Қаламгердің қоңыр мұңы

  – Бір арбаға жегілген пар аттай Құдай қосқан қосағым екеуміз алды – қырықтан, екіншісі отызды орталаған бір қыз, бір ұлымызды балаларымен қосып, негізінен, зейнетақымен асырап отырмыз. Мен балаларыма кінә қоя алмаймын. Қызым – магистр, ұлым – ҚазАТК-ны бітіріп, теміржолға орналаса алмады. Оған ұзын арқан, кең тұсаумен бір жарым жыл уақыты кетті. Содан арасында достарымен бірге кез-келген жұмысқа барып, татымсыз табыс тауып жүрді. Солай құрылысқа бейімделіп, сварка, кірпіш қалау, арматура тоқу, т.б. үйреніп алды. Сондықтан, Сәулет және құрылыс институ­ты­ның үшінші курсына барып жаңа оқуын бастаған. Қазір бесінші курста. «Райымбек» көшесінен сәл жоғары, «Гайдар» көшесінде жаңа типті балабақша тұр. Сол нысан – баламның бастан-аяқ басқарып, салып шыққан ғимараты. Оны Үкімет басшысы келіп, лентасын қиды. Тапсырыс берушілер басында уәдені көпіртіп, шартқа қол қойғанмен, үнемі жұмыс енді қызғанда қаржыландыруды тоқтатып қояды. Жұмысын өзгертіп қашып жоғалатындар қаншама?! Балам да, достары да жас отбасылар. Жаңа бастыққа барса ол міз бақпай: шартта кімнің қолы тұр? Соны іздеңдер деп адастырып қоя береді. Ал біткен істен кемшілік іздеп, еңбекақыларын төлемеуге тырысатындарға да не сөз, не уәж, не заң жүрмейді. Жетпістің бесіне келіп, аяқ, буындар, «подагра» дейтін кеселге тап болғанда, 1980 жылдан жалғыз бүйрекпен ілініп қана жүргенде балалар көріп жатқан қорлыққа кірісе алмай, өз қатарымның бәрі қызметтен кетіп, сөйлесерге адам таппай отырғанымыз Шолпан екеумізді өмірден түңілуге дейін апарады. Өзі Алматыда үш мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры болып, зейнетке шыққан адам ғой. Екі категорияға жататын аса қиын ауру – диабетімен, алыса жүріп, немерелерімен айналысады, солар оның қара санаға ұрынбауына себепші де болар деп ойлаймын. Шолпанның әкесі Петропавлда «Ленин туы» газетінде шамалы уақыт редактор болған, Н.Хрущев қазақ газеттерін жауып тастағанда совхозда парткомдық жұмыс атқарыпты. Газет қайта ашыл­ғанда редактордың орынбасары болып, зейнетке шыққан. Қайын атам неміс-фашистер жеңілген соң Жапон соғысына қатысқан, ұзын-ырғасы жеті жылдай майданда болған адам еді. Арақ-шарап, темекі, даңғаза өмірге жоқ, алты баласы – төрт ұлы, екі қызын асырауды ғана ойлаған, балаларын өте тәртіпті, ізетті кітапқұмар етіп өсірген екен. Сондықтан, елу жылдық алтын тойға аяңдап келе жатқан қосағым мені қорғаштап жүреді, мен де Құдайдың берген жасын осы адамның жанында өткерсем деп Жаратушымнан сұраймын. Лайым, солай болғай. Жас келгенде өз өмірің жайына қалып, бала-шағаның қамын ойлауға көшеді екенсің... Құран-Кәрімде айтылған­дай, шындықты айтуға міндетті болғанда асыранды баланың өз әкесінің атын ашық айтуға тура келеді. Ақиқатын айтайын, Төрехан Жұмаділов – менің туған нағашым. Ол кісі соғыс бас­талмай тұрып Қызыл Армияға шақырылған. Иркутскіде оқып,офицер атанғанда соғыс басталған Неміс-фашистерінің алдын тосқан, солармен кескі­лескен