МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ БИЛІКТЕН ҚОЛДАУ КҮТЕДІ

1. Тіл білу талабы неге жоқ?

Кеңес елі компартиясының орталық комитеті өзінің құпия-астыртын әрекетімен қазақ тілін жоюды мақсат еткені жасырын емес. Жүздеген мектептер «коммунизм тілі» саналған орыс тілінде білім беруге ауысып, қазақ тілі «қосымша сабақ» ретінде тек ұлты қазақ балаларға оқытылғаны есімізде. Келімсектер мен өз арамыздан шыққан шолақ белсенділер «коммунизм құрамыз!» деп ұрандатып, қоғамдық орындарда өзге ұлт өкілдерінің көзінше қазақ­ша сөйлесуді – «әдепсіздік» санады. Осы – «жазылмаған ережені» қатаң сақтау үшін олар Мәскеуге, орталық комитетке арқа сүйеді.

КСРО құлаған соң, халқы­мыз: «Жеке ел болдық, енді ана тіліміздің қолданыс аясы кеңейеді» деп, қуанғаны рас. Қазақ тілін «асүйге тыққан» Мәскеу болғандықтан, оны «асүйден алып шығуға» Астананың көмегі қажет болды. Тоқсаныншы жылдардың басында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аты да, заты да дүркіреп тұрды. Сол кезде үкімет қазақ тілін айтарлықтай қолдады. Мектептерде аптасына 4-5 сағат, өзге оқу орын­дары 3-4 сағат қазақ тілін оқытып, одан тыс қазақ тілі курстары көптеп ашылып, республикалық «Ана тілі» газетінен қалыспай, өзге газет-жорналдар да, теледидар мен радио да мемлекеттік тіл мәсе­лелерін жан-жақты көтеретін. Сон­дықтан, қазақтармен бірге өзге ұлт өкілдері де мемлекеттік тілді үйренуге құлшынып кіріскен еді. Жұрт: «енді тым болмаса, халық­пен тікелей жұмыс істейтін маман­дарға мемлекеттік тілді білу талабы қо­йылар» деп үміттенді, әліптің артын бақты. Бірақ, ел үміті ақталмады – тілді білу талабын қоймады.

Сұрауы жоқ дүниенің қадірі болған ба, Қазақстан үкіметі мектеп түлектеріне де, қазақ тілі курстарын бітірген азаматтарға да, ЖОО-ны бітірген жас мамандарға да мемлекеттік тілді білу талабын қоймаған соң, «мемлекеттік тіл» дегені бос сөз екен, қазақ тілін үйренбей жүре беруге болады екен, оны оқып нем бар еді?» деген ой қалыптасты. Бұдан былай қазақ тілі сабақтарына немқұрайлы қарайтындар, «қазақ тілін оқыту әдістемесі жоқ» дегендей сылтау айта­тындар саны артты. «Мен қа­зақ­ша білмеймін, маған орысша айт» дейтін бұрынғы кеңестік шолақ белсенділер қайта күш ала бастады. Олардың отбасыларында мем­ле­кеттік тілді құрметтемейтін, қазақ тілін үйренгісі келмейтін ұрпақ өсті.

Осының салдарынан Қазақ­станда қазір қазақ тілі «мемлекеттік тіл» ретінде емес, қазақтілді аза­маттардың күшімен «ана тілі» ре­тінде ғана дамып келеді.

Бұған Қостанайдағы (жалпы, те­ріс­кейдегі) жағдай мысал бола алады.

