«Келер ұрпақ, қасыңнан мен табылам...»

Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында еңбек адамының мәртебесін көтеру мақсатында Елбасының «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» идеясын арқау еткен дәстүрлі респубикалық форум өткен-ді. Осынау шараға Түркістан облысының атынан Ысқақ әулеті қатысты. Ордабасы ауданының Құрметті азаматы, әулет басшысы, 700 жылдық өтілі бар мұғалімдер династиясының бүгінгі ақсақалы – Әбдіқайым Ысқақты Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров қабылдап, «Үздік еңбек әулеті» бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Алғыс хатымен марапаттады. Сексен төрт жастағы Әбдіқайым ақсақалдың есімі еліміздің Еңбек кітабына енген. Оның портреті форум көрмесінде құрметпен ілулі тұр. Енді, міне, Тыл және еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз, ҚР Білім беру ісінің үздігі Әбекеңмен сұхбаттасып отырмыз. – Ата, ең әуелі «Еңбек жолы – 2018» байқауында Түркістан облысы бойынша бірінші орынды иеленуіңізбен, республи­калық «Үздік еңбек әулеті» номинациясында марапатталуыңызбен құттықтаймыз! Байқау­дың талабы қандай болды? – Өмір дегеннің өзі бір байқау емес пе? Әрбір өткен жылдарымыз сын екені анық. Біздің жеңісіміз – өткен еңбек жолымыз, аталар дәстүріне адалдық, өз мамандығымызға деген сүйіспеншілік деп бағалаймын. Ал байқаудың талабы – ғаламтор арқылы дауыс берудің нәтижесінің сарапқа салынуы болды. Бұл жерде біздің әулеттің қоғамға сіңірген еңбегін ескерген болар. Қарапайым еңбек адамын бағалап, елеп, ескеріп жатқан Елбасымызға ризашылығымыз шексіз. – Әбдіқайым ата, «әке көрген оқ жонар» демекші, саналы ғұмырын ұстаздықпен өткізген әкеңіз Сұлтан ақсақалдан алған тәліміңіз аз болмағаны анық. Осы туралы әңгімелеп берсеңіз екен... – Әке өнегесі туралы сыр ақтармас бұрын мына бір жәйтті тілге тиек еткім келеді. Ертеде бір жігіт әке атаныпты. Ұлды болған ол баласына жақсы тәрбие беруді көздепті. Сөйтіп бір ғұламаның алдына барып, жөн сұрапты. Сонда ғұлама: – Сен балаңа өзіңнің барлық ісіңмен үлгі бола біл. Өйтпе, бүйтпе деген ескертпелерге қарағанда бұл әлдеқайда дұрыс шешім. Өзің тәрбиелі болсаң, балаң да дәл сондай болады, – деген екен. Әрбір бала – ата-анасының айнасы. Сондықтан болса керек, ұстаздық жолды таңдауымызға әкемізден алған тәлім-тәрбие тікелей ықпал еткені анық. Әкем Сұлтан Ысқақ – Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның еңбегі сіңген мұғалімі, республикаға танымал қайраткер ұстаз. Сондай-ақ, ол кісі Халық ағарту ісінің үздігі, «Еңбек Қызыл Ту», «Қызыл жұлдыз» ордендерінің иегері, мұғалімдер сьездерінің делегаты сайланған өнегелі істерін дәлелдейтін құжаттары мұражайларда сақтаулы тұр. Жас ұрпақтың бойына білім нәрін сеуіп қана қоймай, көптеген жерде мектеп салғызып, елдің сауаттылығын ашу жолында орасан зор еңбек сіңірген тұлға. Атап айтқанда, 1940 жылы қазіргі Ордабасы ауданында халықты жұмылдырып, мектеп ашып, оған Абай есімін бергізді. Сондай-ақ, өзі іргетасын қалаған осынау білім ордасының атын Мәскеуге танытты. Абай мектебінің абырой даңқын асқақтатып, Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы Жетістік Көрмесінің күміс медалын жеңіп алуы да еселі еңбектің жемісі болса керек-ті. Әкемнің айтқан өмірлік азық болған әрбір сөзі санамда әлі күнге дейін жаңғырып тұр. Әсіресе, «Ұрпаққа аманат» атты кітабы ұстаздар қолынан түскен емес.