Бабаатадан басталған өшпес өмір

3257
0
Бөлісу:

(Дарынды қаламгер Тәкен Әлімқұловтың жүз жылдығына орай)

Қазақстан Жазушылар одағының мәжіліс залында классик жазушы Тәкен Әлімқұловтың 100 жылдық мерейтойына арналған ауқымды әдеби шара болып өтті. Қарымды қаламгер кешіне ақын-жазушылар, ғалымдар, Тәкен Әлімқұловтың жерлестері – Түркістан облысы Созақ ауданы әкімі Салыхан Полатов, Т.Әлімқұлов атындағы №14 мектеп интернат-лицейінің директоры Берік Тұрғанбаев бастаған бір топ өнер иелері, жазушының жары Есімгүл Болысбайқызы, ұлы – Рауан, қызы – Алма, БАҚ өкілдері, қазақ әдебиетін қастерлейтін қауым қатысты. Тартымды өткен әдеби кешті Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, белгілі ақын Бауыржан Жақып жүргізіп отырды.

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, шығармашылықтың шыңына шығаратын ешкімге ұқсамас дара жолды таңдаған Тәкен Әлімқұловтың соңына қалдырған еңбектері мен ғұмыры жайында әдебиеттанушы ғалым, профессор Жанқара Дәдебаев терең де мағыналы баяндама жасап, жиналғандарды жазушының көпшілік біле бермейтін жаңа қырларына көз жүгіртті. Суреткердің шығармаларының басым бөлігі туған жерге, оның тарихына арналғанын баса айтқан баяндамашы қаламгердің осы еңбектерін еліне қалдырған ескірмес ескерткішке балады. Ол рас, өлмейтін сөз қалдырған жазушысын елі де есінен шығармақ емес.
Бір кеште, шараға берілген санаулы уақытта Тәкен Әлімқұлов туралы айтып тауысу мүмкін емес. Жазушы жайында жылы лебіздерін білдірем деушілер көп болды. Ақын-жазушылар Сейфолла Оспанов, Аян Нысаналин, Рафаэль Ниязбек, Аманхан Әлім, Өтеш Қырғызбаевтар сахна төрінен өз естеліктерін айтып, талантты жазушының шығармаларының ерекшеліктеріне тоқталды. Белгілі ақын Рафаэль Ниязбек Тәкен ағасына арналған өлеңін оқып берді. «Қазақ әдебиеті» газетінің Т.Әлімқұловқа ар­налған санында жарық көргенмен өзінің аты-жөнін жазбағанын, «Тәкендей тұлғамен атымды жарыстырмайын деп есептедім» деп ағынан жарылды. Өлең осы кешке жиналған әдебиет сүйер қауымның ортақ ойын білдіретіндіктен, біздің «Қазақ үні» оқырмандарының да назарына толықтай ұсынғанды жөн көрдік.

СУРЕТКЕР

Дүниені айырып келбетінен,
Рухтар көшіп жатыр жер бетінен.
Кісі деген бірге еріп кетеді ме,
Шыңыраудан сыр тартып шерте білген.

Кітап жазып ұсынған сыйлы еліне,
Аға, қалам ұстаған киелі ме?
Әуезовтен кейінгі тау тұлғалы,
Суреткер ең сөз сіңген сүйегіне.

Өжет жандар ер салса күреңіне,
Сірә, жетпей тынбаған тілегіне.
Әуезовтен кейінгі суреткер ең,
Тәңір өзі сөз жазған жүрегіңе.

Бір жұлдызды бетке алып тұрған жанып,
Жол үстінде жетілдің тұлғаланып.
Ұлы Абайдың жұмбағын шештің қалай,
Ешкім шеше алмаған мың толғанып.

Сондай заңғар биіктен сені көріп,
Буырқанып жыр жазам тебіреніп.
Неге екенін, кім білсін, сен жоқ жерде,
Біреулердің қалатын жері кеңіп.

Найзағайдың көзіңде оты өріліп,
Болашаққа жол тарттың төте жүріп.
Сен жоқ жерде қысық көз біреулердің,
Қалушы еді еңсесі көтеріліп.

Жасыл желек жамылып, торғынданып,
Бір төбеде жатырсың мол қымтанып.
Сен аттанып кетсең де, ағып жатыр,
Сенен қалған ұлы өзен толқынданып.

Өмір кешіп жүрген соң белең-белде,
Құдіреттің бәріне сенім мен де.
Махамбет өлген күні ай тұтылса,
Күн тұтылған, жан аға, сен өлгенде.

