Қоғамдық даму вице-министрі: "Менің кімнің көңілдесі екенімді сұрады"

Биылғы жылдың қыркүйек айында 35 жастағы Жұлдыз Омарбекова қоғамдық даму вице-министрі қызметіне тағайындалған еді. Алайда мұнан кейін оның мұндай лауазымды қызметке қалай келгендігі туралы көптеген әңгіме айтылған еді. Бұл орайда вице-министрдің өзі аз уақыттың ішінде лауазымды қызметке қалай келгені туралы жасырмай айтып берді, деп хабарлайды «Время» газетіне сілтеме жасап Stan.kz.

Бұған дейін бірқатар қайырымдылық шараларымен айналысып жүрген Жұлдыз Омарбекова 2013 жылы Алматы әкімдігіне келген. Айтуынша, ол қайылымдылық туралы кезекті жобасын мәдениет басқармасының басшысына алып келген. Алайда сол кезде оған әкімдікте қызмет ету туралы ұсыныс түсіпті.

«Қайрат Көлбаев менің сөзімді тыңдап: «Осыған дейін айтқандарыңның бәрін осы орында отырып атқар», – деді. Мен сасқалақтап, жұмыс іздеп емес, қолдау іздеп келгенімді айтты. Сол кезде Қайрат Рахымжанұлы маған: «Бұл орында көп жақсылық жасауға мүмкіндігің болады», – деді. Расымен де жобаларды жүзеге асыру оңай бола бастады», – дейді Омарбекова.

Өз сөзінде Жұлдыз Омарбекова мемлекеттік қызметті үлкен бақыт деп атады. Ол жерде мемлекет үшін жақсы дүниелерді атқарып, сол үшін жалақы алуға болады, дейді ол. Сондай-ақ, Омарбекова Алматы қаласының әкімдігінде басқарма басшысының орынбасары болған кезде жалақысы 80-90 мың теңгенің көлемінде болғанын жасырмады. Ал бүгінде вице-министр ретінде алатын жалақысы – 400 мың теңге.

Мұнан кейін қызметі Астанаға ауысқан Омарбекова жаңа қызметке орналасу туралы шешім қабылдау қиынға соққанын айтты,

«Астанадағы ұсыныстан бас тартамын деп ойладым. Мен – алматылықпын. Қаладан тыс жерде 10 күннен көп болмағанмын. Басқа қалаға көшу – бұл ауыр процес», – дейді вице-министр.

Мұнан кейін Жұлдыз Омарбекова күйеуімен, ата-анасымен кеңескен. Өз кезегінде жақындары оған қолдау білдіріп, Астанадағы ұсыныстан бас тартпауға кеңес береді.

«Жаңа қызметте жақсы әрі пайдалы дүниелерді атқаруға мүмкіндігім одан сайын көп болады деп ойладым», – дейді Омарбекова.

Бүгінде Жұлдыз Омарбекова министрлікте жастар және отбасы мәселелерімен айналысуда.

Мемлекеттік қызметте шенеуніктермен етене араласып жүрген Омарбекова олардың да қарапайым адам екенін айтады.

«Көбінде шенеуніктердің ресми қызметінен бөлек жасырын заңсыз кәсібі бар деген ой қалыптасқан. Бұрын мен де солай ойлаған едім. Алайда бізде жақсы әрі адал шенеуніктер де көп. Олардың дені – қарапайым адамдар», – дейді вице-министр.

Сондай-ақ, ол өзі туралы ел арасында айтылып жүрген әңгімелердің нүктесін қоюды жөн көрді. Жұлдыз Омарбекова аз уақыт ішінде лауазымды қызметке келгендіктен, оны ықпалды адамның қызы немесе әлдекімнің көңілдесі деп ойлайтындар бар көрінеді.

«Менің вице-министр қызметіне тағайындалуымды белсенді түрде талқылады. Жағымсыз пікір көп айтылды. «Ол кімнің қызы немесе көңілдесі? Кім оны тағайындады?» – деп сұрап жатты. Менің жасыратын ештеңем жоқ. күйеуім, екі балам бар. Ата-анам «хрущевкада» тұрады», – дейді вице-министр.