Қостанай аймағында жергілікті билік әлі күнге дейін кеңестік сүрлеумен келеді. «Билік өзі біледі» деп, халық әкімдер мен депутаттарға сеніп отыр. Ал, облыстық білім басқармасы, тіл басқармасы, бала құқын қорғау департаменті болып, аудандық білім, мәдениет және тіл бөлімдері ата-аналарға «баланың ана тілінде білім алу құқын» түсіндіруі тиіс, еліміздің болашағы – бала-шағасының «Қазақстанның болашағы» саналатын мемлекеттік тілде оқытуға көңіл бөлуге» шақыруы тиіс емес пе? Формалды түрде емес, нәтижелі жұмыс істеуге міндетті емес пе?! Халық арасында: «мемлекеттік мекемелер мемлекеттік тілдің болашағына алаңдай ма?» деген сұрақ туындайды. Расында, мемлекеттік тілдің болашағықазақтілді азаматтардың талабына ғана қарап тұрғанын билік біле ме? Осындай сұрақтарға жауап іздеп, әкімдікті «мазалағанымыз» рас. Біздің сұрауымыздан кейін, Қарабалық ауданы білім бөлімінің мамандары ата-аналармен формалды түрде жиналыс ұйымдастырып: «ата-аналар балаларын мемлекеттік тілде оқыта алмайтынын, себебі «өздері қазақша білмегендіктен» баланың сабағына көмек көрсету қиын екенін» айтты деген желеумен қазақ сыныбын ашу мәселесін жылы жауып қояды. Осы жерде халық мемлекеттік тілдің болаша­ғы­на күмәнданбай қайтсін? Сол «ата-аналардың» дені 1980 жылдан кейін туғандар емес пе?! Олар 1989 ж. қазақ тілі «мемлекеттік тіл» мәртебесін алғаннан кейін мектепте, жоғарыда атап өткеніміздей, аптасына 4-5 сағат қазақ тілін оқыған жоқ па?! Мемлекеттік тілді 11-12 жыл бойы оқытқан соң, оның сұрауы қайда? Оқып-үйренгенін бекіту деген болмай ма? Әлде, үкі­метке нәтижесі қажет емес пе, жай ғана «Мемлекеттік тілді оқытып жа­тырмыз, ақша бөліп жатырмыз!» деген көзбояушылық па? Халықты, прессаны алдау ма?. Түк түсініксіз – тіл үйретуге ақша бөлінді, бірақ нәтижесі талап етілмейді.

Тіл оқып-үйренуге жағдай жасалды, енді мектеп түлектеріне, жас мамандарға тілді білу талабы қойылуы тиіс емес пе еді?!. Мысалы, осы талаптың болмауы салдарынан Қарабалық ауданы оқушыларының 93 пайызы (!?) осы күнге дейін мемлекеттік тілдегі сөзді ұқпай, немесе менсінбей, өзге тілде білім алуды жөн көрді. Өзге тілде оқыса да, мектепте қазақ тілінің бетін ашпай ма, оны Білім және ғылым министрлігінің (БҒМ) неге қадағаламайды? Мемлекеттік тілді оқытып-тоқытудан гөрі оқушы қыздардың киімімен алысып-жұлысу жеңілірек пе, әлде? БҒМ-ның басты міндеті баланың киіміне көңіл бөлу ме, әлде балаға білім беру, оқулық сапасын бақылап, оқулықпен қамтамасыз ету ме?

Қазақ тілі «мемлекеттік тіл» ретінде дамыса, жергілікті билік өкілдері тілдің дамуына айтарлықтай ат салысар еді, барлық мемлекеттік қызметшілер халықпен жұмыс істеп, нәтиже шығаруға тырысар еді. Елбасы айтқан «Қазақ­станның болашағының тілінде» - қазақ тілінде оқытуға көңіл бөліп, ата-аналарға кеңес беріп, олармен ақылдасып, халықтың ұсынысын Үкі­метке жеткізіп, ауқымды жұ­мыс­ты қағаз жүзінде емес, іс жүзінде атқарар еді.

«Тіл талабын қоюға кедер­гілердің бірі, бәлкім, аудан мектеп­терінде мемлекеттік тілде білім беретін сыныптардың тапшылығы болар» деп, Қарабалық ауданы білім бөліміне ат басын бұрдық. Бөлім басшысының орынбасары Сәуле Бақытқызы орнында екен. С.Бақытқызы күмілжіп, ештеңе айта қойған жоқ, содан соң өз ой-пікірімізді жайып салдық:

