"Алматыны орталық қыламыз": Жириновский тағы да аузына келгенді айтты

Бұл жөнінде 1 қарашада Тәжікстанда сапармен жүрген Ресейдің Либералды-демократиялық партиясының (ЛДПР) лидері Владимир Жириновский мәлімдеді. Онымен бірге мемлекеттік думаның 20 депутаты барған.

Бұл туралы centralasian.org хабарлады.

Владимир Жириновский таяу уақытта ЛДПР думаға "Ресей аумағында Тәжікстан азаматтарының ерекше мәртебесі жөніндегі" заң жобасын ұсынатынын мәлімдеді. Оның сөзінше, Тәжікстанда жұмыс күші көп, ал Ресейде ақша көп, екі ел осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керек.

"Біз Душанбеде болашақ еңбек мигранттарына арналған арнайы мектеп салуды шештік. Бұл мектепте тәжік жастары орыс тілін және арнайы мамандықты оқитын болады. Кейін кез келген жұмысқа орналаса алады", - деді Жириновский.

Ресей саясаткері әлі де Ресейдің Ортаазиялық федералды округы құрылу керек деп есептейді. Оның астанасы - Алматы болу керек дейді. Оған Орталық Азия елдері ерікті түрде қосылу керек деп есептейді. "Қытаймен, Еуропалық одақпен, Ресеймен көрші мемлекеттер үшін, олармен бәсекелесу үшін, мұндай құрылым құру маңызды", - дейді саясаткер.

Владимир Жириновский Мәскеуге оралған соң, Федералды қауіпсіздік қызметіне Тәжікстанның Ауғанстамен шекаралас аймағына 2-3 километр тереңдікте "өлі зона" салуға өтініш жасаймын дейді. "Осыдан кейін бірде-бір террорист, контрабандист шекараны бұза алмайды",- деген сенімде саясаткер.