Алматыда шатырдан құлаған мұз қымбат көліктің төбесін майыстырып жіберді

Алматыда шатырдан түскен мұз қымбат көлікті зақымдады. «Мерседес Бенц» маркалы көліктің алдынғы әйнектері шытынап, төбесі майысып қалған деп хабарлайды КТК.

Оқыс оқиға түскі сағат 1-лер шамасында Медеу ауданындағы көп қабатты үйлердің алдында болған. Иесі машинаны әдеттегідей үйінің алдына қойып кетіп, аман қалды. Енді зақымдалған көлікті жөндеуге 295 мың теңге қаржы керек екен. Жүргізушісі оны кімнен өндірерін білмей дал.

Ол «шатырдағы қар уақтылы тазартылғанда мұндай болмас еді» дейді. Ал коммуналдық кызмет болған жайтқа еш кінәміз жоқ деп отыр.

«Үйдің маңайына көлік қоюға болмайтындығы жөнінде белгі тұр. Сондай-ақ әрбір бұрышта «Абайлаңыз, мұз» деген ескертулер де бар. Жүргізушілер осы жазуларды көре тұра, көлігін қойып кете береді. Ал шатырды қар мен мұздан тазалай алмаймыз. Ол үшін арнайы альпенисттерді жалдау керек», – дейді Медеу ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімі төрағасының орынбасары Татьяна Ермолаева.

Сондай-ақ, ол зақымдалған көлікке келген шығынды кімнің өтейтіні әзірге белгісіз екенін айтты. Одан бөлек, оған өзі жауап бермейтінін де атап өтті.