БИЛІКТЕН БИІК ТҰЛҒА. Нұртас Оңдасынов пен Марғұлан немересінің көз жасы

Жақында Түркістан өңірінде «Нұртас Оңдасынов – биліктен биік тұлға!» атты деректі фильмнің тұсаукесері болып өтті. Қазақстан Республикасы Президенті телерадио кешенінің директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, фильмнің авторы Нәзгүл Әбутұрапова ханым: "Бұл фильм 2015 жылы бітіп-ақ қалған еді. Саққұлақтар мен тырнақ астынан кір іздеушілер жоғарыға ұнамауы мүмкін, ащы шындық айтылыпты деп жарық көруіне кедергі келтірді. Тек Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков пен Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марғұлан Зұлқарнайұлы, «Saya group» компаниясының төрағасы, кәсіпкер Рысқұлов Ердос Дәулетбайұлы мырзалар мен Оңдасыновтанушы Гүлсім Оразәліқызының арқасында жарық көрді" – деп ағынан жарылды.

... Әңгімені арыдан бастасақ 1987 жылы ақпан айында ол кезде Мәскеуде оқитынмын. Бірде Нұртас атаның қал жағдайын білейін деп амандасуға кіргенде:

- Ата ауылға қайтпайсыз ба, бүкіл халқыңыз сізді алақанына салып аялайды ғой, - дегенімде терең күрсініп: - Арманым ғой қайту, бірақ... - деп үнсіз қалды.

Көзіне көзім түсіп кеткенде жүзінде мұң, көкірегінде шер, жаны жаралы арыстанның дәрменсіз қалы мен кірпігінен бір тамшы жас салбырап ілініп тұрғанын көріп жүрегім шым етті... Ол кезде жаспын ештеңенің мәнісін түсінуге өрем жетпеген болар. Мына фильм менің жан сарайымды ашты, көкірегімді өксік билеп жанымызда отырған Марғұланның көзінен бір үзім тамшы жас үзіліп түсті....

Нұртас атаның көз жасы қазақ халқының тәуелсіздігін көре алмай ішқұсалықтан арманда кетсе, Марғұланның көз жасы тәуелсіз, азат елде қуаныштың көз жасы еді....

... Қазақстанның Рухани астанасы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде «Биліктен биік тұлға» атты деректі фильм, ұлт қайраткері Нұртас Оңдасыновтың ноқтаға басы симай кеткендігін көрсетті. «Бұл дүние дозақ екен саналыға» деп Мағжан Жұмабайұлы айтқандай Нұртас ата мен Марғұлан немеренің көзінен жас бекерге үзіліп түспегендігін дәлелдеді.