Қазақ әдебиетінің көгінде күн сөнбейді. Оның ірі өкілі өмірден өткенде күн тұтылды деу артық емес, тіпті жарасымды да… Кештен соң қаламгер рухына құран бағышталып, мейрамханада ас берілді. Бұл Тәкен Әлімқұлов мерейтойының басы ғана, енді туған жері Теріскейдің төрінде жалғасын таппақшы.
Ер қанаты – тұлпардың сыны мен қазаққа ғана тән күй атты киелі саздың сыры мен табиғатын терең түсінетін Тәкен Әлімқұлов жалпы өнер тарихын жете білген. Содан да болар Қорқыт атадан бастап, Сүгір, Тәттімбет, Махамбет, Сәкен секілді көптеген қазақтың кесек тұлғалары жайында жазып, келер ұрпаққа барынша жеткізіп кеткен төл әдебиетіміздің тарихындағы бірден-бір жазушы. Оның шығармаларынан тұлпардың тұяғының дүбірі, қобыздың сарыны мен домбыраның қоңыр үні үнемі естіліп тұрады. Дархан дала мен қарт Қаратаудың бейнесі көз алдында көлбеңдейді…
Тәкен Әлімқұловтың романдары, хикаяттары мен әңгімелерін айтпаған күннің өзінде, поэзиясы мен сыни еңбектері өз алдына бір төбе. Сын жайында «Әдеби сын, оның ішінде поэзия сыны, ең алдымен өзі шығарма болуы шарт, тұлғасы сымбатты, оқушыға эстетикалық ләззат берерлік, оның ой-қиялын оятып, санасын марқайтарлық пікір мен сезімге мейілінше толы шығарма болуы шарт. Адамның білімі молайып, ой-өрісі кеңейіп, талғамы тереңдеген сайын сыншылдық көзқарасы арта түседі» десе, Абай туралы сүбелі зерттеу еңбегі жайында өзі былай деген екен: «Абай Шыңғыстауда өссе, мен бір қияндағы Қаратауда ақындардың ішінен Абайдың есімін бірінші естідім. Қара танымайтын сәби шақта құлаққа кіріп, көкейге қонған – Абайдың нақыл өлеңдері. Сауатқа шала балалық кезеңде, Абайдың «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойласы» білікті біреудің айтуынан жат болған-ды. Бір отырыста, бір айтылғаннан машық боп қалған-ды. Енді сол өлең осы кітаптың есіміне жүріп отыр. О баста күндердің күнінде ұлы Абай турасында кітап жазамын деген ой басқа келмеген?! Өмір шіркін осылай екен!..» Ал өлең хақында «Поэзияның ғұмырлы қасиеті – сезім мен ой пікірдің тұтастығында. Дарын қаншама биік болса, сезім соншама терең келмек» деп пайымдаған. Жалпы жазушылық жайында «Қаламгер атаулы, оның ішінде жазушы – халықтың ортақ ұлы, суреткер ұлт тілін түгел тексеріп, жіті екшейді. Өзге адам байқамаған, байыптамаған қазынаны аршып, қалың көпшіліктің кәдесіне асырады. Жансызға – жан, топасқа түйсік бітіреді» деп түйіндеген. («Қазақ әдебиеті» газеті, №42, 2018 ж.) Бұл нені көрсетеді? Қаламгер сынға сергек қарап, өлеңді бәрінен биік бағалап, Абайды пір тұтқанын білдірмей ме?! Әдетте замандастары жазуға шебер болғанмен сөйлер сөзге сараңдау Тәкен Әлімқұловты сырттай «жұмбақ жан» десе, енді міне сол жұмбақ жан Абайдың астарлы жұмбағының шешімін табу үшін талмай ізденгенін байқаймыз.
Қай жағынан алсақ та, адам баласы бұл фәниге келген жолаушы іспетті. Өзіне берілген қамшының сабындай қысқа ғана өмір жолын әркім өзінше жүріп өтеді. Көпшілігіміз шаңы шыққан жаттанды жолды шиырласақ, біреулердің жолы бұралаң, бұралаң болса да өзіне ғана тән із қалдырады. Ешкімге ұқсамайтын мінезімен, бөлек болмысымен, дара дарынымен соңынан ерекше, өшпестей соқпақ салатын саңылақтар сирек кездеседі. Әдебиет атты киелі әлемде қара үзген тұлпардай жалпыдан жырақ кетіп, қазақтың қоңыр күйі болып күңіренген Тәкен Әлімқұловтың мол мұрасы келер ұрпақтың баға жетпес байлығы болып қала берері сөзсіз. Ия, Бабаатадан басталған ғибратты ғұмыр өз шеруін жалғастыруда…

ӨМІРДЕРЕК

Ақын, жазушы, әдебиет сыншысы Тәкен Әлімқұлов (22.11.1918-13.4.1987ж.) Түркістан облысы Созақ ауданы Бабаата ауылында дүниеге келген. Мәскеудегі Әдебиет институтын бітірген (1953). 1936 -1945 жылдары Шымкент қорғасын зауытында, Донецк облысында жұмыс істеді. 1945 -1974 жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жауапты хатшы, Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде бөлім меңгерушісі, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші қызметтерін атқарды. 1974 жылдан өмірінің соңына дейін шығармашылық жұмыспен айналысты. Шығармалары 1945 жылдан жариялана бастады. Алғашқы өлеңдер жинағы «Сапар» 1950 жылы жарық көрді. «Жазғы жаңбыр» (1964), «Қаратау өрнектері», «Туған ауылда» (1968), «Боз жорға» (1969), «Күрең өзен» (1971), «Кертолғау» (1973, 1990), «Шежірелі Сахара» (1976), «Көкек айы» (1982) атты әңгімелер мен повестер жинағы, «Ақ боз ат» (1962, орыс тілінде 1968), «Тұлпардың тағдыры» (1975), «Ел мен жер» (1978), «Замана екпіні» (1982) романдары шықты. Жазушы шығармаларының негізгі тақырыбы ауыл тіршілігі, адам тағдыры, өнер қайраткерлерінің өмірі. Абай Құнанбаев туралы «Жұмбақ жан» (1978) атты көлемді зерттеу еңбегін жазды. «Өткен мен қазіргі» (1958), «Көк қаршыға» (1972), «Бар өмір алда» (1974), «Сырлы наз» (1984) кітаптары орыс тілінде жарық көрді. М.Ю. Лермонтовтың «Измаил бей» поэмасын (1951), П.Павленконың «Бақыт» (1950), Г. Николаеваның «Орақ үстінде» (1952) романдарын, Э.Сент-Экзюперидің «Кішкентай шаһзада» ертегісін, сондай-ақ А.С. Пушкиннің, В.В. Маяковскийдің, Г.Низамидің өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Халықтар достығы орденімен марапатталған.

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

он бір − тоғыз =