шайқаста Петрозаводск маңында қаза тапса керек. Өйткені, «қара қағаз» күні бүгінге дейін жоқ. Іздеуден жалықпадық. Соғыс министрлігінен, архивтерден мардымды жауап келе қоймады. Менің өз әкем – Батхолда Сәбитов деген кісі соғысқа бар­маған. Кеген аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін ат­қарып, майданға азық-түлік, халқымен бірге киім-кешек тігіп, тоқып, пима басып, ел-жұртының аштыққа ұрынбауына еңбек еткен. Өз заманындағы сауатты әрі жаман орысшасы да бар елге керек кадр болыпты. Анам – Нұрипа Жұмаділқызы әкемнен он жас кіші еді. Осы аталған марқұмдардың бәрі қазіргі Панфилов ауданы, Жаркенттен Кеген ауылына ауып келген екен. Оған себепші әкемнің анасы Гүлғайша апам да, анамның анасы Бибісара апам да тарихтағы Тезек төренің шөберелері; Қырғызбай, Балқан төрелердің қыздары. Жәркенттегі атақты мешітті аласапыран заманда Бибісара апамның ағасы Ақмолда деген кісі ұстап тұрыпты. Өз сөзіне де, дініне де берік адам мешітті жап дегендерден, өртейміз деп қоқан-лоққы жасағандардан өзінің мәмілегерлік қасиетімен ұзақ жылдар имамдық еткен. Бәрі бір елден жасқанған орыс офицерлері Ақмолданы өз үйінің төбесінде етпеттеп бұғынып жатқан жерінде атып өлтіреді. Енді сол кісіге қатысты туыс адамдарға тықыр таянғанда бәрі түн жамылып, Кеген-Жалаңашты бетке алады. Мен – Батхолда мен Нұри­паның екінші перзентімін. Мен дүние есігін ашқанда Бибісара апам күйеубаласы мен қызына қолқа салады. «Құдайға шүкір, тұңғыштарың тәй-тәй басып жүр. Бастарың жас. Әлі де балалы боласыңдар. Ал мына нәрестені маған беріңдер. Төреханнан күдер үздік. Бірақ ол қандай адам еді! Мына баланы Төреханның атына жазып, куәлігін өзіме тапсырыңдар». Шешем ләм-мим демей тұрып қалады. Әкем: «Апа, айтқаныңыз болады. Ертең-ақ куәлігін қолыңызға тигіземін. Ал есімін қою үшін кімдерді шақырасыз? Конюх бала қазір бәрін шанаға салып осында әкеледі!» – депті. Сол «экспромтпен» жасалған шілдеханада ауданның бірінші хатшысы Мәжітов Исламиден, мектеп директоры – Батхолладан кейінгі қарындасы Сараны алған күйеу Әбсейіт Ешмұхамедов (мектеп директоры) т.б. көршілер жиналғанда Әбсейіт жездеміз: «Гитлердің қапасында антифашист, халқының шын жанашыры Эрнст Тельман жатыр. Сондай қайсар, адал адам болсын, атын Эрнст деп қоялық дегенде кілең большевиктер келісе кеткен. Ал соғыс жылдарында АҚЖ-да қайбір сауатты адам отырды дейсің?! «Эрнст» деген есімге және бір әріп қосып жіберіп, Эрнест деген есімді сүйреп келе жатырмын. Екеуі де неміс есімдері болғандықтан қозғамадым. 1938-1939 жылдары Кеген ауданына бірінші хатшы болып Ораз Жандосов келіпті. Аз-кем ауданмен танысып, ел-жұртымен қоян-қолтық іске кіріседі. Қазіргі «Кегенский перевал» деп орыстар, «Қайқы» асуы деп жергілікті халық атап жүрген он екі шақырымдық жолды, тік бетті ортан белінен текшелей кесіп, жол салуға кіріскен. Жандосовтың ұсынысымен мектепте иесі жоқ пәндердің бәрінен сабақ беріп жүрген Төреханды он жасында аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлатады. Төрехан