Астанада академик Зәки Ахметовтың 90 жылдық мерейтойына орай көрме ашылды

5 қазанда ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында аса көрнекті әдебиеттанушы-ғалым, әдебиет теоретигі, І дәрежелі Ш. Уәлиханов атындағы сыйлығының, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Зәки Ахметовтың 90 жылдық мерейтойына орай «Көркем сөздің зергері» атты академиктің жеке қолжазбалары мен хаттары және қолтаңбалы кітаптар топтамаларынан жинақталған көрменің ашылуы болып өтті.

Көрмеде академиктің қолжазбалары, зерттеу еңбектері, өз кезінде заманадастарына жазған хаттары, монографиялары мен баспа беттеріне шыққан мақалалары мен еңбектері, медальдары мен төсбелгілері және қолданған жеке заттары, ұстаздары, замандастары, шәкірттерінің ізгі тілек, лебіздері жазылған қолтаңбалы кітаптары қойылды. Атап айтар болсақ, ұстаздары мен замандастары С.Е. Малов, В. М. Жирмунский, Н.С. Смирнова, Б. Кенжебаев, М. Әуезов, Д. Қонаев, Л. Әуезова, М. Мырзахмет, М. Мағауин, А. Сейдімбек және т.б.

Іс-шараға С.Қасқабасов, Р. Тұрысбек, Ш.Бейсенова, А.Әлтай, С.Дүйсенғазы, Г. Ботантаева, М. Оразбек және т.б. қатысты.

Академиктің есімі біздің ғана емес, шет мемлекеттерде де таныс. Себебі, ол әдебиет теориясы мен өлең құрлысы саласының ірі маманы, ғылыми мектептің негізін салушы ретінде кеңінен танылған ұлы тұлға. «Қазақ өлеңінің құрлысы» атты іргелі теориялық еңбегі арқылы ұлттық әдебиеттану, ғылымында алғаш рет қазақ өлеңінің тарихи дамуындағы өшгеліктері мен құрлымын зерттеудің ғылыми жүйесін жасап берді. Бұл осы күнге дейін тек қазақ әдебиеті ғана емес, бүкіл түркітілдес әдебиеттер үшін құнды еңбегі болып саналады.