Шардарада алғаш рет «Safari Shardara» халықаралық фестивалі өтеді (видео)

Түркістан облысы Шардара қаласында алғаш рет «Safari Shardara» халықаралық фестивалі өтеді. 26 қазан күні Шардара су қоймасының  жағалауында ұйымдастырылатын шарада қонақтар Қызылқұм өңірінің табиғатымен кеңінен танысып, түрлі ойын-сауықтар мен спорттық жарыстарды тамашалайтын болады.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілетін фестивальде автокөліктердің құмдағы жарысы мен композициялық «Rock racing» шоуы ұйымдастырылады. Сондай-ақ қонақтар түйешілер жарысын, бүркіт пен қаршығаға құс ілдіріп, түлкі салдырған саятшылардың халықаралық сайысын тамашалайды. Бұдан өзге, мотобайкерлердің мотокросс өнері, желкенді қайық жарысы, академиялық есу түрі, жағажай волейболы мен футбол жарыстары, балық аулау сайысын өткізу жоспарланған.

Сонымен қатар, сайыпқырандар қазақша күрес, гір тасын көтеру, бөренеге өрмелеп шығу, қошқар көтеру секілді спорт түрлерінен бақ сынайтын болады.

«Safari Shardara» фестивалінде әйгілі өнер жұлдыздары мен ән-би ансамбальдері, цирк өнерпаздары мен акробаттар өнер көрсетеді деп күтілуде.

Дереккөз: Қазақпарат