Ондағы «Ұстаз біріншіден, өзін құрметтей білуі керек. Екіншіден, оқушыны сыйлай білу керек. Ең бастысы – мұғалім білімді, дарынды болу керек», «Мұғалім дегеніміз – тынбай ізденуші. Жаңалықты жатсынбайтын, білімнің кәусар бұлағына қанбайтын жан. Әйтсе де, бәрін білемін, білімім жетеді деген жан қателеседі» деген кеңестері білікті маман болып қалыптасуыма ықпал етті. Жалпы айтқанда, әкеге қарап бой түзей отырып, өмірлік жолымызды адаспай таңдадық. Жұмысқа деген жауапкершілігі, адами болмысы, талапкершілігі мені тәнті етіп, әке өнегесі бүгінде ұрпақтар сабақтастығына ұласты. Әкейдің әрбір ісінен үлгі ала отырып ұстаз болуды армандағаным жасырын емес. Сол бір бала арман Алматыдағы қазақ білімінің қара шаңырағы, бүгінде 90 жылдық торқалы тойын дүрілдетіп тойлап жатқан әйгілі ҚазПИ-дің жаңадан ашылған химия биология факультетіне жетелеп әкелді. Осы факультеттің тұңғыш түлегі атанғаннан кейін ең алғашқы еңбек жолымды Төлеби ауданы Совет орта мектебінен бастадым. Сол кездегі мектеп оқушысы, бүгінде елге танымал тұлға Амалбек Тшанға ұстаздық етіп, сынып жетекшісі болдым. Ол бала кезінен отты жанары нұр шашып, білімге деген ынтасын сездіре білді. «Әке көрген оқ жонар» деп әлгінде өзің тілге тиек еткендей, мен сол әкеміз Бөржарда 1940 жылы Абай мектебін өз қолымен салдырса, арада қырық сегіз жыл өткенде 1988 жылы сол мектептің заман талабына сай үш қабатты 624 орындық типтік ғимаратының салынуына мұрындық болдым. – Білуімізше әкеңіздің атында мектеп бар екен... Осы білім ордасы туралы тілге тиек етсеңіз... – Әкем ұстаздық етіп жүріп бірнеше газеттерде тілшілік қызметті қоса атқарып, ептеп өлең де жазатын. Өзінің өмірлік тәжірибесін баспасөзде бөлісіп отыратын. Мына бір шумағында: Келешектің жауап қатсаң бағынан, Келер ұрпақ, қасыңнан мен табылам. Бататұғын күнің барын білсең де, Алға қарай жетелейді бір сәуле... – дегені жадымда жатталып қалыпты. 1989 жылы Бөржар әкімшілігіне қарасты Ынтымақ ауылындағы жаңадан ашылған мектепке әкеміз Сұлтан Ысқақтың есімі берілді.1992 жылы әкейдің 80 жылдығы тойланып, халықаралық ақындар айтысы өткізіліп, осы алтын ұя алдына ескерткіші орнатылды. Бұл әкеміздің елі үшін еткен еңбегінің елеусіз қалмай, ел есінде мәңгі сақталу жолында істелген бір игі іс болатын. – Бүгінгі білім саласының даму деңгейі көңіліңізден шыға ма? – Білім саласының дамуы көңілден шығады. Әйтсе де, сынақ алаңы тәрізді жиі реформа жасай беру дұрыс емес деп ойлаймын. Әр министр билікке келген сайын өз өзгерісін тықпалауға құмар. Бұрын бір жақсысы жиі реформа жасала бермейтін. Неге екенін қайдам, қазіргі кезеңде бастауыш сыныптардағы математика, қазақ тілі пәндері өте күрделі, түсініксіз жәйттарға толы. Мұны оқушылар түгілі кейде ата-аналар да түсінбей жатады. Осы жағы көңілге кірбің ұялатпай қоймайды. – Әбдіқайым ата, бүгінгі қоғамдағы ұстаз мәртебесі туралы өз дәуіріңізбен салыстыра отырып әңгімелеп беріңізші. – Бұрынғы кезде мұғалімнің беделі өте жоғары болды. Мұғалімнің аузынан шыққан әрбір сөз заң болатын. Қазір мұғалім беделінің төмендеуіне бүгінгі қоғамның тигізіп отырған ықпалы зор деп ойлаймын. Неге десеңіз, қазіргі билік тарапы ұстаздарды орынды орынсыз түрлі жұмыстарға жегіп қойды. Сайлау дейсіз бе, өтіп жатқан түрлі әдеби шаралар бар ма, оның ішінде концерттерге дейін мұғалімдер басы-қасынан табылуға тиіс болды. Осының барлығы өз кезегінде мұғалім беделінің төмендеуіне әкеліп соқты. Сондай-ақ, қазіргі кейбір ата-аналар қит етсе, мәселенің