сол кезде өлең жазады екен. Домбыра, мандолин тартады. Бойшаң келген көркем жігіт отырғанда ауылдас өз аға-әкелері имене кіретін көрінеді. «Өзі жайдары болғанымен, мысы басып тұрушы еді» – дейді мен көрген, сөйлескен, Төреханнан жасы үлкен қариялар. Әбдікерім, Бердібек, Ыбырайым аталар аудандағы алғашқы мұғалімдер болыпты. Сонда Әбдікерім атамыз: «Әй, Ерік! Сенің әкең Төрехан ғой бізді – ағаларын Жәркенттегі мұғалімдер курсына тізіп апарып оқытқызған. Соның арқасында өмір бойы бала оқытып, мұғалім атанып келеміз» – деп бір ақиқаттың бетін ашып еді. Мен бірінші мен жетінші класс аралығында жеті грамота алған екенмін. Күндердің күнінде ауылға «Поэт» деген көркем фильм келе қалды. Қазір ойласам, басты кейіпкері Маяковскийге, лириктік сәттері, өлеңдері С.Есенинге ұқсайды. Сол «Поэт» фильмі менің ішкі әлемімнің астан-кестеңін шығарып кетті. Енді Ерік (үйде, мектепте) Төреханов кинодағы ақынша бойын тіктеп, полу-бокс шаш қойып, хром етік табылмаған соң жарғақ етіктің қонышын «гармошка» жасап, «жігіттің сұлтаны» болып шыға келдім. Қонышта бір дәптер, бір сия қарындаш. «Шабыт» қысқанда сабақты ысырып қойып өлең жазамын. Солай математика, физика, химия пәндеріне тәкаппарлықпен қарап, кенжелеп қалдым. Қазір сол қылығыма өкінемін... Сөз орайында айта кетейік, өзімді жазушы ретінде қалыптастырған француз және орыс классикасы деп ойлаймын... 1946 жылы мені бауырына басып аяған Ақ апам (ел арасында осылай атайтын) дүниеден озды. Сонда Төреханнан кейінгі ұлы Әкімханға: « Мына баладан айырылма. Үйіріне қоссаң оп-оңай Сәбитов болып кетеді. Менен соң үйде үш еркек – өзің, Саятханың, Ерік үшеуің қаласың. Жасың он сегізге толды. Менің қырқымды берген соң сөйлесіп жүрген адамыңды үйге кіргізіп ал. Мен ол бойжеткеннің кім екенін білемін. Шешесі – Әділбек байдың қызы Қойсын. Әкесі – Сүгірбек әжінің баласы Халық деген кісі. Болған адамдар. Үйі – Ұзынбұлақта. «Руы – баба, байпаққа салып саба» деп, халық ол атаның жуастығын, тірлікке берілген, малсақ жандар екенін дөп басып айтқан ғой» депті... Бәрі солай болды да. Менің екінші шешем – Күләш Халыққызы он жеті жасында біздің тоқал тамға береке-бірлік әкелді. 1947 жылы Бақытжан Жұмаділов дүние есігін ашты. (Сөз әйгілі әнші, композитор, «Полигон», «Дос-Мұқасан: жылдар мен жолдар», «Стих и Я», кітаптарының авторы, суретші Бақытжан Жұмаділов жөнінде. Ред.). Солай екеумізді, бізден кейінгілерді Әкімхан мен Күләш аяқтандырып, жеке үй болғанша бағып-қақты. Ең алғашқы оқымай, бастан-аяқ тыңдаған шығармам – «Ботагөз». Тәтем мектепті үздік бітірген, өзі сахнадан өлең айтқан әнші, қалың да ұзын қара шашын екі бұрым етіп арқасына лақтыра салатын, тауып сөйлейтін, өзінен сегіз-тоғыз жас кіші қайнысы Саятхан, мен, Бақытжан, Гүлбанулармен бірге ойнап, тек әкеміз түскі асқа, кешкі асқа келетіні есімізге түскенде жабыла тірлікке кірісетінбіз. Сол еркіндік бәрімізге дарыған тәрізді. Мен бастауыш кластарда жүріп-ақ, мектеп