Дидар Амантай: "Талан" - ескірмейтін фильм

Тегінде, ұлт әдебиеті мен қазақ киносы арасында, сонау Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаев заманынан бері қалыптасқан өнегелі дәстүр, жақсы қарым-қатынас, тығыз байланыс бүгінде өз жалғасын тауып отыр. Жуықта Астана, Алматы, Қарағанды қалаларында, Жүсіпбек Қорғасбек шығармасы бойынша түсірілген Болат Қалымбетовтің “Талан” атты фильмі жұртшылық назарына ұсынылды. Соңғы картинасы осыдан он жыл бұрын жарыққа шыққан талантты режиссер бұл жұмысына да ұзақ дайындалды. Сценарийінің өзі сан мәрте талқыға салынды, талқы барысында тұрақтанған образдары жан-жақты пысықталды, көп эпизодтары қайта жазылды. Задында, фильм мақсатына жетті. Оператор жұмысы режиссердің айрықша қолтаңбасын айқындай түсті. Әсілі, Сапар Қойчыманов – аса сезімтал оператор, талғампаз киногер, асқан талант иесі. Кадр эстетикасы, үйлесімділігі, тереңдігі, сөз жоқ, үлкен дарынға дәлел, виртуоз, шебер қолға айғақ, бүкіл фильмді сән-салтанатқа көміп, жарасымды әнге ұйытып, тамаша көңіл күйге бөлеп тұр. Болат Қалымбетов аталмыш еңбегінде жаңа биікке шықты. Мазмұн тура мағынасынан ауытқып, қос нарратив дербес қос әңгіме шертті. Экранда сюжеттің серігі пайда болды. Шытырман уақиғалар соңында жүрген көлеңкелер басқа мағына, бөлек, бөтен жүк көтеріп, мазмұн жеке ту тікті. Ең бастысы, көркем әдебиет желісіне құрылған шытырман фильмде көңілге қаяу салатын әсіре-театрлық элементтер жоқ. Пафостан ада, фальштен таза. Суреткер дауысы – анық. Жалпы тұрғыда құбылмалы туынды оңаша, оқшау деталь көріністерінде тұрақты, анық, сосын, бейтарап режиссерлік көзқарас бар. Тексте – бір талап, бір талғам, бір тәсіл. Қойыртпақсыз, балдыр-батпақсыз, лай-топырақсыз. Тұнық. Мөлдіреген кинотуынды. Табыс. Ұнайтыны, жұмбақ фильмде, көркемдік шешімде айқындықтың жоқтығы. Ақындық тілмен айтқанда, қартаймайтын режиссердің ескірмейтін фильмі. Әдетте, әдебиет киноға қызмет етеді. Бірақ, киноновелла, киноромандар әдеби кітаптың деңгейіне жете алмайды. Қанша талпынса да, себебі, автор қалам ұстағанда, сценарий мен фильм мәтіндеріне жалтақтап жазады. Ұлтқа мұра өнегелі дәстүр қазақ киносын әлі талай байытары сөзсіз, негізі, әдебиеттің күші көп, қуаты жойқын, қазынасы мол, тіпті, ұсқынсызданып, ұлтсызданып бара жатқан киноны тек қана қазақ кітаптары рухтандыра алады. Бүгінде әдебиет экранға шықты, біз классикалық шығармаларды теледидардан, компьютерлерден, ұялы телефондардан көретін болдық. Әрине, жаңа технологиялар арқасында, алтын қор ешқашан ұмытылмайды, бірақ, оқырман саны азаяды, сонымен қатар, айта кетер жайт, – үлкен экран мәдениеті ақырындап, біртіндеп жойылып келеді, ықшам терезелер, шағын экрандар ұлы өнердің үлкен масштабтағы ғажап әсерін білдіртпей әлсіретіп бара жатқанын байқамайтын да сияқтымыз. Кезінде, Францияның танымал өнер қайраткері, көрнекті режиссер Жан-Люк Годар, кино, әсілі, технологияға тәуелді екендігі н алға тартып, кітаптың, қай уақыт болмасын, заманауилығына таң қалып еді. Өнер-мәдениет тарихында, ескі кино деген ұғым-түсінік бар, бірақ, Сіз ескі кітап деген сөзді естіп көрдіңіз бе? Кітап қашанда оқырман жұртшылықпен бүгінгі күн тәртібінде тұрған, осы шақтың аясында, қазіргі замандағы рухани кеңістік ауқымында тілдеседі. Ол – әрдайым, рас, жас ұрпақ, жаңа буын серігі, яғни, уақытпен құрдас. Кітап – уақытпен құрдас. Кинода театрлық деген баға, кинематографиялық туынды бойында спектакль қасиеттерінің не аздығын, не көптігін білдіретін өлшем бірлігі бар. Яғни, ол – кино тілі драмалық қойылымдар, пьесалар шарттылығы, сахналану жолы тәрізді, амал-әрекет, әдіс-тәсілдерден қаншалықты зардап шекті, соны айқындайдын шығармашылық термин-ой. Бірақ, десек те, әдебиеттің киноға деген ықпалы зор. Ұлы романдар, данышпан жазушылар қалам тартқан сюжет желілері, тақырып түрлері, сомдаған қайшылықты образдары, қайраткер, жасампаз бейнелері, әдетте, кинематографтың бағыт-бағдарын айқындап, мазмұн-мәніне әсер етіп, киноны кезеңдік дағдарыстан, тірелген тығырықтан шығарып, кең даңғыл, жаңа жол тауып беріп жатады. Шын мәнісінде, театр кинематографтың талғамын бұзады, ықпалы, өкінішке қарай, теріс, классикалық немесе модерндік үлгідегі прозалық туындылар негізінде, тіпті, постмодернистік шығармалар желісі бойынша түсірілген фильмдер, көркем әдебиет арқасында, керісінше, жақсара, тереңдей түседі. Кино, өз кезегінде, жазу мәнеріне әсер етеді. Стиль ұштала түседі. Болат Қалымбетовтің жаңа шығармашылық ізденістері жан дүниемізді толқытып, алаң көңілімізді жайландырды, бізді терең ойларға, пәлсапалық пайымдарға жетеледі. Қазақ әдебиетінің, демек, ұлт киносын ескіруден сақтайтыны рас, құндылығын арттырып, мәңгі өмір сүруіне кепілдік беретіні анық. Әдебиеттің құдыреті осындай!

Дидар Амантай,

"Егемен Қазақстан" газеті