"Зейнетақы қорындағы қаржы бес жылдан кейін таусыла ма?" - Ұлттық Банк жауабы

Қазақстанның Ұлттық банкі бес жылдан соң Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы төлеуге қаражат қалмайды деген ақпаратты теріске шығарды. Қаржы регуляторының айтуынша, БЖЗҚ-ға түсетін қаражат көлемі зейнетақыға төленетін мөлшерден төрт есе көп, деп жазады Sputnik.

Жұма күні қазақстандық БАҚ-тың бірінде сарапшының осындай пікірі жарияланды.

"Бұл мақала жұртшылықты бірден елең еткізгені белгілі еді. Өйткені бәріміз БЖЗҚ салымшыларымыз. Осы материалға байланысты Қазақстан Ұлттық банкі сарапшының пікірі ешқандай есепке негізделмеген, сол себепті білікті емес екенін мәлімдейді. Әйтпесе, бұл есептеулер ұсынылатын еді", — деп пікір білдірді Ұлттық банк.

Аталған мақаланы бас банк арандатушы деп бағалайды.

"Мақалада көрсетілген БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері туралы деректер мен олардың сараптамасы дұрыс емес, себебі бюджет жетіспеушілігін жою немесе экономиканың басқа да салаларын қаржыландыру мақсатында қордан қаражат бөлінбейді. Мақалада көрсетілгендей, 2017 жылы Ұлттық банк келісімін қаржыландыру үшін 2 триллион теңге сомада БЖЗҚ-ның зейнетақы активі пайдаланылған жоқ", — деп мәлімет берді Ұлттық банк.

Айта кетсек, БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері инвестициялау кезінде жай ғана пайдаланылып қоймай, әртүрлі қаржы инструментіне салынып, нарықтық шарттар және БЖЗҚ Инвестициялық декларациясында бекітілген талаптар мен шектеулерге сәйкес уақытылы қайтарылып отырады.

Бүкіл зейнетақы активі әр тұлғаның жеке басына бекітілген. Әр салымшы өзінің жеке зейнетақы шоты бойынша қаражатын қалаған уақытында қадағалай алады.

Қор қызметінің принциптері мен әрекет ету ережелері, сондай-ақ БЖЗҚ-ның соңғы көрсеткіштері сайтта ашық көрсетілген. БЖЗҚ уақытылы баспасөз хабарламаларын таратып отырады. 2018 жылдың 1 қазанындағы ахуал бойынша деректерді естеріңізге сала кетейік: БЖЗҚ зейнетақы активтерінің көлемі 8,9 триллион теңге. Портфель өсімі жыл басынан бері 1,1 триллион теңге болды, яғни 14,3%.

Қорға түсетін қаржы көлемі, яғни зейнетақы салымдары, жыл өткен сайын өсіп, қордың шығысынан – зейнетақы төлемдері мен аударымдары – төрт есе асып отыр.

"Төлемдердің жалпы сомасы жыл басынан бері 130,9 млрд теңге болды, оған сақтандыру ұйымдарына аударылған 15,5 млрд теңге де кіреді. Ай сайынғы төлемдер жыл басынан бері 3,7 миллиард теңгені құрады (бұл да 130,9 млрд теңге жалпы сомаға кіреді). Назар аударатын бір нәрсе – бұл төлемдер биыл зейнетке шығып, кесте бойынша зейнетақы алатын зейнеткерлерге төленіп отыр.

Бес жылдан соң қазақстандықтардың зейнетақы жинағына не болады?

БЖЗҚ есептеулеріне сүйенсек, алдағы бес жылда қорға түсіп жатқан зейнетақы жарналары өсуін жалғастырып, шығыс көлемінен артып отырады. 2019 —2023 жылдар аралығында, БЖЗҚ болжамы бойынша, зейнетақы жинағының жалпы көлемі 5 триллион теңге болса, ал төлемдер көлемі 1,3 триллион теңгеге ғана жетеді.

"Сонымен бірге қор портфелінің инвестициялық әлеуетін де ескерген абзал. 1 қазандағы ахуал бойынша соңғы 12 айдағы зейнетақы активтерінің түсімділігі БЖЗҚ салымшылары үшін 9%-ды құрады. Ал инфляция — 6,1%. Демек, осы уақыт аралығында инфляцияны есепке алғандағы БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерінің нақты түсімділігі 2,9% болды", — деп хабарлайды мамандар.

Бастапқы деректер бойынша 9 ай ішінде БЗЖҚ зейнетақы активтерінің түсімділігі БЖЗҚ салымшыларына шаққанда инфляцияның 3,3% мөлшерінде 7,75% болды. Сонымен, 2018 жылдың басынан бері БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша шынайы түсімділік 4,45% мөлшерінде қамтамасыз етілген.

Олардың ішінде қор портфеліндегі активтердің 30,9%-ы шетелдік валютамен қаржы инструменттеріне инвестицияланған. 1 қазандағы ахуал бойынша екінші деңгейлі банктердің қаржы инструменттерінің үлесінің БЖЗҚ зейнетақы активтеріндегі үлесі 17,9%. Олар бойынша орташа түсімділік —  жылына 9,8%. 2016 жылдың басынан бері банк секторының үлесі 33,9%-дан төмендеген.