Сəкенге адамзаттық сана деңгейінен қарау керек - Ерлан Төлеутай

Алашорда заманы мен Сəкен ғұмыр кешкен дəуірді əділ безбендеуге біздің қазақтың санасы əлі жеткен жоқ. Оған əділ көзқарас, терең талдаулы ғылым, ауқымды тарихи-қоғамдық білім, сəулелі, жарқын, азат сана, ең бастысы мол парасат керек.

Біздің ғылымда осы бесеуі де жоқ. Бұл жағынан біз əлі дамудың төменгі сатысындамыз. Қарапайым тілмен айтсақ, бір ғалымымыз филолог - ол филологтың көзімен қарайды, бір ғалымымыз тарихшы - тарихшының көзімен қарайды. Бір ғалымыз Нұротанның көзімен, енді бір ғалымымыз рушыл - рушылдықтың көзімен қарайды, Сəкенге. Осындай көзқараспен кімді оңдырамыз?

Сəкен тіпті ұлттық санамен де қарауға келмейтін тұлға. Сəкенге өркениетті елдің ғалымдары құсап, адамзаттық сана деңгейінен қарау керек. Ал қазіргі мына ұры-қары жайлаған қасқыр заманда қазақта адамзаттық санаға көтерілмек түгілі ұлттық санаға жеткен тұлғалар қадау-қадау ғана. Тым болмаса, Сəкеннің əнін ұғып, аяулы ақынның жан тереңіне бойлай алатын адам бар ме екен арамызда?! Күмəнім бар.

Сəкен - бақай есеп блогерлер мен жарияшыл журналистердің, рушыл зерттеушілердің, тар аялы ғалымдардың құшағына еш сыймайды. Кеше Сəкенді бота тірсек бозбалар даттап жатыр осында. Уай, солар өмірінде вытрезвительге түсіп көрген жоқ қой, Аненковтың "Азап вагоны" түгілі. Ал енді сол "үйкүшік батырлардың" НКВД жендеттері түрмеге апарып Сəкеннің мұртын жұлғызатын пионерлерден қай жері артық. Айтшы өзің?!

Өкінішке қарай, біз əлі күнге дейін ұлттық құндылықтардан ада, ештеңенің парқын бойлап біле алмайтын, көріп тани алмайтын, əртүрлі "измдермен" санасы сансыраған, əсіредіншілдікпен уланған қараңғы мешеу қоғамда өмір сүріп отырмыз. Бұл қаратүнектен аман шықсын дейік, халық... Мына өтпелі кезең өтсін, бір заман келеді, сол кезде бəріне əділ баға берілмек...

Ерлан Төлеутайдың facebook парақшасынан