"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!



Омар Жәлелұлы: «Қайтсек Құдай қазақты жақсы көретін болады?

«Бай Құдай болғысы емес, Құдайға ұқсас болғысы келеді!»

-Омеке, біз қандай да болсын жанымызды қинаған сұраққа жауап іздесек Абай атамыздың кітабына үңілеміз ғой. Мен 2014 жылы Ақтөбеде ашқан «Қазақия» деген газетімнің маңдайындағы ұраны етіп хакімнің «Адам бол – мал тап! Адал бол – бай тап!» деген екі ауыз сөзін қойып едім, құрылтайшым «құлаққа түрпідей тиеді екен» деп қоймай жүріп алдырып тастады… Меніңше, ол сөздің өміршеңдігі кешегіден де бүгін өсе түскен секілді. Себебі, көше сыпырып жүрген жасы үлкендер мен базарда, вокзалда арба айдап жүрген жандардың ішінен сіз қазақтан басқаны таппайсыз. Жүрегім ауырады менің көрген сайын соларды…

-Қазақ сәлемін «мал-жаман аман ба?» деп бастайды. Мал дегеніңіз арабшадан аударғанда ақша, капитал ғой. Сонда сөздің алдында тұрған мал не үшін керек? Шәкәрім оған былай жауап береді: «Ыстық, суық, аштықтан сақтау үшін». Демек, адамның жанын сақтап қалу үшін екен. Адам баласының күллі ғаламның иесі Алла-Тағалаға жасайтын шүкіршілігі екі түрлі болады екен. Біріншісі – ауызбен айтқан шүкіршілік. Екіншісі – малмен жасаған шүкіршілік. Яғни, малыңмен, ақшаңмен, дүние-мүлкіңмен бөлісу. Жетім-жесірлерге, жарлы-жақыбайларға қайтарусыз көмек көрсету. Қазақ: «Ақыл – қайда? Ақыл – малда!» дейді. Мысалы, анаңыз ауырып жатыр дейік. Сіздің жаныңыз ашып отыр, емдетуіңіз керек, оған ақылыңыз жетіп тұр, ал, емдетейін десеңіз қас қылғандай қалтаңызда бір теңге ақшаңыз жоқ. Ондай құрғақ ақылдан кімге пайда? Мал бұл жерде адамның ақылының жүзеге асуының соңғы нүктесі, жарқын бір көрінісі болып тұр ғой. Ақтамберді жырау:

Бұлан да бұлан, бұлан сан, Бұланның санын оқ тесер.

Бұлаңдап жүрген жігіттің, жомарт қолын жоқ тесер, – дейді.

Біз – адамбыз. Малдан табатын тәннің пайдасын жоғарыда айттық – ыстық, суық, аштықтан қорғайды екен. Ал енді адам жанының малдан табатын пайдасы не? Адам бұ дүниеге өзіне азық жинауға келген. Азық жинау дегеніміз үш нәрсені – әділет, нысап, мейірім – жинаудан тұрады екен. Адам жаны біреуге жақсылық жасағанда семіреді. Яғни, мал сіздің адам ретінде жұртқа жақсылық жасауға, өзіңіздің адами болмысыңызды, бойыңыздағы адамшылық қасиеттеріңізді аша түсуге көмектеседі екен. Малыңыз болмаса сіз өзге мұқтаж адамға көмек көрсете алмайсыз, тек сөз жәрдемін ғана бере аласыз. Ол да керек, әрине. Малыңыз болса іспен көмек көрсетесіз және ол ісіңіздің сөз көмектен жақсылығы артық болып тұр. Исламда оны «қайыр» дейді. Көрдіңіз бе, мұсылманшылық тұрғыдан да сіз жақсылық, қайыр жасау үшін мал керек екен. Сыр бойында өмір сүрген Бұдабай ақынның артынан: «Нәпсің – жаман, боқ – жаман. Боқты жусаң кетеді, бәрінен де жоқ жаман!» деген сөз қалыпты деседі.