пен аудандық балалар кітапханасын тауыстым. Кітапханашылар кітаптарды ауыстыруға келе жатқан мені көрсе: «Ой-буй... Әне, Ерік келе жатыр. Қандай кітап ұсынамыз? Ол оқымаған кітап жоқтың қасы», – деп сасқалақтайды екен. Сол әдет жетпіс беске келіп көзіне екі мәрте ота жасатқан Еріктің қыр соңынан қалған емес. 1950 жылы бірінші класқа бардым. Әкемізді Нарынқолға ауыстырғанда мен сегізінші класта оқитынмын. Бәлендей басбұзар, сотқар болған жоқпын. Әкеміз (Әкімхан) біз бір нәрсе бүлдіргенде үйде бәрімізді отырғызып қойып «жиналыс» ашады. Ол кезде Саятхан – бойдақ, мен сегізінші кластамын, Бақытжан – төртінші класта, Гүлбану, Бауыржан, Ержан, кенжеміз Салтанат – шүпірлеген балалар өсіп жатты. «Жиналысқа» Әкімхан іргеміздегі әпкесі Нұрипаның балаларын да қатыстырады. Мәселе темекіден басталды. Мәлік менен үлкен, оныншы класс оқушысы, мен, одан соң Серік, Бақытжан төртеуміз «Байкал» дейтін шегедей ғана папиросты бір қуысқа тығылып алып тарттық. Құнығып, дағдыланған ешкім жоқ. «Біз де көрейкші» деген балалық қана. Сөйтсек, шаштары сексиіп кішкентай қарындастарымыз бізді аңдып жүріпті. Кешкі ас үстінде Гүлбану, Бақыт екеумізге қарап күле берді, күле берді. Содан мамасы: – Саған не болды? Шайтан қытықтап жатыр ма? – дегенде: – Ой, Мама! Пап! Одан да қызық бір нәрсе бар! – Айтсаңшы, бізде күлейік, – деп папасы езу тартып еді, Гүлбану қатар отырған Бақытжан екеумізге: «Темекі тартқандарыңды айтайын ба?» – дегенде жүрек тоқтап қала жаздады. – Әй, Күләш! Міне, масқара болдық. Шақыр Мәлік пен Серікті! (Әкеміз зіркілдемей-ақ түсін суытса дүние қусырылып қалатын қасиеті бар адам болатын. Байқаймын, «темекі» үлкен жанжалға айналғалы тұр). Екі жиені келді. Бәріміз «Вена» орындығында отырмыз. «Артобстрел» басталды. «Тергеу» аяқталды. Бәріміз кінәмізді мойнымызға алдық. Әкеміз төргі үйден белдігін әкелді де, бірінші болып Мәлікке шүйілді. «Темекіні қоясың ба, жоқ па?» «Мен бірақ рет тарттым»... дегені сол еді, белдік жон арқасына сарт ете қалды. Мәліктің көзінен жас ыршып кетті. Одан соң Серік, өзіне шыр бітпейтін арық неме өз «порциясын» алды. Серік пен Бақытжанның жастары карайлас. Бірге ойнайды, өз «отрядтары», тоғайда «штабтары» бар. Серік қайқаң еткенде Бақытжан мырс етіп күліп жіберіп еді әкесі : «Әкеңнің басына күлесің бе?!» деп қаттырақ салып жіберді. Бақсам, бәрінің үстінде киім бар екен де, менің кеудем түгел жалаңаш. Сасқанымнан шешемнің жемпірін кие қойып, тымпидым да қалдым. Кезек менікі, әкем алдыма таман келіп, Төреханды ауызға алып, сүйектен өтер сөздер айтты да, анықтап үстіме қарады. Үстімде тәтемнің жемпірі. – Күләш! Күләш! Бері келші! – Өзі ішек-сілесі қатып күліп тұр. Жаңа ғана кеудесі жалаңаш болатын. Көзді ашып-жұмғанша сенің жемпіріңді кие қойыпты. (Анамыз да күлкіге басты). Сонымен, тек мен ғана «таяқ» жемей құтылдым. Ал шын мәнісінде, әкемізге апам мені тапсырғанда: «Ешқашан қол көтерме. Маңдайынан өзің де шертпе, өзгеге де шерткізбе – мені көрде жатып