БЕГІМАЙДЫҢ ӘНІ ТУДЫРҒАН ЖЫР (видео)

 

 Тарихта махаббат дастандары аз емес. Соның бірі де, бірегейі де,  18 жастағы Ару Бегімай мен алпыстан асқан ақын Ыраймалының махаббатын сол қоғамдағы түсінбеген тобыр қос ғашықты отқа өртеді...

Ал бүгінгі күннің Бегімайы мен Ыраймалылары қандай күй кешуде? Танымал ақын Қазыбек Иса осы тақырыпты өлеңге арқау етті.  Ақынның  ғашықтық жырын оқырман қауымға ұсынамыз.

БІЗ БӘРІБІР БІРГЕМІЗ

Бегімайдың әнін тыңдап жүргенде,
Мен де бүгін саған, күнім, жолықтым.
Ғашық болған ақынды ақтап бір демде,
Жүрегімнің барын білдім – соны ұқтым…

Туылсақ та сен кештеу, мен ертелеу,
Бізді босқа жолықтырған жоқ құдай…
Еркем, саған жарасады еркелеу,
Аялаймын, бойымды өртеп от бұлай…
Түсінер ел –
асқан кезде арнадан,
Ақынды бұл сөзі құнды, көзі -мұң…
Біздер, жаным, тілейік бір Алладан,
Бегімайдың тағдыры емес, сезімін.

Жанғандарды Маxаббаттың отына
Неге өртеді тобыры өңкей түнектің.
Тап болмай біз соқырлардың сотына,
Өртенейік жалынына жүректің!..
Құлай сүйдім-
Түсе алмай бір байыпқа,
Кінәлайды ойлайтындар тым қысқа…
Ару болып тусаң айым, айып па,
Сұлулыққа ғашық болсам, қылмыс па?!.
Қиындықтың бәрін бірге жеңерміз,
Күллі әлемнен Күттім сені, біле біл…
Елігім-ау, кездеспесек егер біз.
Әділетсіз болар еді бұл өмір!..

Саған, жаным, алып ұшып жетейін,
Бір көруге кедергі екен тегі не?.

Еркем, сені ертіп алып кетейін,
Ел бармаған Ертегілер еліне!

Тосқауылдар жолымызда жоқ емес…
Оның бәрін, жаным, жақсы білеміз…
Көңілдерден кетпес мәңгі көп елес –
Біз бәрібір бірге өмір сүреміз! 
Қазыбек ИСА
25.11.2018.
qazaquni.kz