Тәуелсіз елдің Астанасында отарлаушы елдің идеологиясын тойламақ па?

Кеше ғана Алматыда тойланған Комсомолдың 100 жылдық мерейтойы елді шулатты. Зиялы қауым өкілдері бастап, көзі ашық саясаткерлер мен қалың қазақ отарлаушы елдің идеологиясының мерейтойын тойлағандарды сынап жатыр. Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз комсомолдарды қарғаған жазбаларға тап боласыз.

Ол аз ба, енді бұл тойдың жалғасы Тәуелсіз еліміздің бас қаласы - асқақ Астанамызда жалғасын таппақшы. Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.

- Бүкіл ел қарсы шығып, наразылық танытып жатса да 100 жылдықты ұйымдастырушылар сөз ұғар емес. Алматыдағыдай мерекелік шара енді Астанада 29 қазан күні өткізілмек көрінеді. Міне осындай коммунизмге уланған комсомолдар басқарған елде діни «измдерге» уланған көрсоқырлар шықпағанда қайтсін, - деп жазды abai.kz сайтындағы әріптестеріміз.

Халықтың ашуын туғызғандарын түсінбек түгілі, елмен санасу керектігін қаперіне де алмайтын коммунистер қайта сол режимнің қайта орнатылуын көксеп жүрген секілді. Қазақстан коммунистік халық партиясы Астана қалалық орталық комитетінің бірінші хатшысы Марат Әубәкіровтың пікірін оқып көріңіз өзіңіз:

 – Кешегі екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеттік қой. Сол жетістікке коммунистік уақытта қол жеткіздік. Комсомол болу, компартияның мүшесі болу – тарих қой. Неге оны тойламауымыз керек? Ал тарихтың орыны бөлек. Қазір халық қарсы шығып жатыр деп отырсыңдар, ал 50 жылдан кейін коммунистік кезең қайта орнап халықтың жағдайын жасап тастайтын шығар. Кім біледі?! Жалпы, басқалар қарсы шығып жатыр деген сөзбен келіспеймін. Ары кетсе бір-екі адам айтқан болар. Керісінше осы бастамаға үн қосып, мен де барғым келеді, мынадай идеям бар деп келіп жатқандар баршылық, - дейді Марат Әубәкіров.

Комсомолдың қызыл тойына қарсы шыққан "Қазақ үні" порталы бұл туралы аз мақала жазбады. Мәселен, белгілі ақын Қазыбек Исаның "Біз Тәуелсіздікті кімдерден алдық?" атты мақаласы қоғам қолдауын тауып, оған еліміздің танымал саңлақтары өзінің оң пікірлерін білдіріп жатыр. Ал, "Комсомолдар желтоқсаншыларды қалай жазалады?" және "Колбинді жан-жүрегіммен қолдаймын: Бірғаным Әйтімованың желтоқсаншылар туралы хаты"деп аталатын мақалаларымызда кезінде танымал ғалым Берік Әбдіғали құрастырған "Қазақ ұлт-азаттық көтерілісі. ХХ кітап" атты жинағында жарияланған тарихи құжаттарды келтіріп, комсомолдардың қазаққа қарсы идеологияны қалай насихаттағанын тайға таңба басқандай дәлелдедік.

Елдің сөзін қыстырмайтын коммунистер болса "Сталин кезінде тудық, оны қалай ұмытамыз, бұл тарих емес пе?" деп кеуде қағып сөйлеп, енді Астанада мерейтойларын атамақшы.

Мәселен, сол коммунистік партия мүшелерінің бірі, Алматы қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшанов Информбюро порталына берген сұхбатында былай депті:

- Қазіргі жастар комсомолдардан қатты қалып кеткен. Бұл тарих қой. Оны қалай ұмытамыз? Біз Сталин басшы болып тұрғанда дүниеге келдік. Оны естен қалай шығара аламыз? - депті.

Енді осы тәуелсіз елдің жастары Астанадағы комсомол тойын тойлатуға қарсы шықпаса, қолдамайтыны айдан анық. Егеменді еліміздің елордасында бұл тойды өткізуге жастар түгілі, көзі ашық зиялы қауым, танымал саясаттанушылар, БАҚ өкілдері жаппай қарсы шығып жатыр. Халық наразылығын ескерсе, билік те бұған жол бермейді деп сенеміз!

Қазақ үні