, француз, ағылшын, бразилия т.т.с.с. адрестар, тағамдар қаптап тұрады. Сонда қазақта асхана жоқ па? Қазақтар бұған дейін тамақ жасай алмай келген бе? Жоқ! Олай емес. Ендеше неге алақан жайып қарап отырмыз. Қазақтың дәміндей дәмді қайдан табасыз? Қазақтың тағамдарындай тағамды қайдан іздейсіз? Бізде бәрі бар. Кеңестік дәуірде «қазақ жаман», «қазақ жалқау» деп ұрып тастаған. Әлі де сол сойқан жұдырықтың астынан шыға алмай жатырмыз. Сондықтан, ауылдан бастап республикалық деңгейге дейін «Қазақ асханасының», қазақ тағамының іс-шараларын Наурыз мерекесіне орай жыл сайын тұрақты түрде өткізіп, озып шыққандарын марапаттап отыруды қолға алатын қажеттілік туындап отыр. Намысы бар қазақтар атсалысыңыздар!

г) «қара жорға» биін бүіл халықтық дәрежеге көтеру. «Қара жорға» - Испандықтардың фламенко, поляктардың полькасы, Украиндықтардың

гопак, Орыстардың калинка-малинка, Латын Американдықтардың румба сияқты бүкілхалықтық бидің деңгейіне көтеріп Наурыз тойында билейтін дәрежеге көтеру.

Осы ұлттық құндылықты Тәуелсіздік тойында, Наурыз мерекесінде және сол сияқты мерекелерде де мың адамға (1000) дейінгі құраммен билеп халыққа көрсету, рухын көтеру.

Міне, осындай бағдарламалар наурыз мерекесінің беделін көтеруге, онымен қатар қазақтың ұлттық болмысын даралап, әлемге таныстыруға үлкен септігін тигізер еді.

Мұндай шараларда билік өкілдері басы қасында болуы, қолға алған істің ілкімді де саналы орындалуына әсер ететінін ұмытпауымыз керек.

Сонда ғана көшірме мәдениеттен алыстап, ұлттың тарихи тамырынан нәр алған, ұлттық рухан құндылығымызды бүкілхалықтық деңгейге көтеріп, ұлттың санасын жаңғырта аламыз.

4. Ұлттық этикалық озық ғұрыптарымызды бүкіл халықтық дәрежеге көтеру.

а) Қазақтың ұл-қыздары, ибалы, әдепті, ізетті. Қыздарымыз үлкендерге иіліп сәлем беру, ұлдарымыз ізеттілік көрсету, үлкенді сыйлау сияқты ұлттық ғұрыптарымызды сақтап қалған. Ұзаққа бармай-ақ, автобуста, қоғамдық көлікте, үлкендер кіріп келсе жастарымыз саналы түрде орын беріп, алқап, құрметтеп отырғызады. Өздерін мәдениетті санайтын европалықтардан, қытайлар мен жапондардан ондай ізет көрмейміз. Тек қана қазақ пен өзбекте сақталған. Бұны болымсыз, елеусіз деуге болмайды. Бұл ғұрып біздің мәдениетімізді, бет-бейнемізді көрсетеді. Отбасынан басталатын бұл тәрбие бүкіл ұлттың беделін көтереді. Шетелден келіп жүрген ғалымдар, жазушылар біздің осы әдет-ғұрпымызға таңқалып, разы болатынын көріп жүрміз.

б) Ұл-қыздарымыз аса намысшыл болып келеді. Өзінің жеке басының әлсіздігін басқаға көрсеткісі келмейтін бекзаттылық бізде жақсы сақталған. Оқыс мінез көрсетпей, басқаға басындырмай, ұлтының жақсылығына қуанып, жайсыздығына іштей ренжіп жүретін бекзаттылық бізде басым. Бұл ұлттың намысшылдығын көрсетеді. Қазір Қазақстанның қай қаласына барсаң жатжұрттық әншілердің, әртістердің суреті ілулі тұрады. Олардың әнші қыздарынан біздің қыздардың несі кем. Керісінше қазақ қыздары сұлу, инабатты,көрікті. Неге солардың суретін ілмеске. Астанада Галкинның суретін әр көшеге іліп қойыпты. Оның орнына Димаштың, Нұртас Қайраттың, Төреғали Төрәлінің суретін неге қоймаймыз? Тағы бір ғана мысал: Қытайда Қазақстандық боксшы мен Қытайдағы қазақ боксшы бір-бірімен жұдырықтасуға бармаған. Бүкіл халық құлақтанды. Бұл не? Бұл ұлт намысы, ұлт бірлігі. Бір бәсекеде бәйге алып атақ шығрудан бас тартып, ұлттық бірлік, ұлттық намысты қорғап шыққан. Осындай жақсы ғұрыптарымызды бүкіл халықтық деңгейде көтерсек біздің бет-бейнеміз айқындала түсер еді.

