Мұхитованың аяғынан айырылған атасы Олжас Сүлейменовтен кешіріп сұрап барған

Бүгін Астана сотында Малика Мұхитованың аппеляциялық шағымы қаралды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Сотталушы өз кінәсін толығымен мойындап, марқұмның ата-анасынан тағы да жылап кешірім сұрады. Ол өзін бас бостандығынан айырмауды өтінді. 

Мұхитованың адвокаты Дмитрий Куряченко өз қорғауындағы адамның кінәсі жоқ екенін мәлімдеді. 

"Мотоциклшінің рұқсат етілмеген жылдамдығы кедергінің пайда болуына әкеп соқты. Егер мотоцикл рұқсат етілген жылдамдықпен жүргенде мұндай болмас еді", — деді Куряченко сот залында. 

Оның айтуынша, Астана, Алматы мен Омбы сарапшыларының мәліметінше, видеода көрінген сәттен бастап мотоциклдің ең төменгі жылдамдығы сағатына 80 шақырымнан асқан, ал тежеу алдындағы жоғары жылдамдық сағатына 116,36 шақырымды құрады. 

Адвокат Малика Мұхитованың қыркүйек айында Ескендірдің зиратына барып, кешірім сұрағанын атап өтті. Ал қыздың аяғы жоқ атасы екі рет Олжас Сүлейменовке барып, "олардың азабын жеңілдету үшін, өз өмірін алуды" ұсынған. 

Зардап шеккен тараптың өкілдері Мұхитованың адвокатының мәлімдемесін негізсіз, объективті емес деп атады. 

Ескендір Сүлейменовтің ата-анасы бұл жолы сот отырысына қатысқан жоқ. 

"Есіл аудандық сотының Мұхитоваға қатысты үкімін өзгеріссіз қалдыруды сұраймын. Жәбірленушілер тарапымен келіспеушіліктер туындаған жағдайда, сотталушы Мұхитованың немқұрайлығынан баласынан айырылған ана ретінде менің пікіріме басымдық беруіңізді өтінемін", — деп оқып берді адвокат Альмира Шайхина марқұмның анасы Лейла Сүлейменованың хатын.