Сіз малыңыз болмаса, үнемі сол қалай мал табамын, яғни, тәнімді қалай аштықтан, ыстық, суықтан аман алып қаламын деген дене мәселесінің төңірегінен шыға алмайсыз. Адамдық ой ойлай алмайсыз, адам ретінде ешкімге жақсылық жасай алмайсыз. «Бірінші кедейлік – ойдың кедейлігі» деген сөз бар. Абай: «Дүниенің мағұмырлығы (толықтығы, молдығы) біртүрлі ақылға нұр беріп тұрады» дейді. Ақшаңыз мол болса мешіт салу, мектеп салу секілді ізгі ойлар келе бастайды сізге. Мүмкіндіктеріңіз кеңейеді. Әрине, егер сіз Алланың жолына түскіңіз келсе.

-Ал, тапқан малыңыз арам жолмен келген болса ше?

-Абай оған да жауап берген: «Арам жолмен тапсаң да малыңды балаңды оқытуға жұмсасаң – арам қылықтарың кешіріледі» дейді. «Иттікпен мал тауып, адамшылықпен жұмсаған бір қазақты көрмедім» дейді Абай. «Бәрі иттікпен табады, иттікпен айрылады».

Малы жоқ адам құнсыздана бастайды екен. Қалайша? Абай айтады:

Өз үйіңнен тоярға қолың қысқа.

Ас берер ауылды іздеп жүрсің босқа.

Бір аяқ қымыз бенен жілік берген,

Дереу сені жұмсайды бір жұмысқа.

«Жеті жарғы» бойынша адам құны жүз жылқыға теңестірілген екен. «Алты жақсы, жүз жылқы болған басы, бір табақ ас болады оның құны» дейді қазақ. Шәкәрім не дейді? Шәкәрім ашық айтып отыр:

«Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи,

Қазаққа көз сүзбестің қамы үшін жи.

Арың сатпа, терің сат, адалды ізде!

Адалдық пен ғибадат, ар үшін жи», – дейді.

Қорытар болсақ, адамның өзін адам ретінде сақталуының іргетасы мал болып тұр ғой. Малың жоқ па, адам емессің сен, өйткені сен, өзіңнің тәніңді сақтап қала алмайсың, ауруға ұшырайсың. Қазір ауруға ұшыраған қадам емделуге ақшасы жоқтығының ғана кесірінен өліп қалып жатыр ғой. Екіншіден, малың жоқ болса ұятыңды да сақтап қала алмайсың. Үшіншіден, ең бастысы да осы, адам ретінде Алланың саған берген адамшылық қасиеттеріңді де ашып, жүзеге асыра алмайсың.

-Өмірде адам жолы бар. Сонымен қатар, сіз де айтып отырсыз, Алланың жолы бар. «Алла-Тағала адамды өзімнің Жердегі орынбасарым ретінде жараттым» деген сөз де бар. Ал, біз көбіне «үйтемін, бүйтемін» дейміз-дағы, қасына «Алла бұйыртса, Құдай қаласа» деп қосып айтуды ұмытып кете береміз. Жаңағыдай артық кетіп, Аллаға жазып қалмас үшін әр ісімізді қайтсек Құдайға ұқсатып мінсіз етуге жақындайтын боламыз?

-Біз Құдайға ұқсауға міндеттіміз! Сондай болуға тырысуға міндеттіміз. Абай айтқан «болмасаң да ұқсап, бір ғалымды көрсеңіз» деген ғалымдарға ұқсап бағу арқылы біз Пайғамбарымызға (с.ә.с.) ғашық боламыз, оған ғашық болу арқылы Құдайды танимыз. Шәкәрім айтады:

Қояр ем мылжыңдамай сөзімді ұқса,

Қайтейін, сөзімді ұқпай діннен шықса?!

Аз да ұқсаң, бұл сөзімді анықтап ұқ,

Құдайдай болам деме! Құдайға ұқса!

-Бәрекелді! Атамыз жеріне жеткізе айтқан екен ғой…

-Қазақта «кедей бай болсам дейді, бай Құдай болсам дейді» деген сөз бар ғой. Біз соны дұрыс түсінбей жүрміз. Абай: «Құдайдай болсам» деген Құдай болу деген сөз емес, ол «Құдайдың соңында болмақ» дейді. Адам баласы қаттты қиналған кезінде Алла өзінің орынбасары екенін оның есіне түсіреді. Сіз біреудің орынбасары болуыңыз үшін сол басшыңыздың бойындағы қасиеттерге сіз де ие болуыңыз керек қой? Кез келген басшы өзіне орынбасар етіп, өзі жоқты жұмысты ақсатпайтын, бойындағы іскерлік, басқа да қасиеттері өзіне жетеқабыл адамды таңдайды ғой? Абай атамыз өзінің 38-қарасөзінде: «Алла-Тағала адамды жаратқан кезде өзінің 99 көркем есімін, өзінің сегіз сипатын беріп жаратқан екен» деп жазады. «Бірақ, олардың барлығы да әр адамның бойына шақтап берілген. Сол кішкентай қасиеттерді үлкейтсе, ол адам рауаж табады, оларды үлкейту сол адамның ыждаһаттылығымен болады» дейді.

