Бойжеткен «Тұлпар-Тальго» пойызында екі жолсеріктің қалай зорлағанын айтты

Ғылыми конференциядан қайтып келе жатқан бойжеткенді «Тальго» пойызында екі жолсерік жабылып зорлаған. Бұл туралы #Немолчи қоғамдық қорының басшысы Дина Смаилова мәлімдеді, - деп жазады sn.kz.

Осы оқиғадан кейін бойжеткен күйзеліске түскен.

«Докторант кешкі сағат 10-дар шамасында «Тальго» пойызының купесіне отырады. Заттарын қоярда қасына жайғасқан ер адамды көреді. Күні бойы аш жүрген бойжеткен пойыз мейрамханасының асханасынан тамақтанып келеді. Купеге оралғанда оны форма киген жолсерік сырасымен күтіп алады. Жолсерік әлгі ер адамды басқа купеге ауыстырып жібергенін айтады. Қыз жай ғана ұйқысы келгенін түсіндіріп, жолсеріктен купеден шығуын өтінеді», - деп жазды Дина Смаилова.

Құқық қорғаушының сөзінше жолсерік кеткеннен кейін бойжеткен жатып ұйықтаған.

«Түнгі сағат 4-тер шамасында қыз өзін шешіндіріп жатқан кезде оянады. Әлгі жолсерік қызмет кілтімен есік ашып кіріп, қызды қинап, ісін бітіріп шығып кетеді. Ізінше екінші жолсерік те келіп, арам ойын іске асырады. Кейін қызды ұрып-соғады», - дейді Смаилова.

Бұл оқиғаға қатысты қазір қылмыстық іс жүргізіліп жатыр. Бойжеткен психологтың қабылдауына тұрақты барып тұрады.