Елбасы қазақ халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Баршаңызды еліміздің ұлық мерекесі тәуелсіздік күнімен шын жүрегіммен құттықтаймын. Бұл егемен елімізді дүниежүзіне танытып, бар жақсылықтың бастауы болған қазақ үшін қасиетті мейрам. Біз 27 жыл бұрын азаттық жалауын желбіретіп, береке-бірлігіміздің арқасында мерейлі мемлекетке айналдық. Биыл тәуелсіздіктің символына айналған Астананың 20 жылдық мерейтойын абыроймен атап өттік. Игі дәстүр бойынша тәуелсіздік күні қарсаңында ерен еңбегімен дараланған ел азаматтарына қошемет көрсетеміз. Сіздер осындай мерекелі сәтті жоғары марапат пен мәртебелі атаққа ие болдыңыздар. Әрқайсыңыз көпшіліктің құрметіне бөленіп, өнегелі істеріңізбен жаңа Қазақстанды жаңғыртуға атсалысып жұмыс істедіңіздер. Сондықтан Ақорда төріне жиналған баршаңыз үшін бүгін ерекше мерейлі күн деп санаймыз», - деді салтанаты шара барысында Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы осы жылдардың ішінде еліміз барлық салада да зор жетістікке қол жеткізіп отырғандығына баса назар аударды. Әлемнің озық 30 елінің қатарына қосылуға ұмтылатын қуатты, мығым мемлекет құрғанымызды атап өтті. Мұның барлығына барша қазақстандықтың жасампаз энергиясының арқасында қол жеткенін айтты.