Қазақта: «Сен өзіңнің құдайшылығыңды айтшы» деген сөз бар. Бұл сөздің сыртында қандай мағына тұр? «Өйткені, Құдай саған өзінің бойындағы қасиеттерін беріп жаратты ғой. Ол саған өзінің «Әл-Хақ», Ақиқат деген есімін берген. Ол сені өз есімін беріп, өзіне орынбасар бетіп жаратқан. Ендеше сен де сол Құдайша ақиқатты айтуға тиіссің, міндеттісің!» деген ұғым тұр. Біздің бойымызда сол ақиқатты айтуға берілген қасиет бар. Мынау он сегіз мың ғаламға ие болсын деп жаратқан бізді.

-Осы жерде мынадай сұрақ туады. Сіз – менің досымсыз. Бір істі қате істеп қойдыңыз. Мойнымыздағы 40 парыздың бірі ретінде қатеден сақтандыру үшін мен оны сізге айтсам, өзіңіздікін дұрыс көрген сіз маған ренжисіз. Не істемек ләзім?

-Адамның мінін айту керек. Себебі, мінсіз Құдай ғана. Шәкәрім «адам мінін айтудың үш шарты бар» дейді. «Сіздің оған деген махаббатыңызды сезсе, сен оны аяп, жаныңыз ашып айтсаңыз сізге ол адам ренжімейді». Тамам жанның мінін айт.

Жалған айтпай шынын айт!

Аяп, ішің жылып айт!

Адамды бастыр ілгері.

Достығың болсын күйгенің.

Сөккенің болсын сүйгенің.

Ащы тілмен тигенің.

Түзелсін деп міндері.

Сізге тек өзін-өзі танымаған адам ғана ренжиді. Адамда өзімшілдіктің екі түрі бар. Тәннің өзімшілдігі, эгоизм, ол тәкаппарлыққа алып барады. Қызғаншақтық, көреалмаушылдық, күншілдік, бәрі сол тәннің өзімшілдігінен шығады. Одан бөлек шын «өзің» бар, ол сенің жаның. Алладан келген. Оны

таныған адам, керісінше, мін айтқан адамның аяғына жығылады, құшақтап, сүйіп, алғысын жаудырады. Шәкәрім айтады:

Біреу маған атса тас,

Сүйіп, құшып болам мас.

Құдай жіберген ол көз бен қас.

«Ол досымды Құдай маған менің көзімді ашу үшін жіберген» деп тұр ғой сонда, көрдіңіз бе?

«Әулие болғың келсе жүрегің таза болуы тиіс!

-Соңғы кезде «өзіміздің Тәңіршілдік дініміз бар, біз сонымен жүруіміз керек» деген әңгіме көп айтылып жүр. Бұның аты не – адасу ма? Жоқ әлде аз қазақты тағы бір жікке бөле түсудің амалы ма? Сонда ол өзі дін бе, жоқ, сенім түрі ғана ма?

-Шоқан Уәлиханов: «Қазақтар бұрын құдайын Тәңірі деп атаушы еді, енді Алла деп атайды. Ата-бабаларының әруағын «оңгон» деген, енді әруақ деп атап жүр» деп жазады. Көрдіңіз бе, аты өзгерді, заты өзгерген жоқ, сол қалпында қалды. Қыз баланы «қыз» де, «девушка» де, басқа де, одан оның заты өзгермейді ғой? Жаратушының да аты бірнешеу болғанмен, болмысы біреу ғана.

Қазақ та көп халық секілді көпқұдайлық кезеңді басынан кешірген. Және ол өзгелерден әлдеқайда бұрын өтіп кеткен. Көп құдайдың бәрі кетіп, жалғыз ғана Тәңірі қалды. «Ұра берсең құдай да өледі» деген сөз бізге сол қадым заманнан жеткен естелік. Шоқан Уәлиханов: «Ислам келгенде қазақ оны қабылдауға дайын тұр еді» дейді.

