АТЫНА САЙ АЛАШТЫҢ АЙБАРЛЫ АБЫЗЫ ЕДІ!..

  Атына сай Алаштың айбарлы абызы болған Шерағаң да өмірден өтті! Дүние жалған деген осы да!..  Алматыда бола алмай, тар жол тайғақ кешуде де таймаған, тайсақтамаған  тарланмен  қоштаса алмай қалғанымыз өте өкінішті!.. 2004  жылы  «Қазақ үні»  газетінің  (ол кезде «Жас қазақ үні» деп аталатын, ел ішінде “Жас қазақ”деп те айта беретін) Парламенттегі мемлекеттік тілге қарсы шыққан депутаттардың стенограммалық тізімін жариялауы қалғыған қазақ қоғамына жарылған сенсациялық бомба болды. Өйткені, қазақ тіліне қарсы шыққандардың 80-90 пайызы… қазақтар еді… Менің «Мемлекеттік тілді табанға таптаған Парламент таратылуы тиіс!»  атты мақалам елімізді дүр сілкіндіріп, Алматыда Жазушылар одағына жиналған зиялы қауымның Сенат пен  Мәжіліске Ашық хат жолдауына себепші болды. Оны көптеген баспасөз құралдары қатты қолдап кеткені белгілі. Сол кезде бізді елдің алдымен қолдаған біртуар қаламгер-қайраткер Шерхан Мұртаза еліміздің бас газеті «Егемен Қазақтанда»  «Өз еліндегі өгей тіл» атты мақала жариялап: «Кімнің кім екенін білгің келсе, тек «Жас қазақ үні» газетінен ғана оқып, біле аласыздар» десе, қаламгерлердің бас басылымы «Қазақ әдебиеті» газеті: «Жас қазақ үні» бір мақаласымен-ақ ұйқыдағы жұртты оятты» деп жазды. “Қазақ үні” газетінің сол бір ғана мақаласы парламенттің “Дауыс беру стенограммасы сыртқа шығарылмасын” деген ереже қабылдауына мәжбүр етті. Шерағаңның аталмыш мақаласы шыққан «Егемен Қазақстан» газетінің (басшысы ержүрек  Ержұман Смайыл ағамыз еді ол кезде) сол нөмірінің бірінші бетінде   белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы: «Бүгін «Жас қазақ үні» газетінен мен мүшесі болып табылатын «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиевтің парламентте қазақ тіліне қарсы шыққанын оқып, мен бұндай басшысы бар  партия қатарында бола алмайтынымды    мәлімдеймін»-деп, партиялық билетін лақтырып тастап кеткен болатын… Сол кезде Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиев  бастаған талай қазақ депутаттар төрт рет дауыс берудің төртеуінде де қазақ тіліне қарсы шыққан  еді… Бұл 2004 жылы болған оқиға еді… Кейін Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында  Дархан Мыңбай әкім болып жүргенде елге келген Шерағаңмен бірге тау  баурайында бір дастарханда кездесіп қалдық. Әсерлі әңгімесін тыңдап,  тартымды тағылымын көріп,  өнегесіне қанықтық. Сол кезде мен  кезінде «Егеменге» шыққан, біздің газетімізді елге ерекше таныстырған мақаласын еске салдым.   «Сіздің сол  «Кімнің кім екенін білгің келсе, тек «Жас қазақ үні» газетінен ғана оқып, біле аласыздар» деген сөзіңізді біз кімге барсақ та, қайда барсақ та, алдымызға салып  алып жүрміз.  Жас газетке жақсылап, жарқын жарнама жасап берген Сізге мың да бір рахмет!»-деп, алғысымызды айтқан болатынбыз. Шерағаң да рахметін айтып, ризалығын білдіріп жатты. Шерағаңды кейін  дарынды ақын, айтыскер Есенқұл Жақыпбектің қазасында, аста көріп сәлем бердік.  Өзі де денсаулығы сыр беріп жүргеніне  қарамастан, сонау Тараздан талантты інісінің мезгілсіз қазасына келіп, қоштасқанына ел разы болған еді. Кеше ғана қаралы хабарды есіткенде Шерағаңның 1992 жылы  Қазақстан Президенті  Нұрсұлтан  Назарбаевтың қатысуымен өткен үлкен  жиында  ұлттық мәселелерге өткір үн қатып, мемлекеттік тілдің мүддесін батыл көтерген  сирек  видеосын «Халықтың обалына қалмау үшін ҚАЗАҚ ТІЛІН орыс тілімен ТАЙТАЛАСТЫРЫП, ҚИЯНАТ  жасамау  керек!»  деген тақырыппен оқырман қауымға ұсына отырып, қаламгердің қазасына қабырғасы қайысқан бар қазаққа көңіл айтқан болатынбыз. Сонымен қатар осындай  тіл туралы тіліп айтқан  бірнеше видеоларын қатар жарияладық. Алаштың  арманын айтып кеткен  абызымыз Шерағамызбен қоштаса атырып,  алды пейіш, арты кеніш болғай дейміз. Иманы саламат болып, Алла алдынан жарылқасын деп тілейміз! Қазақ халқы тұрғанда, қазақтың жыры мен мұңын айта алған, атына сай айбарлы барыстың - Шерінің шерін тарқатып кеткен Шеріағамыз ешқашан ұмытылмақ емес! Қазыбек ИСА «Қазақ үні» газеті Qazaquni.kz