Атамбаев Қазақстанмен арадағы даудың себебін айтты (ВИДЕО)

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев «Апрель» арнасына берген сұхбатында өзі басқарған тұста Қазақстанмен арадағы жағдайдың ушығу себептеріне тоқталған. Қырғызстан социал-демократиялық партиясының жетекшісі бұған қоса, Жээнбековке қатысты соңғы кезде туындаған «қаржы дауы» туралы да айтқан деп жазады Азаттық.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев «Апрель» телеарнасына берген сұхбатында өзі басқарған тұста Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы жағдайдың нашарлауына Қазақстан билігінің «өзге елдің ішкі ісіне араласуы» себеп болғанын айтады.

2017 жылы Қазақстанмен арада болған дауды еске алып, «мұндай енді қайталанбайтын шығар» деп айтқан.

«Мысалы АҚШ-та қандай тартыстар өтіп жатқанын көріп отырған боларсыздар. Ондағы адамдар Ресей азаматымен жәй ғана сөйлескені үшін қызметтерінен кетіп жатыр. Ал бізде көрші елдің президенті [өзге елдегі президенттіктен үміткер адамды шақырып алып, …жарнамалайды. Бұл басқа елдің ісіне араласу емес пе? Қалай болғанда да бұл мемлекет қой… Иә, ол көрші мемлекет бай екен, ал сонда біздің тәуелсіздігіміз қайда қалады?» деді Атамбаев.

«Назарбаевпен жеке қарым-қатынасым басқа мәселе» деген Атамбаев «Бай да қуатты көрші болсаң да, басқа әңгір таяқ орнатып, сайлауға араласуға, өзге елдің тәуелсіздігіне нұқсан келтіруге болмайды» деген.

Атамбаев 2017 жылы Қырғызстандағы президенттік сайлау науқаны барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттіктен үміткер саясаткерлердің бірі Өмірбек Бабановты қабылдағанына наразы болып «Қырғызстанның ішкі ісіне араласып, өзіне ыңғайлы кандидатқа қолдау көрсетті» деп айыптаған еді.

Екі ел басшылары арасындағы «салқын қарым-қатынас» шекарадағы жағдайға да әсер етіп, Қазақстан жағы шекарадағы тексеруді күшейткен. Тек жаңадан сайланған президент Сооронбай Жээнбеков қазақстандық әріптесі Назарбаевпен кездескеннен кейін ғана кедендегі жағдай қалпына түскен.

2017 жылы желтоқсан айында Астанада Жээнбековпен кездесуінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Қырғызстанға залал келтіретіндей бір де бір нәрсе жасаған емес» деп мәлімдеді.