Азат Перуашев ҚАЗАҚ РЕСПУБЛИКАСЫ АТАУЫН ҚАЙТА ЕНГІЗУДІ ҰСЫНДЫ

2127
1
Бөлісу:

Қараны – қара, ақты – ақ, Қазақты – Қазақ деп атауымыз керек

Азат Перуашев Қазақ Республикасы атауын қайта енгізуді ұсынды – бұл жөнінде «Ақ жол» партиясының төрағасы бүгінгі өткен Мәжілістің пленарлық отырысында Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды «Қазақ үні».

Онда «1920 жылы тамыз айында Москвада СовНарКом шекара мәселесін жан алысып талқылағанда, Әлімхан Ермеков бірнеше рет баяндама жасады. Осы жұмысқа Ахмет Байтұрсын, Әлихан Бөкейхан және басқа да қазақ делегациясының 12 мүшесі тікелей қатысты.

Сонда олар арнайы экспедицияларда жинастырған ғылыми деректерге сүйеніп, қазақ жерінің тұтастығын дәлелдеп шықты. Нәтижесінде, сол жылы Автономды Кеңестік Республика құрылып, 1925-ші жылдан бастап оған халқымыздың төл «ҚАЗАҚ» деген атауы берілді», – делінген.

«Келесі, 2020 жылы мемлекеттілік тұрғысынан болашақ Тәуелсіз Қазақстанның іргетасына айналған, КСРО құрамындағы Қазақ Республикасының, нақтылап айтамын – ҚАЗАҚ Республикасының – құрылғанына 100 жыл толады. Қазақстан атауымен қатар ресми түрде қолданылуы үшін – ҚАЗАҚ Республикасы атауын қайта енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз», – деп мәлімдеді Перуашев.

Естеріңізге сала кетейік, мұндай бастаманы 5 жыл бұрын, «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасын талқылау барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ұсынған болатын.

«Ақ жол» фракциясының жетекшісі: «Біздің ойымызша Елбасымыздың ұстанымын іске асыратын кез келді. Қараны – қара, ақты – ақ, ҚАЗАҚТЫ – ҚАЗАҚ деп атауымыз керек. Тіпті тоталитарлық совет өкіметі мойындаған Қазақ атын Республикамызға қайтару – тек тарихи әділетті құрметтеу ғана емес, сонымен қатар, барша көпұлтты отандастарымыздың бірлігі мен ынтымағын одан әрі нығайтуға серпін беретініне сенімдіміз», – деп атап өтті өз сөзінде. Депутаттық сауалдың толық мәтіні төменде келтірілген.

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

Б.Сағынтаев мырзаға

Депутаттық сауал

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның тарихи тамыры тереңде жатқаны баршамызға мәлім. Бүкіл адамзаттың дамуына әсер еткен арғы

аталарымыздың жаңашылдығын жақында ғана Елбасымыз «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ашып көрсетті.

«Мәңгілік Ел» идеясының арқасында Қазақ хандығының 550 жылдығы жоғары деңгейде аталып өтті.

Сонымен қатар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Алаш» қозғалысының 100 жылдығына орай, оның ұстанымдары, ата-бабаларымыздың азаттық алып, дербес мемлекет құру жолындағы сан ғасырлық аманатымен ұштасып жатқандығын тұжырымдады.

1917 жылы «Алаш» автономиясын құрып, «Алашорда» қайраткерлері Ресей Құрылтай жиналысымен, Уақытша Сібір үкіметімен және Уфа директориясымен қарым-қатынас орнатып, әскери одақтас болды.

Бірақ, басталған азамат соғысында «Алаштың» әскерлері мен олардың құбылмалы ресейлік серіктестері қаптаған большевиктердің қатыгез басқыншылығына төтеп бере алмады.

Қазақтың ұлт қайраткерлері құрған Түркістан автономиясы да күшпен таратылды. Дегенмен, олардың барлығы қазақ елінің тағдырында жаңа мемлекеттілікке ұмтылыстың үлгісі ретінде із қалдырды.

Сондай қиын заманда елді апаттан аман алып шығу үшін «Алашорда» жетекшілері Совет өкіметімен келіссөзге барып, КирРевКом құрамына еніп, өз халқына қызмет етті, ең алдымен – Қазақ жерінің территориялық тұтастығы үшін күресті. 1920 жылы тамыз айында Москвада СовНарКом шекара мәселесін жан алысып талқылағанда, Әлімхан Ермеков бірнеше рет баяндама жасады. Осы жұмысқа Ахмет Байтұрсын, Әлихан Бөкейхан және басқа да қазақ делегациясының 12 мүшесі тікелей қатысты.

Сонда олар арнайы экспедицияларда жинастырған ғылыми деректерге сүйеніп, қазақ жерінің тұтастығын дәлелдеп шықты.

Нәтижесінде, сол жылы Автономды Кеңестік Республика құрылып, 1925-ші жылдан бастап оған халқымыздың төл «ҚАЗАҚ» деген атауы берілді.

Көп ұзамай «Алаш» арыстары түгел құрбандыққа ұшыраса да, олардың өмірі мен қаһармандығы зая кеткен жоқ, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан – соның айқын дәлелі.

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы.

Келесі, 2020 жылы мемлекеттілік тұрғысынан болашақ Тәуелсіз Қазақстанның іргетасына айналған, КСРО құрамындағы Қазақ Республикасының, нақтылап айтамын – Қазақ Республикасының – құрылғанына 100 жыл толады.

Бұл ретте, былтыр Әзербайджан Республикасы өзінің 100 жылдығын атап өтсе, ал биыл тіпті Ресей президенті В.Путиннің ресми жарлығымен «Алашорданың» құрдасы – Башқұрт Республикасы 100-жылдығын тойлайды.

Осыны ескере отырып, «Ақ жол» демократиялық партиясы:

* Біріншіден, Республикамыздың 100-жылдығына мемлекеттік дәрежеде көңіл бөлініп, лайықты деңгейде өткізуды ұсынамыз.

Ол үшін ғылыми конференциялар ұйымдастырып, сол шешімнің қабылдауына себепкер болған қайраткерлердің еңбектерін жариялап,

олардың есімдерін көшелер мен мекемелерге беріп, пошта маркілерін, естелік монеталар шығаруды сұраймыз;

* Екіншіден, Қазақстан атаумен қатар ресми түрде қолданылуы үшін – Қазақ Республикасы атауын қайта енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз.

Негізінде, мұндай бастаманы 5 жыл бұрын, «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасын талқылау барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ұсынған болатын.

Біздің ойымызша Елбасымыздың ұстанымын іске асыратын кез келді.

Қараны – қара, ақты – ақ, ҚАЗАҚТЫ – ҚАЗАҚ деп атауымыз керек.

Тіпті тоталитарлық совет өкіметі мойындаған Қазақ атын Республикамызға қайтару – тек тарихи әділетті құрметтеу ғана емес, сонымен қатар, барша көпұлтты отандастарымыздың бірлігі мен ынтымағын одан әрі нығайтуға серпін беретініне сенімдіміз.

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

1 пікір жазылған

  1. 77077330703 23 Қаңтар, 2019 22:49 Жауап

    Керемет ұсыныс!
    Тіпті орысшасы «казахская» емес казакская республика десе болады. Анау ряженный казактар білсін, нағыз казактар, орысы болсын, түркісі болсын, тегі қайдан шығатынын.

Пікір немесе жауап жазу

он − 4 =