-Жалпы, дін дегеніміз түпсіз тұңғиық екені білгілі. Оны бәрімізге бірдей терең білу шарт емес шығар. Ендеше, адастырмас, жеткілікті деңгей деп нені айтуға болады? Өз басым діни сабақтың орнына Мұхаммед пайғамбардың өмірбаянын оқытар едім…

-Жалпы, дінді қатты күрделендірмеген жөн. Шәкәрім: «Жанға көнсем, жан иесі Тәңірге де көнгенім» дейді. Жанның бар екеніне сенсем, оны Жаратушының бар екеніне де сенуге тиіспін деп отыр ғой.

Есті сол жан – Тәңір әсері,

Тазалықты тұр сұрап.

Қазақ бұрын неге мықты, күшті халық болды? Өйткені, қазақ өзінің жанын тап-таза етіп ұстай білді. Адамның жаны қашан кірлейді? Адам дүние қуғанда, дүниеге махаббаты ауғанда. Мәшһүр-Жүсіп атамыз: «Қазақтың бәрі жақсы, бәрі әулие болған. Неге? Олардың жүректері таза болған, жүрегінде дүниеге деген махаббаты болмаған. Кәзіргілер ит өлген жерге барып оқып келеді. Бірақ, қанша жерден ғалым болсаң да, дүниеге деген махаббатың болса, Алла-Тағала сенің жүрегіңдегі ілімді денесінің бір жерінен айдап шығарады. Өйткені, ғылым жарқырап тұрған күн іспеттес, ал, дүниеге деген махаббат бұлт іспеттес, бармақтай бұлт шығады да, күннің сәулесін жауып қалады» дейді.

«Уәли» деген сөз Құранда көп жерде кездеседі және «уәли – Алланың досы» деп аталады. Ал, әулие – уәли сөзінің көпше түрі.

Ал, Шәкерім үшін әулие деген кім?

Жүрегі таза адамдар,

Зұлымдықтан амандар.

Қиянатсыз надандар,

Әулиеден кем емес!

Демек, қазақ үшін «әулие» оқыған, кеудесі ғылым-білімге толған адам емес, таза адам. Ол етікші де болуы мүмкін, аңшы да болуы мүмкін. Қазақта «ол өзі бір әулие адам» деген сөз бар. Алла-Тағаланың: «Кім де кім жүрегін таза ұстаса, қырық күн таңсәріде тұрып маған ғибадат қылса, мен оның жүрегіндегі даналықты аузынан бұлақ етіп ағызамын» деген уәдесі бар екен… Негізі, ілім-білім жүректе тұрады ғой шүпілдіп. Сол себепті Абай:

Жүректің көзі ашылса,

Хақтықтың түсер сәулесі.

Іштегі кірді қашырса,

Адамның хикмет кеудесі, – деп жазған ғой.

Әулиелік көп оқығандықпен келмейді! Әулиелік іштегі кірді тазарту арқылы келеді. «Қиянатсыз надандар – әулиеден кем емес!» деп отырған жоқ па Шәкәрім? Сауатсыз, надан, бірақ, құмырсқаның мұрнын қанатпайтын таза. Шәкәрім ары қарай бұл ойын былай жалғастырады:

Сыртқы сөзің шын болса,

Ішің толған жын болса,

Жүрегіңде мін болса,

Айтқан сөзің ем емес!

Шәкәрім тағы айтады ғой:

Тәспі, сәлде, жайнамаз,

Тастамасаң қыс пен жаз,

Жүрегің болса тайғақ саз,

Сопысынып қылма наз!

Немесе Абай айтады:

Имамдар ғибадаттан сөз қозғаған,

«Ғұсниза мен иманды білді» ойлаған!

Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай,

Сыртын қанша жуса да іші оңбаған.

-Абай мен Шәкірімнен айтылмаған сөз қалмаған екен ғой өзі… Омеке, әулие тақырыбына сәл тоқтаңқырап кетейікші. Бүгін сәл әруақты айтсақ «ширк» болып шыға келетін болдық қой. «Алпамыс батыр» жырында: «Әзіреті Қаратау, әулиенің кені еді» деген жолдар бар. Байбөрі де Бабай Түкті Шашты Әзиздің басына түнегенде, әулие келіп аян бермей ме? «Сексен сегіз сәруар, тоқсан тоғыз мың машайық, бір жерге бәрі жиылды, мен де тұрдым ішінде» демей ме? Әруақтың Алла мен адам арасындағы дәнекер екенін неге бұлар жоққа шығара береді?

