«Ozattar – білім саласы үздіктерінің энциклопедиясы» жарық көрді

Бірде Германия мемлекетінде үлкен дау өрбиді. Мемлекет қызметкерлері мен құрылысшылар жалақысын көбейтуі туралы үкімет басындағыларға ашық хат жолдайды. Хатта мұғалімдердің айлық ақысының өздерінен өте көп болғанына наразылықтарын білдіреді. Сонда Алмания қазіргі Федералдық канцлері Ангела Меркель: «Сендерге білім нәрін сепкен асыл жандардан қалайша ұялмай артық ақша аласындар» деген екен. Бұл – бейнелеп айтқан мысалымыз. Белінен басып сөйлесек.

Бейпілдікті батылдық көру бел алып тұрған заманда рухани құндылықтарымыздың тамырына мәнді де минералды дүниелерді беруіміз қажет. Неге десеңіз қоғам кемелденудің емес, кері кетудің, рухани түлеудің емес, тоқыраудың сойылын соғып, сана-сезіміне жасайтын оң ықпалының бәрінен айырылып бара жатқандай. Әйтсе де, бағымызға орай мұның шешімін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы тапқандай болды. Басқасын былай қойғанда, бір арнаға тоғысқан қазақ халқына қайта ес кіргізгендей. Тіпті бабадан қалған мызғымас мұраның мейманасын тасытуымен де ерекшеленді. Айта берсек ащы ішектей созуға болады. Бұрындары да Ел президентінің жүйесін тауып айтқан жүйелі сөздері көптеген байлаулы мәселелерді жібек арқандай есілтіп қоя беретініне куә болғанбыз. Бұл жолғы тұжырымдамасының орны ерек, омыртқасы түзу. Тек оны қарашаның таным-қабілеті мен түйсігіне сіңдіру қажет. Ол үшін не істеу керек? Әрине халық сұранысына ие дүниелерге инедей болса да рухани дәрумен қосу.

Жоғарыда айтқанымыздай Елбасымыздың бастамалары біз арман еткен ұлы мұраттарға бір табан жақындата түскендей. Қазақ халқы экономикалық, саяси және рухани жаңғыру тұрғысында жаңа белестерге қол соза бастады. Дамыған елдердің алдында енді адамзат парасаты мен ақыл-ойының үздік жетістіктері арқылы додаға түсу, жаңа технологиялардың жетістіктері арқылы бағалану, озық ой нәтижесі арқылы көшбасшыға айналу міндетін бәсекенің кілтіне айналдырды. Әсіресе елдегі білім сапасының жаңа үлгісі жолға қойылғалы ұстаздар қауымында үлкен серпіліс пайда болғандай. Соған сай Елбасы біздің алдымызға «барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету» міндетін қойды. Ал, сол міндетті іске асыруға атсалысып жүрген ұйымдар мен мекемелерді бірі білсе бірі білмейді. Бүгін біз солардың арасында елдегі білім саласының өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген – «SKILLS ACADEMY» мекемесіне тоқталғанды жөн көріп отырмыз. Martebe.kz, Qaztest.kz, Ozattar.kz белгілі білім порталдарын өмірге әкелген жансебіл ұжымның жаңа жобалары көпшіліктен күні бүгінге дейін қолдау тауып келеді. Көбіне ұстаздар мен оқушылардың сүйікті сайттарына айналды десек артық айтпағанымыз болар. Себебі, мұғаліммен шәкірт арасындағы байланыстың нығая түсуіне, олардың

жетістіктерінің еселенуіне, оқытушыны бедел биігіне көтеруге бар әлеуетін салып келе жатқан ұжымның еңбегі зор.

Жақында аталмыш мекеме ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы негізінде жүзеге асырылып жатқан «100 жаңа есім» жобасы аясында «Ozattar — Қазақстан білім саласы үздіктерінің энциклопедиясын» жарыққа шығарды. Ондағы мақсат – республикадағы білім саласының дамуына зор үлес қосып жүрген үздік қызметкерлер мен озат оқушылардың есімдерін елге таныту. Әрі сол салада жүрген адамдарға үлгі ете отырып, олардың да осы дәрежеге жетуіне ықпал жасау. Тереңінен тоқталсақ.

Энциклопедия «Полиграфкомбинат» ЖШС («Атамұра» баспасы) баспаханасынан өте жоғары сапада, түрлі-түсті форматта басылып шығарылды. Бастама алғаш рет қолға алынса да Республикамыздың барлық өңірлерінен 250-ден аса білім беру мекемелері өтініштерін жолдап, 1500-ден астам педагог мамандар мен оқушы, студент жастар енгізілді.