5. Ұлтқа байланысты Кеңестік кезеңде қалыптасқан ғылыми терминдерді қайта қарау:

а) Кезінде сонау Хунну (сюнну) империясынан бермен қарай (Көк Түрік, үйсін, түргеш, қарахандықтар, қыпшақ, қазақ т.т.с.с.) Ресей қоластына кіргенге дейін әкімшіік бөліністі оң қанат, сол қанат, орталық (ордалық) деп бөліп, Ұлы Дала көшпелілерінің ел басқару жүйесін жасаған еді. Қазақ хандығынан бастап бұл жүйеге әскери рең беріп жүздік деп атап кеткен. Сол үш жүзді Ресей империясы біріне-бірін қарсы қоюмен қатар жүздіктер ішіндегі тайпалар, руларды да бір-біріне қарсы қойған. Билеуші жатжұрттықтар өздері от көсеп алып бұл процесті трайболизм деп атап қазақ халқын мазаққа айналдырған, қорлаған.

Кезінде біздің ғалымдар «ру-тайпалық жүйе» деген атауды «биоәлеуметтік (биосоциальный) жүйе» деп атауды ұсынған еді. Қандас, туыстас рулар бірін-бірі қолдап, өз адамын, ұрпағын басқаға қорлатпаған. Бір-біріне көмек қолын созып, жетімін жылатпай, жесірін қаңғытып далаға тастамай асырап адам қылған. Сондықтан туыстық қолдау жағы, әлеуметтік көмек болу жағы басым болған. Осы ерекшелігін ескеріп «биоәлеуметтік жүйе» деп алуды ұсынамыз.

б) Қазақ атын атаса болды «номад», «көшпелі», «қаңғыбас» деген тіркестер қаптап кетеді. «Номад» дегеніміз үйсіз, күйсіз, еш нәрсе өндірмейтін, басқаның табысымен күн көретін сыған тобырын атайды. Ал, қазақтың бабалары басқа ұлттардың бабалары сияқты (орыс, украин, неміс, ағылшын, араб т.т.с.с.) көшпелі болғаны рас.

Біздің бабаларымыз ежелгі Хун дәуірінен бастап қала тұрғызып, жер жыртып, егін егіп, жартылай көшпелі, жартылай отырықшы қоғам орнатқаны бүгінгі күні ғылымда әбден дәлелденген мәселе. Хун дәуірінің өзінде 21 қаласы болғанын археологтар дәлелдеп берді. Көк Түрік дәуірінде бүгінгі Солтүстік қытай, Моңғол үстіртінде барлығы 30-дан астам, Сыр бойында 19 қаласы болғаны анықталып отыр. Сондықтан осы сияқты ғылыми тұжырымдарды танымдық публицистикаға молдап енгізіп халықтың көзін ашуымыз керек. Қазақтардың ата-бабасы Көк түріктерден бері жаппай көшпелі болған деген тұжырымды ысырып тастайтын уақыт жетті.

Осындай ғылыми терминдерді қайта қарау арқылы ұлттың ұлтжандылық махаббатын арттырып, патриоттық сезім ұялататын боламыз.

Осы сияқты мәселелер көп. Біз соның бірлі жарымын ғана сөз еттік. Қазақстанның әр азаматы осы іспетті мәселеге атсалысса бұқаралық сананы жаңғыртуға септігін тигізер еді деп ойлаймын.

Ұлттық код, ұлттық бет-бейнемізді мәңгі ұлықтап өтелік. Көк туымыз аспанда мәңгі желбіреп тұрғай!

Қ.Сартқожаұлы

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Түрік, Алтайтану ғылыми зерттеу орталығының директоры,

филология ғылымдарының докторы,

тарих ғылымдарының кандидаты, профессор