ОРЫНЫ БАР ОРЫНБЕК !

Бөлісу:

Өткен жылдың соңғы күндерінің бірі  – 30 желтоқсанда  досымыз, ақын, журналист, күйші  Орынбек Сахидәулетұлының  асқаралы Алпыс жасын тойладық!

Алпысында  – тал түсінде тарлан ашқан  Орынбек  аға-досымыз  тұңғыш кітабын шығарып, таратты. Оған досымыз, ақын  Кәдірбек Құныпияұлы жап-жақсы алғысөз жазыпты.  Сонымен қатар досына жыр да арнапты. Орекеңнің кітапқа кірген өлеңдері  ойлы, мақалалары маңызды екен!   Ұзағынан сүйіндірсін деп тілейміз!  Жеңгеміз Рахилия да жайраңдап, қонақтарын жақсы күтіп алып, сыйлап шығарып салды. Алтын асықтай екі ұлы қызмет жасап, жүгіріп жүрді.  Орекеңнің өзі жыр оқып, күй тартты. Біз де «ҚАЗАҚ  ҮНІН» биіктен шырқай бер деп,  «АҚ ЖОЛ»  тіледік!  Қонақтар да бар өнерін салып, тойымыз  думанды болып өтті. Той –тойға ұлассын, Ореке!

Шымкентте өзі де бір күн бұрын Алпысын тойлаған Әбдіқайым досымыздан басқа бәріміздің басымыз түгел қосылып, Жаңа жылдың алдында жақсылап бір шабытанып, шауып қалдық…

Қай жерде де, қай салада да орыны бар Орынбек досымызға  шаңырағыңда шаттық шалқи берсін,  Жүзің жарқын Жүзге жете бергін деп  ақ тілегімізді айтамыз.  Төменде ақын Нұрлан Әбдібектің  әдемі арнау жырын  жариялап отырмыз!

Достарының атынан  Қазыбек ИСА

ОРЫНБЕККЕ ОДА

 Мосқал тарттық, өзгерді жар мүсіні,

Көтеріліп қояды қан қысымы.

Асқарынан алпыстың тұрсаң қарап,

Талай күннің ашылмай қалды сыры…

Сенің міне алпысқа келген күнің,

Алып ұшып-жетіпсің елден бұрын.

Алпыста не бар еді асығардай,

Қасынан орын сайлап берген бүгін.

Алладан аманатқа сұрап алған,

Бізден де барады өтіп мына жалған.

Алпысқа сен, бауырым, аман жеттің

Қаптаған жолыңдағы күнәлардан.

Мың бұрап салған өмір талқысында,

Ішпедің толы стақан, жартысын да.

Сонарға салар тазы секілденіп,

Арам ет арқаламай алпысыңда.  

Адай боп артық мінез көрсетпеген,

Тірліктен қулық, сұмдық енші етпеген.

Әркімнің осындағы іші білер,

Қызығын бұл өмірдің көрсек деген.

Арналып Рахилаға бола туған,

Жігіт ең жолдастыққа жаратылған.

Періште ғұмыр кешкен сені көрдім,

Қыз мінез, сырбаз жігіт, жанашыр жан.

Жастық шақ бірге өткізген жораларым,

Келеміз бірге шырқап қоғам әнін.

Сендегі көз бітсе егер Қадірбекке,

Білмеймін қыз-қырқынның не боларын…

Қайырмасы:

Екі елге ортақ боп,

Өзбек көрген, Орекем.

Алматыда «Қалпақ боп»,

Кезді өткерген, Орекем.

Бабаң айтқан Жау Табын,

Шараф отыр, Орекем.

Қоңыраттан Қазыбек,

Қарап отыр, Орекем.

Арындаған Албаның,

Дарылдаған Жанысың,

Қайраткерің Қожа бар,

Келтіретін мәнісін.

Немере бар қасыңда,

Кәрілікке бас ұрма!

Шөберелер келгенде,

Айналмағын масылға!

Алпысында Орекем,

Болып тұрған ер екен.

Өлең өтірік айтпайды,

Арта берсін берекең!

Нұрлан ӘБДІБЕК

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

төрт × 1 =