Жинаққа әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Клара Қабылғазина пайымды пікірін білдіріп, жобаға жоғары баға беріп өткен.

– Қазақстанның білім саласындағы жетістіктері жылдан-жылға тәуелсіз мемлекет дамуына сай табыстарға жетіп келе жатыр. Оған халықаралық ұйым ЮНЕСКО мәліметтері дәлел бола алады: «2009, 2010 жылдары Республика білім дамуының ең жоғарғы индексі (ИРО) бойынша Жапония, Норвегия, Германиялармен қатар әлемнің үздік төрттігіне енген. Міне, осындай халықаралық сарапшылар анықтаған көрсеткіштер Қазақстан оқушыларының білім сапасының жоғары екендігін көрсетіп отыр. Осының бәрі Қазақстан Республикасы үкіметінің білімді дамытуға зор көңіл бөліп отырғандығының айғағы. Солардың арасында елдегі білім саласын жақсартуда айрықша еңбек сіңіріп келе жатқан «SKILLS ACADEMY» мекемесін айтуға болады. Құрамында Martebe.kz, qaztest.kz және ozattar.kz сияқты белді сайттары бар мекеменің жетістігі өз алдына бір төбе. Мысалы, Martebe.kz білім порталы 2016 жылы ҚР Тұңғыш Президенті қоры сыйлығын иеленіп, ең үздік қазақ тілді білім сайты атанса, осы атақты 2017 жылы Qaztest.kz интернет олимпиада сайты ұтып алды. Міне, бүгінде Ел Президентінің мақаласының жандануына жол ашатын «100 жаңа есім» жобасы аясында «Ozattar – Қазақстан білім саласы үздіктерінің энциклопедиясын» жарыққа шығарып отыр. Осындай игілікті іс жасап жатқан мекеменің алдағы уақытта да тартымды жобаларды іске асыруына, еліміздің білім саласының өркендеуіне үлес қоса берулеріне игі тілек білдіремін», – дейді профессор.

Энциклопедия ЖОО, орта арнаулы оқу орындары, жалпы білім беретін мектеп және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен мектеп оқушылары, студент жастардың еңбегімен қамтылған. Кітапқа еңбек өтілі 3 жылдан жоғары, яғни, ұстаздық өмірге сіңісіп үлгерген, тәжірибелі, білім саласының озаттары ұсынылған. Ең қызығы балабақша ұстаздарының да қалыс қалмауы. Тіпті, бұл жобаның интернетте сайты бар. Сайт өткен жылы Халықаралық «Жылдың үздік сапалы инновациялық жобасы» байқауында топ жарды. Алдағы уақытта жинаққа шыққан әрбір адамның сайтқа енгізілуін жоспарлап отыр.

Иә, қоғамдық мүддені жеке мүддеден жоғары қоя білу, Отанға деген риясыз сүйіспеншілік барлығы дерлік ар-ожданның құзырында. Бұл – ең қарапайым түсініктеме. Бойында мұндай сезімі бар адам қолынан келген ізгілікті жасайын деп жасамайды, оны жасай алмаса жаны жай таппайтын жағдайға түседі. Осы орайда жоба жетекшісі әрі «SKILLS ACADEMY» мекемесінің директоры Берікбол Төлегеннің ұстаз мәртебесін көтеру жолындағы іскерлігі қайран қалдырады.

– Бұл жоба бізге үлкен жауапкершілік пен сенім жүктеп отыр. Өкінішке орай, елімізде мұндай баспа өнімдері көп емес. Бар болса да жариялылық жоқ. Біз сол олқылықтың орнын толтыру үшін іске кірістік. Қай кезеңде де қоғамды екі бөліп қарауға болады. Бірі педагогтар, екіншісі оның алғыр шәкірттері. Ұстаздар ұлтты тәрбиелесе, білімді жас елдің ертеңі. Елбасымыз әр салада жетістікке жетіп жүрген жастардың көптігін, бірақ оларға насихат жетіспейтіндігін айтады. «100 жаңа есім» жобасының мақсаты сол. Біз де осы жобаға тамшыдай болса да үлесімізді қосқымыз келді. Жетістікке жеткен, елге үлгі боларлық ұстаздар қауымы мен ел үміті жастарды жинақтап, баспа өнімі етіп шығардық. Олар өте көп. Біз білімді азаматарымызды көп насихаттауымыз керек. Жинақтау барысында біраз қиындықтар туындады. Жауапкершілікті мойнымызға алғаннан кейін сапалы өнім етіп шығаруға бар күшімізді жұмсадық. Қуанышымызға орай, үмітіміз ақталды. Энциклопедия енген адамдардың барлығы кітаптың құрастырылуы мен сапасына дән риза. Әрі келесі жинаққа ұсыныстар түсуде. Алдағы уақытта тұтынушылардың пікірімен санасып, жақсы жобалар жүзеге асыруға тырысамыз», – дейді жоба жетекшісі.