– Әрине, қазақ сыныбын ашу оңай емес. Бастауыш сынып мұғалімі керек, оған еңбекақы тағайындап, тұрғын үй тауып беру керек. Жеке кабинет пен керек-жарағы тағы бар. Мектептерде бала саны аз, бірін орыс сыныбына қалдырып, бірін қазақ сыныбына бөліп оқыту бүджетке қып-қызыл шығын, Бұның бәрі «бер жағы ғана». Ертең ол балалар «жоғары сыныпқа» барғанда мемлекеттік тілде білім беретін пән мұғалімдері керек. Олардың үй-жайы, еңбекақы­сы, кабинеті, пән оқытуға қажетті құрал-жабдықтар т.т. керек. Бұның бәрін есептеп, мемлекеттік тілдегі сыныпты ашпай отырсыздар, – деп, қойып қалдық. «Қазақ сыныбын ашуға қолбайлау болып тұрған, ең бастысы – қаражат мәселесі, қолдаудың жоқтығы болса керек» деп едік, манадан бері үнсіз тыңдаған С.Бақытқызы:

– Өзіңіз бәрін біліп отырсыз ғой... – деді шарасыздық танытып.

Аудан бойынша бос тұрған, жартылай бос тұрған мектептер бар. Бірақ, қазақ сыныбын ашу үшін мектепке балалар керек, пән мұғалымдары керек, бүджеттен қосымша ақша бөлу керек, бірақ осы «керектерді» болдыру үшін маңдай тер төгіп жұмыс істеу керек. Бала болу үшін, мұғалымдар келу үшін Ауылға көңіл бұруымыз керек, құрылыс ашу керек. Бұл жерде «Көші-қон бағдарламасын», «Бастау – бизнес» курсын, «Ауыл шаруашылығын дамыту», «Дипломмен – ауылға!», «Серпін» бағдарламаларын дамыту үшін ауылға жалға берілетін үйлер, жолды жөндеу керек, интернетпен қамтамасыз ету үшін ұялы байланыс операторларын тарту қажет. Күнгейден келетін, шетелден оралатын бауырларымыз ауылда тұрудан бас тартып отырған жоқ: «танымайтын жер, жанашырым жоқ ауылға келіп, жағдайым қалай болмақ?» деп ойлайды. Жоғарыда айтылған мәселені шешу – өте маңызды, себебі бұл – оңтүстіктегі үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге де айтарлықтай қолдау болар еді, әрі теріскейдемемлекеттік тілдің мәселесі, демографиялық ахуал жақсарып қалар еді.

2. Мемлекеттік тілдегі нұсқа: не болмайды, не сауатсыз болады. Неге?

Павлодарда тұрғанда тіл мәселесін көтеріп, оқу орындарына: – Талапкерлерді оқуға шақыру жарнамасын телеарнаға, немесе радиоға берсеңіздер де, баспасөзге берсеңіздер де тек орысша беретіндеріңіз қалай? Жарнаманың мемлекеттік тілдегі нұсқасына да көңіл бөлсеңіздер, – деген ұсыныс айттым. Заң талабы бойынша жарнама міндетті түрде қазақ және орыс тілдерінде тарауы тиіс. Сонда оқу орнының басшысы, облыстық мәслихат депутаты:

– Төке, жарнамада не жұмы­сыңыз бар, оданда облыстық мәслихат сессияларының орыс тілінде ғана жүретінін неге көтер­мейсіз? дегені бар еді.

Мен: – Аға! мәслихат сессиясы жабық есік режимінде өтеді, оның жастарға зияны жоқ, ал жарнаманы халық, бала-шаға көреді. Тілге құрметті қалыптастыруға теледидар тілінің, көшедегі жарнаманың үлесі зор, –дедім.