Оңдасыновтың өзі: «- Тағдыр маған ел басқаруды, халық үшін қам жеуді сыйлапты. Ондай сый алған адам өз отбасының мүддесінен гөрі ел, халық мүддесін жоғары қоюы керек. Ел басқару білгенге - мехнат, білмегенге - қанағат. Маған мехнат болды, себебі, ең ауыр кезең соғыс, күйзелген шаруашылықты қайта қалпына келтіру жылдарында ел басқардым. Сол кезде халқымның жағдайы күні-түні есімнен шыққан емес, қайтсем жағдайын жақсартамын, көркейтемін, кем-кетігін келістіремін деумен өмірім өтті...» дейді естеліктерінде. Әрбір қазақ төріне жазып іліп қоятын, ұрпақтан ұрпаққа мұра қылып қалдыратын: «Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден, сонша жыл ел басқарып отырып біреуге нақақтан-нақақ жала жауып, қиянатқа барған емеспін, біреуден бір сом да пара алған емеспін – қолым таза! Екіншіден, 1937-38 жылдардағы қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қойған емеспін – арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген емеспін – жүзім таза!» деген өсиет сөзінің өзі болашақ ұрпақтың санасында тұратын ардақты ой емес пе? Қазақтың біртуар ірі тұлғасы Нұртас Дәндібайұлы тәртіпті өзінен бастады. «Балық басынан шірімеді!». Ешкімнің ала жібін аттамай, мемлекет қамбасына қол салмай, ойлағаны халық қамы болды. Сондықтан да соғыстан соңғы қираған шаруашылық пен тұралаған тұрмысты тез арада аяғынан тік тұрғыза білді. Өз өміріндегі жіберген қателіктерін мысалға ала отырып болашақ ұрпақты сақтандырған ол: Әл-Фараби бабамның мына бір қағидасы үнемі есімде жүреді. Бірде бір замандасы ғұлама ғалымнан: - Алманың қасиеті қып-қызыл болған түсінде ме, әлде бал татыған дәмінде ме?- дегенде, ғұлама ойланбастан: алманың артықшылығы - дәнінде, - деген екен. Сол сияқты, жалпы тіл, дәстүр, салт-сана туралы мақала жазсам әлгі Дәнді - ұлт ұрығынан жоғалтып алмасақ екен деген уайымнан жазамын. Өйткені әйелді орыстан алдым. Өмір бойы сыйластықта өткен әйелімді ол үшін жазғыра алмаймын. Өкінерім балаларымды «жоғалтып» алдым, олар қазақи рухтан, түсінік-түйсіктен, тәлім-тәрбиеден, салт-дәстүрден мақұрым қалды.Ұлт ұрығы - тілі, дәстүрі, салты! Осыдан нәр алған адам ғана өз ұлтының өкілі бола алады.» - деп өткен өмірінің өкінішін жасырмай, ағынан ақтарылып. Кешегі кеңес уақтысында мемлекет қайраткері атанғандардың қайсысы кәне өз қателігін осылай мойындады. «Балаларымды жоғалттым» деп жүрегі қан жылап балаларына өз ұлтының ұрығын еге алмай, оларға - обал, өзіне - күнә жасағанын ұғып: «Бұл қателігім үшін халқымның алдында басымды иіп, мың бір мәрте кешірім сұраймын» дегенді айту үшін кім болса да Оңдасынов болып туылуы керек. Нұртас Дәндібайұлы: Бірде Сирия мемлекетіне Кеңес Одағының делегация құрамында бардым. Мен Қазақстаннан, астанасы Алматы деп едім ешкім біліңкіремеді. Сосын туған жерім Түркістан, ондағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесін айттым. Сол-ақ екен, жапырлап келіп қолымды алып, үстімдегі киімімнің (ұзын ақ көйлек кигізіп қойған) етегін сүйіп, әбігер болды да қалды. Сөйтсем, бар ғұмырын суфизм ілімін уағыздауға арнаған, даналық ойлармен ұнаған Қожа Ахмет Яссауиды сириялықтар да жақсы біледі, әрі үлкен құрмет тұтады екен. Қожа Ахмет Яссауимен жерлес болғандығым үшін ғана табан астынан ең құрметті болып шыға келдім. Одан кейін барған жердің бәрінде маған ерекше көңіл бөлініп, құрмет жасалатын болды. Сол кезде байқағанмын -сөздерімізде, тілде ұқсастықтың барлығын.

Содан ой туды - ұқсас сөздерді жинап, мағынасын ашып, кімнен қандай сөз ауысты, өзгерісі қалай дегенді зерттеп, неге сөздік жазбаймын деген. Оған тағы бір себеп - бала кезімде ауыл молдасынан алған білімім, яғни, ептеп арабша хат танитындығым...

Оңдасынов Нұртастың – арнайы ғылым докторы, кандидат деген атақ-дәрежесі болмағанымен, зейнеткерлікке шыққаннан кейін тапжылмай жиырма бес жыл арабша-парсыша-қазақша түсіндірме сөздік жазып, бір ғылыми институттың істейтін жұмысын жалғыз өзі атқарып: «Сөз төркінін іздеу қандай қызық, қандай ғажап, қандай сиқырлы! Тек өкінерім -жүргелі тұрған пойызға билет алып қойған жолаушыдай қопаңдаймын да отырамын. Уақытымның аз қалғанына, жасымның тым ұлғайып, бастаған сөздіктерімді жалғастыратын шәкірт тәрбиелемегеніме өкінемін. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген осындайдан айтылса керек – дейді. 1974 жылы көп машақаттан кейін «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік», «Қазақстан» баспасынан жарық көрді. Оның 5 том сөздігі үздік-создық ширек ғасыр бойы шығып жатты. Бірақ, Нұртас ата қазақ тілінің лексикалық байлығының үлкен бір саласы болып саналатын араб, парсы сөздерін тілдің қойнау-қойнауларын қалдырмай тінтіп, маржандай тірнектеп жинап, тәптіштеп зерттеуін бір күнде де тоқтатқан емес, оларды сөздік қорына қосып, хаттай берді.

Н. Оңдасыновтай асыл тұлғаны өсіп келе жатқан жас ұрпақ тарих қойнауынан қазып алып саф алтындай жалтыратып шығарады әлі, құдай қаласа.

Тоғайбай Нұрмұратұлы,

Қазақ үні