«Алла ақылды аз берді» деме, оны көбейту өз қолыңда!

-«Әруақ» деген сөздің өзі «әр-рух», яғни, рухтар дегенді білдіреді. Құранда бірнеше жерде «біз сендерді пәк рухпен сүйіншіледік» дейді. «Мұхаммед, адамдар сенен рухтар туралы сұрайды, біз саған олар туралы аз мәлімет бердік» дейді. Неге аз мәлімет? Өйткені, ол Алланың хикметі. Тірі адамның да әруағы болады. «Оның әруағы көтеріліп кетті» дейді ондай кезде. Шәкәрім: «Рух дегеніміз мінсіз таза ақыл, Мінсіздің ісі шын мақұл»» дейді. Сонда адамның рухы, әруағы қай уақытта көтеріледі? Егер адам өзінің нәпсісін тыя білсе. Рух үш нәрседен тұрады: ең үстінде – ақыл, одан төмен – жан, ең астында – тән. Үшеуі біріне бірі матаулы тұр. Шәкәрім айтады:

Жан тыныштық таппайды жан қамын жеп,

«Тән бұзылса тұрағым бұзылар» деп.

Ыстық, суық, аштықтан сақтау үшін,

Зұлымдық пен айланы қылады сеп.

Айуан – етін, терісін, сүт пен күшін,

Ара – балын, су – балық, жер – жемісін,

Құс та өз жүні менен жұмыртқасын,

Сақтап жүр ғой дейсің бе адам үшін?

Олардың да ойы бар өсіп-өнбек.

Кімге оңай өмірі өтіп, оты сөнбек.

Адамның таза ақылы жанды қимай,

Амалсыз қиянатқа ол да көнбек.

Ақыл-дағы бере алмай адал көмек,

Зұлымдықпен адамды адам жемек.

Ақ пейіл, мейірім мен әділет жоқ,

Осы болар таза ақыл өлді демек, – дейді…

-Біреуге Алла ақылды аз береді, біреуге аямай көп береді. Өмір шындығы – осы. «Ақыл – Алладан, білім – өзімнен» деп мақал шығардым. Қайтсек ақылды боламыз?..

-Мәшһүр атамыз былай дейді? «Алла біреуге тарыдай, біреуге дорбадай, біреуге арбадай ақыл береді. Бірақ, сол тарыдай ақылдың өзң иесін қоршылықтан құтқарады». Қазақ біреуге қапа болса «тарыдай ақылы жоқ» дейді. Базарда арба сүйреп жүргеннің тарыдай ақылы болмай тұр ғой… Тарыдай ақылды қалай көбейтуге боладыға келсек, Шәкәрім былай дейді:

Ақыл деген денеге егулі дән.

Суарса егер оған да бітеді жан.

Ақылдың өсіп, өніп, көркеймегі,

Көрген, білген нәрседен ғибрат алған!

Мәшһүр атамыз бұны қарасөзбен былай айтады: «Тарыдай ақылды өсіру үшін тасы өрге домалап жатқаннан қалай өрге домалап жатқанын үйрен. Ісі кейін кетіп жатқанның да неге кейін кетіп жатқан себебін біл. Мәне, сол кезде сенің де ақылың өседі».

-Жаманнан жақсы туды, Құдай қасиет қондырды дейміз. Бұл қалай?

-Құдайдың бермегенін тартып ала алмайсың. Алла – шебер. Шеберлігі шексіз! Қасиет екі түрлі – кәсіби және туабітті (жібіли). Абай: «Біреулер «Алла ақыл бермеді, қайтем» дейді. Алланы біреуге беріп, біреуге бермейтін алақол саудагер дей ме екен! Ақылдың болмысы – жібіли. Ал, оның өсуі, көбеюі – кәсіби!» дейді. Адамның өз қолында деп тұр ғой.

Терең білім деген бар. Құрандағы «Бақара» сүресінде «Терең білімді Құдай қалаған адамына береді» деген.

«Мен Құдайдың сүйген құлы болғым келеді. Не істеуім керек?»