Керекулік телеарналардың жарнама тілін біршама түзеттік. Бірақ, соңғы кезде «Қазақстан» ҰТА-ның қылығы түсініксіз болып барады. Қабылданған латын графикасын сауатты қолдана алмай жүр. «ОТАҰ» спутниктік телевидение арқылы тарататын, телеэкранға шығып тұратын телехабарлар бағдарламада латын графикасы негізінде: «Тан шолпан», «Шан ырақ», «Менін Қазақстаным», «Ко н іл толқыны», «Баланын көн ілі», «Сенбілік тан» т.б. Хабарлардың атаулары қате. Латын графикасына құрылған әліпбиді қолданып, «Ң» әрпінің орнына «Н» әрпін жазып – бір, тұтас сөзді бөліп-жарып тастағаны – екі, мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңеюіне кедергі жасап, тіпті, «қисық» дамуына жол ашып тұрған жоқ па?. «Еуразия» телеарнасы бір хабарының атауын бағдарламада да, студияға да латиницамен «ӘЫЕЛ СИРИ» (немесе «әыел сірі») деп жазған. Бұл қазіргіше, яғни кирилицамен «Әйел сыры» хабары ғой, деп топшыладық. «Когам жане айел» («Алау» телеарнасы, 21.10.2018ж.), «Улытау» («Тұран ТВ») т.т.

Қазақша жазғанда кирилицамен де, латиницамен де қалай болса солай жаза салатын болдық. Қате жазғанды жазалау заң жүзінде қарастырылмаған. «Жазалау» дейміз-ау, түк болмағандай кейіп танытып отырған басшыларына, билік өкілдеріне, депутаттарға өкпеміз қара қазандай.Қазақ тілінде сауатты сөйлейтін тележурналистер аз, себебі талап болмаса керек.

3. «Мемлекеттік тілді оқы, үйрен, бірақ қазақша сөйлеме, сұрама»...

Ол аздай, «Орыстілді азаматқа неге қазақша жауап бересің?», «Өзгетілді азаматтан неге қазақша сұрайсың?» деп, мемлекеттік тілде сөйлеген азаматтарды жерден алып, жерге саламыз. Айналайындар-ау, қазақша сұрау, не қазақша жауап беру – тіл білмеген адам­ның жауы емес, қайта, керісін­ше – нағыз досы емес пе!? Мем­лекеттік тілде сөйлейтіндер – оқушылардың, мектеп түлек­терінің, жалпы, азаматтардың мемлекеттік тілден үйренген білімін шыңдауға ашылған зор мүмкіндік емес пе?! Сондықтан, қазақша сұрап, қазақша жауап беретіндерді «адамдарға іс жүзінде тіл үйретушілер», «мемле­кеттік тілде сөйлесу ортасын қалып­тастырушылар» деп қабыл­дап, оларды әрқашан қолдап, қолпаш­тауымыз керек! Бұл туралы әлеуметтік желіде де (фейсбук) жазғанбыз. Мемлекеттік тілде сөй­леуге, сұрауға, жауап беруге ешкім де тыйым сала алмайды. Себебі, Елбасы: «Қазақ тілі мен мәдениеті – мемлекеттігіміздің негізі!» деген. Демек, қисынға салсақ, «мемлекеттің негізі» болған тілге қарсылық, мемлекетке де, мемлекеттің негізіне де қарсылық емес пе? Президент тағы бір сөзінде: «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде!» деп айтқаны ел есінде. Ал, «Қазақстанның болашағы» аталған тілге қарсылық, оны үйренуге талпынбау – тәуелсіздіктің нығаюына, елдің болашағына қарсылық емес пе? Халыққа осыны түсіндіру жағы кемшін.

Сондай-ақ, Наурыз айының 1-і елімізде «Алғыс айту күні» деп белгіленді. Бұл күні күнтізбеде, негізінен – «қазақстандық диас­поралардың қазақ халқына алғыс айтатын күні» деп белгіленді. Себебі қазақ халқы қиын-қыстау заманда бір тілім нанымен бөлісіп, оларды аштықтан, тар үйінің бір бұрышын беріп, суықтан қорғаған. Ал, алғыс айту – жай ғана ауызбен: «спасибо» айта салу емес, сол қазақтың ана тілін үйреніп, қазақтың өзін қазақша жаңылтпаштан сүріндіру, сөз сөйлегенде қазақ мақалымен таңдай қақтырып, қазақша жұмбақпен басын қатыру, болса керек. «Алғыс айту» деген, міне – осы болса керек!

