Алматыдағы екі театрдың директорлары ауысты

Алматыдағы екі театрдың директорлары ауысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Әбдіхалықов театрдың директоры болып тағайындалды.

"Бүгін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлының бұйрығымен Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры болып Сәбит Әбдіхалықов тағайындалды", - делінген хабарламада.

Театр ұжымына жаңа директорды вице-министр Ақтоты Райымқұлованың таныстырғаны айтылады.

Сондай-ақ, белгілі актер Азамат Сатыбалдының Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының басшысы қызметіне тағайындалғаны белгілі болды.

Бұл мәліметті театрдағылар растады. Жаңа директорды мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова таныстырды.

"Бүгіннен бастап Азамат Сатыбалды біздің театрдың директоры", - деп хабарлады театрдағылар.