Білу бар да, айту бар. Әлемдік өркениет көшіне қосылған ел ретінде дүние дидарындағы қым-қиғаш құбылыстарға пікір қосып, пайым илеуінен өткізу кімге де болса парыз. Біз жоба иесінің сөзіне тұздық бола кетер деген оймен, Байқоңыр қаласының №272 мектеп ұжымының пікірін назарларыңызға ұсынсақ.

– «Осы энциклопедияға Қызылорда облысы, Байқоңыр қаласындағы №272 мектептің 11 ұлағатты ұстазы енгізіліп, оның ішінде ғылыми-əдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасар – Данасұлу Жұмағазиева "Қазақстан ұстазы" төсбелгісімен марапатталды. 2015 жылдан бастап Байқоңыр қаласындағы барлық мектептер қазақстандық білім беру жүйесіне көшкен еді. Ал бұған дейін ресейлік білім жүйесімен оқыған болатынбыз. Сондықтан мұндай республикалық деңгейдегі кітапқа шығу біздің мектеп мұғалімдері үшін үлкен жетістік болды. Себебі бұрын тек қалалық деңгеймен ғана шектеліп қалатынбыз. Энциклопедияның арқасында Байқоңыр қаласының білікті мамандарының жетістіктері мен тəжірибелері Республикаға таралды. Сондықтан «SKILLS ACADEMY» мекемесінің ұжымына №272 мектеп атынан шығармашылық табыс тілей отырып, еңбектеріңіз жана берсін демекпіз!».

Бұл бір ғана пікір емес. Осы жобаға қатысқан қызметкерлерден келіп жатқан хаттардың санында есеп жоқ. Алғысын білдіріп, алдағы жаңалықтарын асыға күтетінін жазады.

Таяуда аталған мекеме тағы бір жаңа жобаның тұсауын кесті. Ол – ұстаздар мен білімді жастарға рухани дем, қуат беретін «Қазақстан ұстазы» және «Қазақстан үміті» төсбелгісі. Бұл ой қайдан келді дейсіз ғой. Мәселен, Жапонияда ұстаздарды көпшіліктен ерекшелеп тұратын төсбелгі шығарылған. Халық сол белгіге қарап ұстазды таниды, сый-құрмет көрсетеді. Біздің елде де оларға деген құрмет ерекшеленсе, сапалы білім деңгейінің артуына бұдан да зор үлес қосылатынына күмән болмас. «Қазақстан ұстазы» төс белгісін əрбір ұстаз кеудесіне таққанда өз қызметінің мəртебелі мамандық екендігін сезінеді, мұғалімді қоғамнан ерекшелеп, оған деген құрметтің артуына себепкер болады. Ал «Қазақстан үміті» төсбелгісі əр салада жетістікке жетіп жүрген оқушы, студент жастарға арналған. Жастар төсбелгіні кеудесіне тағу арқылы елдің үміті екенін сезіне алады, Отанға деген сүйіспеншіліктері оянып, елдің болашағы үшін қызмет жасауға ұмтылатын болады. Төсбелгілер ұстаздар мен жастардың күнделікті өмірде тағып жүруіне ыңғайлы етіп жасалған.

Әрине көпшіліктің қай сөзді қабылдап, қай сөзді қағып тастайтыны өздерінің дәргейінде. Десе де елдің ертеңі үшін мысқалдай болса да әрекет жасау әрбір азаматтың міндеті. Екіұшты пікір мен солқылдақ тұжырымнан қаша отырып, рухани жаңғыруды келешекке бастар алтын көпірге айналдыратын да осындай игі әрекеттер емес пе?! Шынында, біздің елде ұстаз қауымы жарнамаға мұқтаж. Сол мұқтаждықтың томағасын ағытып, мұғалім мәртебесін көтеруді басты назарға алған ұйымның шығар шыңы әлі алда. Біз «SKILLS ACADEMY» мекемесінің әрбір жобасы жаңғырудың жолбасы, жақсылықтың жаршысы болатынына сенеміз.

Мұхтар КҮМІСБЕК,

Қазақ үні