Айлығы 120 мың теңге отбасыларға "7-20-25" бойынша несие алуға болады

"Баспана" ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков 60 мың теңге айлық алатын әр отбасыға "7-20-25" бағдарламасы бойынша қалай пәтер сатып алуға болатынын түсіндіріп берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Алтынбеков "7-20-25" бағдарламасының пайыз жағынан жеңілдікті қарастыратынын, бірақ басқа тұстарынан алып қарағанда бағдарламаға келіп түсетін өтініштердің басқа несиелер сияқты қаралатынын айтады. Сондай-ақ, ол әлеуметтік желілерде бағдарламаға қатыса алмайтынын, оған себеп табысының бағдарламаға сәйкес болмауында деп жазып жатқан қолданушыларды байқағанын айтып өтті.

"Біздің мамандар қазақстандықтардың табысына қатысты сараптама жүргізді. Мысалы, екі адамнан тұратын отбасы құны 10 миллион теңге болатын пәтер сатып алу үшін бастапқы жарна ретінде 2 миллион ақша төлеу керек. Оларға бұл жағдайда 8 миллион теңге несие беріледі. Сонда ай сайынғы төлем 56 мың теңге болады. Сондықтан да екі адамнан тұратын отбасы мүшелерінің табысы 120 мың теңге болуы тиіс. Әрқайсысы орташа есеппен 60 мың теңге жалақы алса, онда олар пәтер алуы мүмкін", - деді Алтынбеков.

Оның айтуынша, екеуінің табысы тұрақты  болуы тиіс. Еске сала кетейік, мұның алдында Қазақстанда 10,75 пайыз мөлшерлемемен ипотека беріле бастағаны хабарланған болатын.