Тұңғыш Президент күнінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 216 салымшысы баспаналы болды

Банк клиенттеріне арналған үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында салынған. 1 шаршы метрінің бағасы – 140 000 теңге.

Тұрғын үйлер Қостанай қаласының «Аэропорт» шағын ауданындағы бой көтерген. Қолжетімді бағамен берілетін жаңа пәтерлерді салымшылар банк шотына бастапқы жарна ретінде үй бағасының 20%-ын жинау арқылы сатып ала алды. Ал банк оларға жылдық мөлшерлемесі 5% болатын жеңілдетілген несие ұсынып, пәтер иесі атануға көмектесті.

Зейнеткер Жұмабай Сағымурзин үш бөлмелі пәтерін асыға күтті. Ол өзінің, жұбайының және ұлының атына үш есеп-шот ашып, 4,5 жыл бойы қаражат жинапты. Осыдан кейін үш депозитті біріктіріп, бір тиімді заем алған.

«Бізге қаржы жинау қиынға түскен жоқ, себебі, жұмыс істеп, тапқан ақшаның 100-150 мың теңгесін ай сайын салып отырдық. Несиені 3 жылға ресімдедік, айына 80 мың теңгеден төлейміз. Біз үшін қалтаға қиын түспейтін қаржы. Бастысы, енді бұл үйде ұл мен келін, немерелерімізбен бірге тұрамыз», - деді Жұмабай Сағымурзин.

Сағымурзиндер шаңырағы қоныс тойын 16 желтоқсанға жоспарлап отыр. Өйткені, осы күні отбасында тағы бір қуанышты жаңалық болмақ: ұлы мен келіні сәби күтіп отыр.

Салымшыларды баспана қуанышымен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов құттықтады. Ол облыс орталығына арнайы келіп, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы салынған үйлердің сапасына көз жеткізді.

«Бұл кешен менің көңілімнен шықты. «Аэропорт» шағын ауданындағы үйлердің сапасы жақсы. Жалпы, «Нұрлы жер» бағдарламасы баспана сатып алу үшін тиімді шарттар ұсынады. Несие 5 пайызбен беріледі. Сондықтан, бүгін пәтер кілтіне ие тұрындарға мұндай заем ауыр салмақ түсірмейді деп ойлаймын», - деп пікірімен бөлісті Нұрлан Ақшанов.

Қостанайда «Нұрлы жер» бағдарламасы келесі жылы да жалғасын табады. Алдағы уақытта тағы 1500 пәтер қолданысқа берілмек.

qazaquni.kz