Берік ДҮЙСЕНБИНОВ: Салықтық рақымшылық – бизнеске қолдау көрсетуде маңызды қадам

Адал кәсіпкерлерге арналған салықтық амнистия бизнес үшін өте маңызды қадам – бұл туралы «Ақ жол» партиясының Өскемен қаласындағы филиалы ұйымдастырған дөңгелек үстелде Берік Дүйсембинов мәлімдеді. Іс-шараға облыстық Мемлкеттік кірістер департаментінің басшылары, кәсіпкерлер, партия белсенділері, қала жұртшылығы және БАҚ өкілдері қатысты. «Бизнес партиясы болған­дықтан, біз кәсіпкерлікті өрістетуге бағытталған бірне­ше тапсырмаларды басты назарға алдық: «БЖК-2020» бағдарламасының мерзімін ұзарту, монополистер қыз­метінің тарифтеріне тәртіп енгізу, бизнесті қылмыстық қуда­лаудан қорғау, Еуразия­лық экономикалық одақ аясында қазақстандық экспорт­шы­лардың мүддесін қолдау, ішкі нарықты халықтық тұ­тыну тауарларымен толтыру және тағысын тағы. Жолдауда жүк­телген міндеттердің басым бөлігі «Ақ жол» көтерген мәселе­лермен үндес келеді және партия әрі қарай да осы бағытта жұмысын жалғастыра бермек», – деп атап өтті Берік Дүйсембинов. Депутат сондай-ақ «Ақ жол» фракциясының жұмысы мен заң шығарушылық қызметімен бөлісті. Осыған орай, ол салықтық даулар бойынша талап қою мерзімін қысқарту жөніндегі «Ақ жолдың» ұсыныстарына тоқталып өтті. Сонымен, фракция 2013 жылдан бастап бұл жағдайды Үкіметтің назарына бірнеше мәрте жолдап, Еуразиялық Экономикалық Одақтағы көршілерімізді үлгі ете отырып салық бойынша талап ету мерзімін 5 жылдан 3 жылға дейін қысқартуды ұсынды. Соңғы рет мұндай сауалдарды ақжолдықтар 2017 жылғы 19-қаңтарда және 15-наурызда жолдаған. Алайда, өткен жылды қоса алғанда әр жолы бізге фракцияның ұсыныстары «мемлекет пен бизнес мүддесінің теңгеріміне сәйкеспейді» немесе олар «Салық кодексінің жаңа редакциясын әзірлеу бойынша құрылған жұмыс тобы тарапынан қолдау таппады» деген сыңайлы бас тартқан жауаптар келіп түсті. «Биылғы Елбасының Жолдауында салық амнистиясына қатысты жүктелген міндеттерге байланысты 10-қазанда «Ақ жол» тағы да өз сауалын жолдаған болатын. Фракция бұл тапсырма бұрыннан келе жатқан салық дауы бойынша талап қою мерзімінің артықтығы мәселесін көтереді деп санайды», – деді Дүйсембинов. Депутат «Ақ жол» фракциясы Мемлекет басшысының бұл бастамасын түпкілікті қолдай отырып, Үкіметке оны іске асыру барысында мұндай қордаланған мәселелерді түбегейлі шешіп қана қоймай, оның туындауына алып келген бастапқы шығу себептерін жоюды ұсынады деп өз ойын толықтыра түсті. «Қазіргі күні біздің бастамамыз Салық кодексіне енгізілді, алайда оны іске асыру Үкіметтің қаулысымен 2020 жылға дейін бұғатталып отыр. Президенттің салықтық рақымшылық жүргізу туралы тапсырмасына жүгіне отырып, «Ақ жол» партиясы Үкіметке тағы бір мәрте салықтық даулар бойынша талап ету мерзімін ағымдағы қаржылық жылдан бастап 5-тен 3 жылға дейін қысқартуды ұсынды», – деп түйіндеді мәжілісмен. ШҚО Мемлекеттік кірістер департаменті өкілдерінің дерегіне сүйенсек, 2018 жылдың 1-қазанындағы жағдай бойынша 3861 ШОБ субьектісінің 37,2 млрд. теңге мөлшерінде қарызы бар, өсімақының сомасы 13,1 млрд. теңгені құраса, ал , айыппұлдардың көлемі – 0,8 млрд. теңге. Олар 2018 жылғы 1-қазандағы жағдай бойынша негізгі қарызды 2019 жылдың 31-желтоқсанына дейін толық өтеген жағдайда ғана айыппұлдар мен өсімақылардың күші жойылатынын хабарлады. Дөңгелек үстелге қаты­сушылар бұл шараларды жүзеге асыру мемлекеттің тарапынан бизнесті қолдаудың тағы бір факторы болатынын және кәсіпкерлікті одан әрі дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға көмектесетініне сенім білдірді. Кездесу барысында бизнес өкілдеріне талқылауда көтерілген мәселелерге қатысты бірқатар сұрақтар қойылды. Мемлекеттік кірістер департаменті БАҚ-та ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша өз жоспарларын мәлімдеді. Дәл осы күні депутат Берік Дүйсембинов «Микс» радиостанциясына арнайы сұхбат берді. Әңгіменің өзегі Жолдауды жүзеге асыру тетіктері жөнінде болды. Құқық қорғау жүйесіндегі реформаларға, «7-20-25» бағдар­ламасы, салық амнистиясы, ауыл шаруашылығына арналған жер телімдерін тиісті мақсатта пайдаланбау сынды мәселелерді талқылады. Депутат «Ақ жол» партиясы фракциясының жеткен жетістіктері мен нәтижелі жұмыстарын да айтып өтті. Берік Дүйсембиновтің Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары жалғасуда.

qazaquni.kz