өкіртпе» деген апамның сөзін ол кісі бұлжытпай орындады. Мен де ол кіші әкем үшін іштей тілеуін тілеп, бір жағына шығармын тірі жүрсем деп ойлаумен болдым. Мен де түптің түбінде сөзімде тұрдым. Қалада өзінің алты баласын, інісінің шүпірлеген үш қызын, қонақ арымайтын отбасын Қаржы министрлігінен алатын жалақымен бағып-қақты. Біз 1960 жылы отбасымызбен Нарынқолдан тіке Алматыға көшіп келдік... Қысқаша айта кетейін. Әкімхан Жұмаділов он екі жасынан аудандық оқу бөлімінде статист болып жұмыс істеді. Түсте жұрт үзіліске кеткенде достарымен асық ойнайды екен. Өйткені апасы берген бір үзім наннан басқа талғажауы жоқ. Солай ойнай-ойнай ауыл сыртына, Алматы жолынан ұзап кетіпті. Енді бір мезетте ту сыртынан: – Әкіш, айналайын, ұттың ба, ұтылдың ба? – деген сәл мұрнынан сөйлейтін дауыс естіледі. Сөйтсе, Әкімханды іздеп, оқу бөлімінің меңгерушісі, жайшылықта жаймашуақ, өте адал, турашыл, адуыны үй жығар сұңғақ денелі, қайсар кісі келіп тұрса керек. Сөйтсе, сен бәрібір осында боласың, деп бүкіл кеңсенің кілтін Мүсілім Шәкіров Әкімханға беріп кетеді екен. Сол күні ойын баласы, оқу бөлімінің қызметкері Әкімхан асыққа қызыға-қызыға, байқамай ұзап кетіпті. Атқа мінгесіп, кеңсеге келсе, қызметкерлер есіктің көзінде топтанып тұр екен. Мүсекең баланың балалығын түсініп, ешнәрсе айтпаған соң басқалар да езу тартқаннан арыға бармаған. Кейін әкемізді аудандық партия комитеті қаржы-қаражат бөліміне аға инспектор етіп ауыстырды. Одан соң барып-келіп, Семейдің финанс техникумын сырттай оқып алды. Тарихтан белгілі, соғыс кезінде Қаржы министрі болған Зверевтің шәкірті Гарбузов министрлікке келді. Ел есін жиып, ішіп асқа, киіп киімге жари қоймаған кезең. Кадр жетіспейді. Сонда Гарбузов аудандық қаржы бөлімдерін жақсы басқарып жүрген, облыстарда қолдың қысқалығынан жоғары білім ала алмай жүргендердің тізімін жасатады. Шынында да, былай тартса өгіз өлетін, былай тартса арба сынатын-ақ жағдай екеніне көзі жетеді. Содан өз бұйырығымен Ленинградта жаңағы кадрларға жоғары білім алып беру үшін мынандай қадамға барады: жаңағы тізімге іліккендердің жалақысы отбасына беріледі. Ал өзі «Бүкіл Одақтың жоғары финанс мектебі» деген атпен үш жылдық оқу орнын ашады. Студенттерге бұрынғы жалақылары көлемінде стипендия тағайындап, жатын орын, түскі асты тегін ішетін жағдай жасайды. Түс әлетінде біздің есік алдында он-он бір ат мама ағашты жағалай тұрды. Әкімхан өз аппаратындағы ағаларын, туған-туыстарды жиып: «Егер дәл осы сәтті пайдалана алмасам мен жоғары білімсіз қалғаным қалған. Не ақыл қосасыздар?» – деп сауал тастайды. Бірінші болып апам Қарақолдан қаңғып, аш-жалаңаш жылап келе жатқан тоғыз жасар орыс баласы Денис Казанцев деген ақ офицердің жетімін асырап алған. Төрехан екеуі бірге өскен. Алдымен Денис аға сөз бастап, Әкіш, ел болып сенің отбасыңды жүдетпеспіз. Оқы. Мен отын-суыңды мойныма алдым. Тася артық дәмі болса осы үйге тасиды. Жездеміз, бірақ әкеміздей боп кеткен дорстрой бастығы, дене бітімі