Әбдіжәлел Бәкір: Мемлекеттік тілде сөйлемейтін мемлекеттік билік - заңсыз билік, Исембаева ханым!

24 қыркүйек  күні Парламентте өткен Үкімет сағатына қатысқан Астана мен Алматы, Солтүстік Қазақстан мен Алматы облыстары әкімдерінің орынбасарларының ішінде тек Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевтан басқасының бәрі орыс тілінде сөйледі.

Парламентке келіп тұрып, өздерінің қалаған тілдерінде  сөйлеген облыс әкімі орынбасарларының бұл тілбұзарлығы Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлдың ашуына тиіп, оларға қатты ашуланды.

Осы кезде Мәжіліс төрағасының орынбасары, мемлекеттік тілге жанашыр болып жүретін  қазақтілді Гүлмира Исимбаеваның  үштілділік саясатын алға тартып, Ресей тілінде сөйлеген облыс әкімі орынбасарларына араша түсе қалғаны күтпеген жағдай болды.

Бұл туралы Қазыбек Иса өзінің "ҮШТІЛДІЛІКТІҢ МАҚСАТЫ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҚАЖЕТ ЕТПЕУ МЕ?" атты мақаласында егжей-тегжейлі жазған болатын.

Бүгін редакция поштасына экс-депутат, қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкірдің Г. Исимбаеваға жазған Ашых хаты келіп түсті. Мемлекеттік тіл мүддесін қорғауды басты бағыты деп білетін "Қазақ үні" ақпарат агенттігі аталмыш хатты еш өзгеріссіз оқырманға ұсынады.

Қазақстан Республикасы Парламенті

Мәжілісі Төрағасының орынбасары,

Мәжіліс депутаты Г. Е. Исимбаеваға

АШЫҚ ХАТ

Құрметті Гүлмира Естайқызы! Сіздің жақында Мәжілісте өткен Үкімет сағатында өз ұлтының тілін, мемлекеттік тілді менсінбейтін, Елбасымыздың Парламент пен Үкімет қазақша сөйлесін деген нақты тапсырмасын мойындағысы келмейтін қаракөз мемлекеттік қызметкерлер - екі облыс әкімдері орынбасарларының іс-әрекетін қызғыштай қорғап, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлдың сөзіне берген түсініксіз түсініктемеңіз азын-аулақ Парламенттегі депутаттар арасындағы этикетті білетін мені қатты ойландырып, осы хатты жазуға мәжбүр етіп отыр.

Сіздің басқа билік тармақтарына қарағанда ұлттық сипаты басым болуға тиісті Парламенттің, депутаттың болмысы мен мәртебесін біле бермегеніңізден бірнеше мәселе туындайды. Бірінші, мемлекеттік тілге байланысты Елбасының Сіздерге берген тікелей тапсырмасын елемеуіңізді қалай түсінуге болады? Екінші, Сіз «Әрқайсымыздың екі тілде, тіпті үш тілде сөйлеуге құқымыз бар. Мына азаматтардың барлығы да қазақ тілін білмейді деп айта алмаймын» деп шырылдап, әкім орынбасарларын қорғауыңызға не себеп болды? Үшіншіден, Сіз, бәлкім, депутаттықтың қызығымен жүріп, 1995 жылғы Ата заңның 7-бабындағы «1. Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі», сондай-ақ 1997 жылы Қазақстан Республикасындағы тiл туралы заңдағы «Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi» деген құқықтық нормаларды естен шығарып алсаңыз, кеңірек ойланып, есіңізге түсіріп көріңізші. Төртіншіден, мемлекеттің ең жоғары құқықтық күші бар Конституциядағы норманың жүзеге асуы міндетті, бұл - әлемдік тәжірибе, әлемдік қалып. Конституцияны сыйлай бермейтін қаракөздер, өзіміз. Бесіншіден, халықаралық стандарт бойынша, мемлекеттік тілде сөйлемейтін мемлекеттік билік заңсыз билік дегенді Сіздің де білгеніңіз артық емес.

Осыларды жан-жақты ойланып, Өзіңіздің тиісті қорытынды шығарғаныңыз әлдеқайда тиімді болар еді. Артық кетсем кешірерсіз. Мен де пендемін ғой.

Көріскенше күн жақсы болсын!

Сәлеммен 1995 және 1999 жылдары шақырылған

Мәжілістің депутаты, саяси ғылымдарының докторы,

профессор Әбдіжәлел Бәкір,

Қазақ үні