Сағынтаевтың қазақшасын Досқожановтың орысшасы «құртты»

Премьер министр Бақытжан САҒЫНТАЕВТЫҢ Семейге сапары жергілікті атқамінерлердің жолына «погон төсеп» қарсы алуымен есте қалды. Яғни, Үкімет басшысы өтетін бағыттың ішіндегі сүбелісі – Абай көшесі бойына қаз-қатар полицейлер тізіліп, қоғамдық бақылау күшейтілгені қызық болды. Жай күндері өтетін терроризмге қарсы күрес мақсатындағы оқу-жаттығу шаралары мұндай дүрбелеңмен өтпейтін еді. Жарық бағандарынан да жиі орналасқан полицейлерге қарап, «Сағынтаевтың халыққа жақындығы осы болды ма, әлде, сауысқаннан сақтығы осы ма?» деген жұрт көкейіндегі сауал жауапсыз қалды.

Бұл туралы "Жас Алаш" хабарлады.

Хош, сонымен, қалада атқарылып жатқан істердің толымдысы – «Қарағайлы» ықшамауданындағы құрылыс нысандарында болып, басқа да өндіріс орындарында, Абай музейінде аялдаған Б. Сағынтаев негізгі жиынды Қаазақ гуманитарлық-инновациялық заң университетінде өткізді. Жиынды ашпас бұрын Бақытжан Әбдірұлы Семейге көктемнен бері неше мәрте «келейін деп келе алмай, жетейін деп жете алмай» қалғанын жасырған жоқ. Есесіне, бұл жолғы сапары президенттің су жаңа жолдауы шығуымен тұспа-тұс келіпті. Сол себептен де басқосудың негізгі өзегі жолдауда айтылған халықтың әл-ауқатын арттыратын жалақының көтерілуі жайында өрбіді.

Премьер-минстр өзімен бірге ерте келген Еңбек және әлеуметтік қорғау минстрі М. Әбілқасымова, Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев, Көлік және коммуникация министрі Ж. Қасымбек, Денсаулық сақтау министрі Е. Біртановқа кезек-кезегімен сөз беріп, министрлер өз салалары бойынша жетістіктері мен жолдауға қатысты атқаратын істерін ортаға салды.

Жалып, семейліктер Бақытжан Сағынтаевтың кездесуді бастан-аяқ қазақша жүргізгеніне дән риза болды. Алайда, жиын аяқталар тұста «Әжептәуір ән еді, пұшық шіркін қор қылдының» керін келтірген көріністің куәсі болдық. Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, «Азия» фирмасының президенті Әсемқан ДОСҚОЖАНОВ президент жолдауына қатысты ойын орысша білдіріп, жерлестерін бір қуантып, бір қызартты. Қуантқаны – қарамағындағы жұмысшыларының жалақысын арттыратыны болса, қызартқаны — Үкімет басшысының төрде еркін көсіліп отырған қазақ тілін орысша сөйлеп, босағаға түсіріп кеткені болды. Мұны елемеген сыңай танытқанымен, Сағынтаев қорытынды сөзінде: «Біз Семейге Абай, Мұхтар, Шәкәрімді тудырған топырақ деп келеміз. Жиынды қазақ тілінде өткізгеніміз-ұлы тұлғаларға деген құрметіміз» деп Досқожанов сияқтыларға ұлт құндылығын қастерлеуді жаймен ғана ұқтырып кетті.