байыбына бармай жатып мұғалімдердің үстінен шағымдануға даяр тұрады. Бұл өз кезегінде мұғалімнің мәртебесін түсіріп қана қоймай, оның дұрыс жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Осы тұста мұндай әрекеттердің дұрыс жолға бастамайтындығын да қаперге алғанымыз жөн. Мәселен, өзім 30 жыл бойы мектепті басқарып, арыз-шағыммен бірде бір рет бетпе-бет келген кезім жоқ. Мүмкіндігінше, ата-анамен де оқушымен де дұрыс тіл табысуға тырысатынбыз. Дегенмен, бүгінгідей бейбітшілік заманда мұғалімдерге мемлекет тарапынан көп қолдау жасалып жатқанын да айтып өткеніміз жөн. Мәселен, «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында: «Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс» деп атап көрсетуі әрбір мұғалімге үлкен күш-қуат бергені анық. Біз мұны зор ықыласпен қарсы алдық. Шынында ұстазға қанша құрмет көрсетілсе де артықтық етпейді. Сондықтан да, педагогтардың абыройын асқақтатар арнайы заң қабылдау ауадай қажет дүние деп ойлаймын. Бұл өз кезегінде мұғалімдер үшін үлкен қамқорлық болып табылады. – Білім саласында сізді қандай мәселе алаңдатады? – Менің алаңдайтыным бүгінгі өскелең ұрпақтың бойынан ержүректілік батылдық секілді қасиеттердің азайып бара жатқандығы. Мұның да өзіндік себебі бар. Қазіргі таңда көріп біліп жүргеніміздей, мектептерде ер мұғалім саусақпен санарлық. Тіпті, мектеп басшыларының басым бөлігі әйел азаматтар десек қателеспейміз. Білім және ғылым министрлігі осы жағына көп көңіл аударса екен. Ер азаматтардың мектепке тартылуына жағдай жасалса, бұл мәселе де өз шешімін табады деген ойдамын. – Ұлағатты ұстаздықты ұрпақтар сабақтастығына жалғаған еліміздегі өнегелі әулеттің бірі екендеріңіз белгілі. Осы тұста өзіңіздің ізіңізді жалғаған жиырмашақты ұл-қыздарыңыз бен немерелеріңіз туралы кеңірек әңгіме қозғасаңыз екен... – Бәрімізде парыз бен борышқа адалдық – негізгі адам ретіндегі міндетіміз. Мұғалімдік мамандыққа таңдау жасаған ұрпақтарыма ризамын. Мәселен, үлкен ұлым Әкім Ысқақ физика пәнінің мұғалімі боп он жыл еңбек етіп, Ордабасы аудандық білім бөлімін төрт жыл басқарып, баламалы түрде Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Қазақ тілінде жазылған тұңғыш заңның авторы атанды. Әйтсе де, шығармашылығы арқылы талай шәкірт тәрбиелеп келеді. Оның «Жүректегі жазулар», «Адам іздеп жүрмін» атты кітаптары кей мектептерде «Өзін-өзі тану» пәнінің оқулығы ретінде оқытылып келеді. Әкім үйіндегі келін Алтынсарин медалінің иегері, «Қазақтың қолөнері» кітабының авторы Ұлжан еңбек пәнінің мұғалімі, жоғары санаттағы ұстаз. Екінші балам Қасымның үйіндегі келін Зәбира жоғары санатты мұғалім, қазақ тілінен сабақ береді. Үшінші ұлым Кәрім де, осы үйдегі келінім Зағипа да жоғары санатты ұстаз. Ал, қызым Гүлжан да жоғары санатты ұстаз, облыстық білім саласының үздігі, бастауыш сыныптарға сабақ береді. Қызым Гүлмира бірінші санатты ұстаз, тарих пәнінің мұғалімі. Келінім Қарлығаш көркемсуреттен, қызым Гүлсара физикадан, күйеубалам Құрал еңбектен, келінім Гүлжазира бастауыш сыныптарға сабақ береді. Ал, немерелерім Дана, Айсара, Әйгерім, Ұлбосын, Айым, Сәуле де осы жолды таңдаған. – Жастарға берер батаңыз... – Жас ұрпаққа Жаратқан ием талмайтын талап, самғайтын қанат берсін! Баянды бақыт берсін, жолдары ашық болсын, өркендері өсе берсін, Мәңгілік Ел болу жолындағы игі істерінде намысты қолдан бермесін, әумин! – Рахмет, Ата!

Сұхбаттасқан Гүлмира САДЫҚ

qazaquni.kz