Дінмұхамед Қонаев тәрізді биік Жұманбай деген кісі: «Мен ұн мәселесін, қант-шайын мойныма ілдім, Әкіш» – деп сендірді. Әкемнің қарамағында меңгерушінің орынбасары болып еңбек етіп жүрген Байсабаев деген қалжыңбас кісі еді: «Денис пен Жұманбай оңай құтылып кетті. Ең қиыны – балаларды қызылсыратпау емес пе? Оны мен көтеремін. Ауданда қанша салық инспекторлары бар. Солар есеп беруге келу үшін соғымын сүйрей келмей ме? Сонда үш жылда ірісі бар, ұсақ малы бар, әрқайсысы бір мәртеден келсе үш жыл өте шығады» депті... Арқасүйер ағаларының сөзде тұрмағаны жоқ. Әкеміз жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітірді. Нарынқолға ауысып, бес жылдай жұмыс істеді. Салық жинаудан үш мәрте республикада бірінші орын алды. Ол кезде Нарынқолда Р.Мақашев деген нағыз патриот, партияның кіршіксіз қайраткері бірінші хатшы еді. Ол кісі әкемізді атқару комитетінің төрағалығына ыңғайлап жүргенде, Қазақ ССР-нің финанс министрі Атамбаев Әкімханды бұйрықпен: «Временно прикомендировать» деп шақыртып алады. Сөйтсе Атамбаев аудан басшыларымен, облыс басшыларымен сөзге келіп те қалыпты. Әкімханды қабылдағанда оның үстінде қаракөк китель, аяқта шешендер киетін іші жылы, сырты кавказдық «модамен» тігілген «бурка» болыпты. – Әкімхан, сен райиспол­ком­дыққа қызығып жүрсің бе? – деп сұрайды. – Қалтамызда – партбилет. Обком бекітсе мен қайда барам? Ал өзім финанс министрлігінің жүйесінде болсам деп қалт-құлт жағдайда жүрмін. – Міне, сөзің енді түзелді. Мен саған Гурьевке, Оңтүстікке облыстық басқармаларға орынбасар болып бар дегенді ұсындым. Көнбедің. Сені оқытқан – СССР финанс министрлігі. Сен біздің кадрсың. Мен сені ешкімге жетектетіп жібере алмаймын. Ал райисполком болдың делік. Рахымжан Мақашевті ЦК ауыстырса келесі бірінші келеді де ауылдың малын, жүн-жұрқасына дейін өкіметке тапсыра бастайды. Сен оған қарсы шығасың. Секретарь обкомға сен туралы жаман пікір қалыптастырып, жұмыстан алып тастайды. Өзі облысқа, ЦК-ға ет, сүт, тері-терсек, салық көрсеткіштерін көзір қылып тартады да, Алматыға, болмаса басқа облысқа басшы қызметке тайып тұрады. Қазақ айтады: «Есің барда еліңді тап» деп. Мен саған әзірше бөлім меңгерушісі деген қызмет беремін. Одан арғысы бола жатады. Сенің пәтер туралы айтарың белгілі. Жеті баламен вокзалға көшіп келмесіңді де ойластырдым. «Шевченко» мен «Мир» көшесінің қиылысында бір академик тұрып жатыр. Екі айдан соң олар өздері салдырған үйге көшеді. Хозу бастығы, сен және мен ғана білеміз осы құпияны. Әзірше, салт басты болып жұмысқа кірісе бер. Үй менің мойнымда, одан да басқа әлеуметтік жағдайлар жасалады. Тек тұратын үйің болса, қызметіңді өткіз де өзіме кел. Бірден, ешкімге соқпай осы жерде кездесетін болайық» – дейді. Сөйтіп бас бухгалтерді шақырып алып, қатаң ескертеді: «Акимхан Жумадилов с 11 августа будет выполнять объязанности заведущего отделом, соцкульт управления. Об этом прошу Вас не распростроняться. Иначе, претенденты начнут суетиться, меня теребить. А еще вместе с ним определите сумму подъем­ных. Унего семеро детей и брат родной». Әкімхан орнынан тұрғанда: – Сен сәл кідірші, – дейді министр. – Мынау не киім? Китель, бурка. Келесі жолы сені костюммен, галстукпен, әп-әдемі туфлимен көретін болайын. Енді сен кол­хозшы емессің. Астанада жұмыс істейтін қызметкерсің. Реніш жоқ па?.. Гурьев облысының тумасы Атамбаев өзі Мәскеуге Қазақстан­ның тұрақты өкілі болып ауысқанша Ә.