Алматыда танымал актриса көз жұмған сұмдық жол апатының видеосы жарияланды

Желіде танымал актриса Шолпан Елгезекованың өліміне себеп болған жол апаты орын алған жерден видео пайда болды, деп хабарлайды Stan.kz.

Видео авторының сөзінше, Mercedes Gelandewagen көлігі бағдаршамның қызыл белгісіне қарамастан өтіп кетіп, актриса отырған көлікке соғылған.

Оқиға 29 желтоқсанда Абай мен Сейфуллин даңғылдарының қиылысында орын алған еді.

«Қандай да бір ақпаратқа ие, видеотіркегішіне жол апаты түсіп қалған адамдар хабарласыңыздар. Сол жерде бір адамның әпкесі қайтыс болған. Жүргізуші қашып кетіпті дейді», – деп жазылған Instagram желісіндегі kris_p_brothers паблигінде жарияланған видеоның жазбасында.

Жол апатын видеоға түсіріп алған куәгердің сөзінше, Mercedes Gelandewagen көлігі  сағатына 120 шақырым жылдамдықпен бағдаршамның қызыл белгісіне тоқтамай, өте шығыпты. Көліктің сол кездегі жылдамдығы спидометрде көрсетілген.

Еске сала кетсек, 29 желтоқсанда танымал актриса Шолпан Елгезекова жол апатынан көз жұмды. Артынша жол апатының мән-жайы белгілі болды.