Үкімет қазақтың асыл тұқымды ірі қарасын субсидиядан неге қалыс қалдырды?

Үкімет қазақтың «Әулиекөл» асыл тұқымды ірі қарасын субсидиядан неге қалыс қалдырды? – бұл жөнінде бүгін Мәжілістің пленарлық отырысында «Ақ жол» парламенттік фракциясының депутаты Ерлан Барлыбаев ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің атына депутаттық сауал жолдады.

Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Осы жылы Үкімет асыл тұқымды малдың өнімділігін арттыру үшін субсидияның жаңа Ережелерін бекітті. Алайда, Ережеде отандық ірі қара малдың етті тұқымдарының санын ұлғайтуды ынталандыру шаралары қарастырылмаған. Яғни, импорттық аналық мал басын субсидиялауды сақтап қалып, ал отандық асыл тұқымды таналарды сатып алу мемлекеттік қолдаудан тыс қалып отыр», - деп мәлімдеді Барлыбаев.

Депутаттың айтуынша, елімізге кез-келген тұқымның аналық мал басын әкеліп, ол үшін субсидия алуға болады. Дегенмен, Әулиекөл тұқымы Қазақстаннан басқа жерде жоқ, сондықтан оны ешқайдан әкеле алмаймыз. Егер елімізде асыл тұқымды аналық басты сатып алуды субсидиялау тоқтатылса, ет өндірушілер толығымен импорттық асыл тұқымдарды әкелуге мәжбүр болады. Осының салдарынан уақыт өте келе жалғыз қазақстандық, экспорттық потенциалы жоғары тұқымның саны азаяды.

Естеріңізге сала кетейік, 1992 жылы елімізде жаңа Әулиекөл арнайы етті ірі қара тұқымын шығару жұмыстары сәтті аяқталды. Осы жұмысқа отандық селекционерлер мен ғалымдардың 30 жыл қажырлы еңбегі мен өмірі арналды. Дәл осы Әулиекөл тұқымы қазақстандық брендке айнала алатын отандық селекцияның алғашқы және әзірге жалғыз жетістігі болып отыр.

Қазақстанда ет өндірісі, ауыл шаруашылғының ең негізгі және басым саласының бірі болып табылады. Елбасы 2014 жылғы Жолдауында елімізді аса ірі аймақтық ет экспортёрі ету жөнінде міндет қойған.

«Бірақ, мемлекет импортты субсидиялауға және шетелдік ірі қараны бағып қағуға әжептеуір қаражат бөліп, ал қазақтың «Әулиекөл» асыл тұқымын назардан тыс қалдырып отыр», - деп атап өтті халық қалаулысы.

Айта кеткен жөн, бұл тұқымның ең басты ерекшелігі - ол біздің қатаң климатқа бейімділігі және етінің жоғары сапасы. Төлдеу қабілеті өте жоғары, орташа көрсеткіші 80-85 пайыз, жақсы күтім көрсе 97-100 пайызға жетеді.

Осылайша, «Ақ жол» демократиялық партиясының фракциясы отандық селекция жетістігін сақтап қалу үшін Үкіметтен тиісті мемлекеттік қолдау шараларын қарастыруды сұрады.