Жұмаділов басқарма бастығы қызметіне дейін көтерілді. Балалы-шағалы екенін бұйрыққа енгізіп, ресми түрде арнайы жоғары жалақы тағайындатады. Әңгіме мен туралы болғанымен неліктен былай да былай ауытқып отырмын? Мен саналы түрде 1960 жылдардағы қарапайым ауыл атқамінерлерінен, министрге дейінгі аралықтағы, әр сатыдағы адамдардың адамгершілігін, Қазақ­станның екі қиырында дүниеге келген адамдардың бір-біріне ішкі есепсіз жасаған жақсы­лық­тарың жоқтап, бүгінгі адамдармен салыстыра еске алып отырмын. Алдың­ғыларынан қазақы бауырмашылық аңқып тұр. Бүгін сондай адамдарды емге таба аласыз ба?..

Әңгімелескен Құлтөлеу МҰҚАШ

Өмірдерек Эрнест Төреханов 1943 жылы 12 қарашада Алматы облысының Кеген ауданындағы Жалаңаш ауылында туған. 1960-1962 жылдары «Алматы жилстрой» тресінде құрылысшы болып жұмыс істеген. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің орыс филология факультетіне түскен. 1963-1966 жылдары әскер қатарында болды. Одан оралған соң оқуын сырттай жалғастырып, «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде корректор, әдеби қызметкер, жауапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі болған. Маңғышлақ, Торғай облыстары ашылғанда өз еркімен Маңғыстауға қоныс аударып, мұнайшылар мен кеншілер (уран кеншілері) өмірімен жете танысты. Ұзақ жылдар «Жазушы», «Жалын» баспаларында, «Қазақфильм» киностудиясында жұмыс істеді. «Наука и высшая школа Казахстана» газетінің бас редакторы болған. 1990 жылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, осы қоғамның «Ақ Жарық» – «Белый Свет» атты газетінің бас редакторы қызметін атқарған. Кейін «Ұлы дала» газетінің бас редакторы болды. Жазушының алғашқы кітабы – «Хантәңірі» (әңгімелер) 1978 жарыққа шықты. Одан соң «Алтын шеңбер» (1982, повестер мен әңгімелер), «Таудан түскен із» (1983, повестер), «Ер кезегі» (1984, роман және повесть), «Алыстағы ақ қала» (1987, роман), «Ескендір мен Роксана» (роман), «Алматыда күн ашық» (роман-дилогия. 2008, 2018ж.ж.), «Мәңгіліктен бір үзік» (фантасмагория) кітаптары жарық көрді, «Ойлануға жеті күн» атты киносценарийі қабылданды. 1982 жылы «Таудан түскен із» повесі республикалық жастар конкурсының («Жалын») жеңімпазы атанды. «Алыстағы ақ қала» романы үшін Мұхтар Әуезов атындағы сыйлыққа ие болды. Сондай-ақ қаламгер қолынан «Алматыда күн ашық» роман-дилогиясы (2008 ж.), «Мәңгіліктен бір үзік» фантасмагориясы туды. Ол Қазақстан Республи­касының бірнеше медальдарымен және «Қазақ тілі» қоғамының «Қазақ тілінің қаһарманы» алтын медалімен марапатталған.