4. Ішкі істер министрлігі – «Үкіметтің бір бүйрегі» емес пе?

Қазір не көріп тұрмыз? Өкінішті жағдай.

Қазақстан Республикасының Ішкі Істер министрлігі қазақ тілінің жаңа әліпбиін министрлік бағдар­ла­масына қалай, қайтіп енгізер екен, халықаралық тіл – ағылшын тілін компьютерлік бағдарламада сауатты қоя алмапты. Аты-жөні таза қазақша әріптермен жазылған азаматтар бұның зардабын кесірін көріп отыр. Қазақтың Ө, Ү, Ұ сияқты дыбыстары/әріптері бар есімдерді ағылшын тілінде әр түрлі жаза салған. Құжаттарды берген ҚР Ішкі істер министрлігі жеке куәлікте менің аты-жөнімнің ағылшын тіліндегі нұсқасын: «TURKEN» деп, жүргізуші куәлігі мен техпаспортта «TYRKEN» деп жазған. Дұрысы – «TURKEN», яғни жеке куәліктегі нұсқа. Себебі «Ү», «Ұ» дыбыстары – «У» сияқты еріндік дауысты дыбыстар.

5. Елдің іргетасы, мемлекеттік мекеменің жаны – мемлекеттік тіл Үкіметтен қолдау сұрайды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Кеңес үкіметі «қысып тас­таған» тілімізді халқымыз өзінің «ана тілі» ретінде дамытуға күші жетпей жатыр, енді «мемлекеттік тіл» мәртебесінде даму үшін билік­тен, үкіметтен қолдау күтеді. «Мем­лекеттік тіл ретінде дамыту» дегеніміз,

Бірінші – мемлекеттік тілде сөйлеуді 1980 жылдан кейін туған­дардан бастап талап етуіміз керек. Себебі, олар мектеп табалды­рығын аттағаннан бастап қазақ тілі сабағын мектепте 4-5 сағат, колледжде, ЖОО-да – 2-3 сағат оқыды. Ол аз болса, тегін (!?) қазақ тілі курстарына жазылып оқуына мүмкіндік бар. Оқысын, естеріне түсірсін!

Екінші, – ұлты қазақ азаматтар­дың аты-жөндерін қазақ сөзі, мағынасына қарай Қаулы-Қарар арқылы түзету көзделсін. Мысалы, құжаты берілгенде әр түрлі: «Тюлюбай», «Тюлебай», «Тулебай», «Толебай» емес – қазақша «Төлебай» болсын. Сондай-ақ, «Умерали», «Омирали», «Омерали», «Омералы» емес – «Өмірәлі» болып жазылсын. Әйтпесе, қазақ есімдерін жаза алмайтын қалге жеттік. Құжатын «Мөлдір Мұңайтпасқызы» деп толтырып берсек, құжаты бойынша ол қыз мен: «Молдер Муняйтпасовнамын» деп, болмаса: «Молдыр Монайтпасевнамын» дейді.Бұл – дұрыс емес! Осыны біріздендіру жөнінде ойласуымыз қажет. «Мөлдір», «Өмірәлі», «Іңкәр» сөзінің қазақша сауатты қалай жазылатынын біле тұра, осы есімді әр азаматтың есімін жазғанда: «Есіміңіз қалай жазылатын еді?» деп сұрап отыру бейшаралық, намыссыздық, ана тілімізді ардақтамау, мемлекеттік тілді құрметтемеу емес пе?!

Үшінші – жоғарыда атап өтке­німіздей, қала-далада мемлекеттік тілде сұрайтын, жауап беретін, жазатын азаматтардың бәрін Үкімет, жергілікті билік орындары қолдауы тиіс! Олар өзге азаматтарға мемлекеттік тілді нақты өмірде, қоршаған ортада қолдануды үйретушілер, қазақ тілі курсында оқығандарға қолдау, және ниетіміз «мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру» болса, Елбасы сөзімен айтқанда «Қазақстанның болашағы» аталған қазақ тілін жаппай үйренуімізге тегін көмек!

Төлен РАМАЗАНҰЛЫ,

Қазақ үні