Қалқаман Абдрахманұлы: Ұлы даланың жеті қыры - Рухани жаңғыруға тағы бір үлкен қадам

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы – ұлттық мәдениетіміздің дамуы, құндылықтарымызды түгендеп,  ұлттық кодты қалыптастыруға үлкен серпіліс берері сөзсіз. Бүгінгі күннің нақты қозғалуы тиіс тақырып деп білемін. Кешегі мен бүгінгіні жалғай отырып, көне түркі әлеміне саяхат жасап, сол заманның мәдени-тарихи жетістіктерін әлемге паш ету. Сол заманғы мәдениеттің ең озық үлгілері  осы Ұлы Далада кеңістігінен бастау алып, өзге де континенттерге тарап, бүгінгі күнге дейін өзінің өміршеңдігін еш жоғалтпастан өркениеттің дамуына үлесін қосты. Бұл жайды бірі білсе, бірі біле бермейді.

Осы мақсатта Елбасының: ««Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу қажет. Бұл жоба аясында 2019 жылы Астанада Түркологтардың дүниежүзілік конгресін және әртүрлі елдер музейлерінің экспозицияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатын Түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыру керек» - деп, атап көрсеткені құптарлық. Түркі мемлекеттерінің көне дүниесін бір жерге шоғырландыру арқылы Түркі әлемін жаңғыртып қана қоймай, әлемдік аренада тарихи-мәдени ықпалдастықты нығайтуға, көне мәдени мұраны әлемге таныстыруға септігін тигізері сөзсіз.  

Елбасының осы мақаласының ІІ тарауындағы  4-ші бөлімінде: ««Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуға толық мүмкіндігіміз бар. Оған озық өнер мен технология үлгілерін – аң стилінде жасалған бұйымдарды, «Алтын адамның» жарақтарын, жылқыны қолға үйрету, металлургияны дамыту, қару-жарақ, сауыт-сайман дайындау үдерісін көрсететін заттарды және басқа да жәдігерлерді жинақтауға болады» - деп, келтірген. Көне жәдігерлерді топтастыру арқылы түркілік ортақ мәдениетті өзгелерге барынша жеткізе аламыз. Бұл дегеніміз – қазақ халқының рухани жаңғыруға тағы бір үлкен қадам басу деп айта аламыз.

Қалқаман Абдрахманұлы,

Ақын Сара атындағы мемориалды музей қызметкері

Қазақ үні