-Ал, мен Құдай қалаған адам болғым келеді. Ол үшін істеуім керек?

-Ол үшін сіздің бойыңызда Құдай сүйетін қылық болу керек. Абай: «Алланың 99 көркем атын жатта. Жаттап қоя салма. Алланың аты Ғәділ ме – сен де әділ бол. Алланың аты Рахым ба, сен де рахымды, мейірімді бол. Алланың аты Ғафу ма, сен де кешірімді бол. Әне, сол кезде сен не тілсең, Құдай саған сұраған тілегіңді беретін болады» дейді.

Дана қазақ айтады: «Құдай бұған қалай береді, бойында Құдай сүйер бір қылығы жоқ!» дейді…

Шәкәрім айтады:

Қояр ем мылжыңдамай сөзімді ұқса,

Қайтейін, сөзімді ұқпай діннен шықса?!

Аз да ұқсаң, бұл сөзімді анықтап ұқ,

Құдайдай болам деме! Құдайға ұқса!

Алланың пендесіне рахымы мол.

Сен де өзіңдей адамға мейірімді бол.

Ол жаратты, сен-дағы жаратып бақ.

Барды бардан шығарсаң болады сол!

«Құдайға ұнау үшін сен де жаратушы болуың керек. Жаңа зат, жаңа технология жасауың керек. Айырмашылығың – Алла жоқтан бар жасайды, ал, сен бардан бар жасасаң жетіп жатыр. Құдай сол кезде сені жақсы көретін болады» деп отыр ғой Шәкәрім атамыз…

Біз кәзір құлшылықты намаз оқудың деңгейіне түсіріп жібердік. Шәкәрім тағы айтады: «Құдайға жағу үшін Құдай секілді жаратушыға айналуымыз керек» дейді. Құдайдың бізге берген қасиеттерін жүзеге асыра бастағанда біз Құдайға ұқсай бастаймыз. Шәкәрім:

Тәңірің – таза, болып бақ сен де кірсіз!

Әлің келсе менен қаш, бол да мінсіз.

Бұл – «Құдайдай боламын!» дегенім емес,

Сөзімнің түбін ұқпай деме «дінсіз!»

Керексізді қылмайды Иең тағы.

«Мен де сөйтем» деп қара сен де тағы.

Бір Құдайың сабырлы, сен де шыда.

Бәрі осылай ойласаң арғы жағы!

Мұны білсең боласың сүйікті құл,

Құлы болсаң Қожаңның сүйгенін қыл!

«Құдайға құл боламын» деп ойласаң,

Құдайға құл болудың мәнісін біл!

Құдайға құл болудың мәнісі не? Мәнісі – Құдайдың өзі секілді Жаратушы болу. Зат жасап шығару. Бардан бар жасап шығару. Міне, құл болудың мәнісі! Біз оны адамға құл болумен шатастырамыз да жүреміз. Абай: «Ғибадаттың барлығы шүкіршіліктен басталады. «Құдайдың бергенін танымайынша сенің ғибадатың толымды болмайды. Құдайдың жолы – шексіз жол. Сен не істесең де, мал ізде мейлі, ғылым ізде мейлі, жұртқа зәредей болса да жақсылығым тисін деп істемей, бас пайдаңды ғана ойлап істесең шектеулі жолға түсіп кеттің. Әрбір ісіңе бір жақсылықты негіз тұтып істесең сонда ғана шексіз жолға түсесің» дейді.

-Биылғы сөздің алды болды бұл – титтей де болсын бір нәрсе жасап шығару және барлық ісіңде жақсылықты негіз етіп алу – қазаққа бүгін ең керек, ең жетіспей жатқан нәрсе осы еді. Осы әдемі тілек-ақылмен сұқбатымызды аяқтайық. Аман болыңыз!

Сұхбаттасқан Өмірзақ Ақжігіт,

Қазақ үні




Осыған ұқсас:

  1. Омар Жәлел: Жыл өтпей ажырасып, ай өтпей «талақ» айтатындар көбейді
  2. «Бүгінгі балалар ұялмайды, себебі, олар ұялмайтын шешелерден туып жатыр»

Facebook арқылы пікір жазу



1 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. gulmira 15 Қазан, 2018, 11:59

    Əр қазақтың жүрегіне иман берсін!

Пікір жазу үшін тіркеліңіз немесе кіріңіз.